№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылманың қарбызы экспортта

Жайылманың қарбызы экспортта


Сыр өңірінің брендіне айналған Жайылма қарбызының алғашқы легі экспортта. Көшті ерте көктемде өнімді көшеттеп отырғызған шаруалар бастады. Әзірге Жайылманың қарбызы елдің солтүстік өңіріне жол тартты. Таудың мөлдір суынан нәр алып, жусанды далада пісіпжетілген өнімді өз аймағымыз ғана емес ресейліктер де асыға күтетіні рас. Бұл жолы көшті бастаған «Шоқымазар» шаруа қожалығының шаруалары болды.
Биыл тау беткейдегі ауылдардың хал-ахуалы жақсы деуге болады. Өйткені су қоймаларының арнасы толды. Мәселен, Жайылмадағы Жиделі, Ақүйіктегі Көлтоған, Жаманбай батырдағы Бесарық су қоймаларында диқандар мен шопандар пайдалануға жетерлік тіршілік нәрі бар. Бірлік ауылы тұсындағы агроаймақ пен Жайылманың қарбызы да аяқсудан тарықпайды. Былтыр су болмай, керіз суын пайдаланып, мол өнім алған дала еңбеккерлерінің шаруасы ширады. – Жалпы аудан бойынша қарбыздың көлемі 2000 гектарға жетті. Оның ішінде, жайылмалық диқандардың үлесі 500 гектардан асады. Негізі ауылдағы 14 шаруашылық басымдықты бақша өніміне, соның ішінде қарбыз егуге бұрып келеді. Биылғы өнімнің бастамасы нәтижелі басталды. Жерге еткен еңбек жерде қалмайды, – деді ауданның бас аграномы Даурен Абибуллаев. Кезінде қарбыз шырынын шығарамыз деп сүйінші сұраған едік.
Бұл жоба іске асқанда қалбырдағы анар шырынын сораптағандарға нағыз брендтің «көкесі» болар еді. Ауылдың жас-кәрісінің таң атқаннан кеш батқанға дейін еңбек етіп, қарбызын ауыл-аймақ былай тұрсын, шетелге экспорттап жатқанына көп болды. Солардың бірі Шерехан Шідербаев есімді ақсақал отбасылық кәсіпті дамытып, балалары мен немерелерін еңбекке ерте араластырып жүр.
Айтуынша, бұл – әрі кәсіп, әрі тәрбие.
– Отбасымызбен жаз бойы егін егеміз, осылайша тер төгіп, отбасымызбен оның жемісін көріп келеміз. Алғашқы өнімді елордамыз – Астана қаласына жібердік. Енді қалған өнімдерді де осылай рет-ретімен экспорттаймыз. Ресейге, одан әрі басқа да елдерге қарбызымыз сатылуда. Биыл су жеткілікті деңгейде болып жатыр, топырақтың құнары мол. Аймақ басшысының қолдауымен арнайы жер алдық, осылайша кәсібімізді кеңейтіп отырмыз. Мұны шаруаларға жасалған зор мүмкіндік деп білемін, – дейді қожалық төрағасы.
«Шоқымазар» шаруа қожалығында барлығы 2223 гектар жер бар. Оның ішінде, жайылымдық жер – 2158 гектар, суармалы жер – 65 гектар. Шаруалар биылғы жылы ерте егу тәсілімен (пленка жаппасы) егілген қарбыз өнімін 10 шілдеден бастап нарыққа шығаруда. Иә, еңбектің ақталғаны шаруаның шабытын ширатып, еңбегін еселей түседі.
Биылғы науқан осылай басталды, қырманның басында жүрген ауыл әкімі Әліби Саттаров бізбен байланысып, бірер күнде дала базарының қазаны қайнайтынын жеткізді.
Жалпы аудан орталығында пұлданып жатқан қарбыздың ішінде жайылмалық өнімнің дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Өнімнің дәмді болуының да өзіндік құпиясы бар. Қарбыз егетін жер ауысып отырады. Яғни жылда жусандықты ашып, қорамен қоршалап, су жеткізіп, жерді өңдеп, дақыл дәні жерге тасталады. Ол жерге жусандық қайтадан шығуын күтеді. Бұған 10 жылдай уақыт кетеді. Бұл – өзгермейтін қағида. Себебі жусан жерді минералды қорек заттарымен байытып, тыңайтады. Екіншіден, қарбыз тау өзенінен келетін таза судан нәр алады. Былтыр жауын-шашын мен қардың аз түсуі Сыр беткейдегі диқандарға ғана емес, тау беткейдегі егіншілерге оңай тимегені анық. Қоймалардағы аз жиналған судың салдарынан көкөніс, бақша дақылдарының көлемі азайып кету қаупі туындаған болатын. Бұл жай тіршілігін егін шаруасымен түзеп келе жатқан елді мекендердің, әсіресе Жайылма ауылының тұрғындарының уайымын қалыңдатты. Бірақ тығырықтан шығудың жолын білетін ауыл еңбеккерлері дәстүрлі ізді қайта жалғап, керіз жүйесін уақыт оздырмай іске қосып, нәтижесінде жақсы өнімге қол жеткізді. Шыны керек, ауылшаруашылығы саласында тың идеяның дені Жайылмадан шығады. Рас, бірер жыл бұрын қарбыз егудің тәсілдерін жетілдіріп, шырын шығаруды жолға қойды. Былтыр керіз жүйесін іске қосып, жақсы жетістікке жетті. «Бір ауыл – бір кәсіп» қағидатына сай келетін Жайылма округінде жаңалық аз емес, тек уақыт керек. Бақша өнімдеріне басымдық беретін ауыл халқы соңғы жылдары мал азығын дайындауға бет бұра бастады
. Өйткені, ауылдың екінші тынысы мал шаруасымен тығыз байланысты, сондықтан Сыр беткейге мойын бұрғаннан ауылда өнім өндірген тиімдірек дейді жайылмалықтар. Айта кететіні, жайылмалық қарбыздар Сыр нарығына жақын күндері шығады. Егін басынан көрші аймақтың шаруалары қарбызды тиеп әкетуде. Қорыта айтқанда, сәуірдегі сәтті тіршілік тамызға дейін бір толас таппайды. Ырысты арттырған ауылдағы ағайын несібесін Жер-Анадан еселеп алуға ниетті. Жаздың әр күні – жылға азық. Осы қағиданы ұстанған диқандардың қажырлы қызметі көңіл қуантады. Ең бастысы, адал еңбектің өтеуі бар, бұл шаруаларды ширатып, үлкен дем беретіні анық.

Әли ЖАРЫҚБАЕВ

09 тамыз 2024 ж. 819 0