№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылмадағы шаруалардың жай-күйі

Жайылмадағы шаруалардың жай-күйі


Биыл тау беткейдегі ауылдардың хал-ахуалы жақсы деуге болады. Өйткені, су қоймаларының арнасы толды. Мәселен, Жайылмадағы Жиделі, Ақүйіктегі Көлтоған, Жаманбай батырдағы Бесарық су қоймаларында диқандар мен шопандар пайдалануға жетерлік тіршілік әрі бар. Бірлік ауылы тұсындағы агроаймақ пен Жайылманың қарбызы да аяқ судан тарықпайды. Былтыр су болмай, керіз суын пайдаланып, мол өнім алған дала еңбеккерлерінің шаруасы ширақ. Аудан әкімі бастаған делегат алдымен Жайылмаға жол жүріп, дала тынысын бағдарлап қайтты.


Ауылдың брендісіне айналған қау­ын-қарбыздың нақ «отаны» осы Жайылма екенін екінің бірі біледі. Тіпті, көршілес Ресейдің кейбір өңірлеріне танымал болған ауыл тұрғындары жер жыртып, дән тастауға кірісті. Аудан басшысы айтпақшы, ауылшаруашылығы сала­сында тың идея туындаса, ол – Жай­ыл­мадан шығады. Рас, бірер жыл бұрын қарбыз егудің тәсілдерін үйрету, шырын шығаруды жолға қойды. Былтыр керіз жүйесін іске қосып, жақсы жетістікке жетті. Бір сөзбен айтқанда, қара жерге тамшы тер төгіп, нағыз еңбектің майданы осында қайнайды.
Алдымен іскер топ Мұхтар Оспанов басқаратын «Сенім» шаруа қожалығының жоңышқа егу жұмыс­тарын көрді. Инженерлік жүйеге келтірілген жер бабында тұр, жақын күнде су көзін ашу көзделуде екен. Мұхтардың қос қолқанаты ұлдары, бірі – трактор рулінде, екіншісі – тұқым дайындауды атқаруда. Бұл жолы 100 гектар жаңа жоңышқаның жағдайын білуді мақсат тұтты.
– Су тапшылығын ескеріп, жоңышқа егісін көбейтуді жөн санадық. Себебі, ауыл тұрғындарының басым бөлігі мал ұстайды. Оған қажетті жем-шөпті сырттан тасымалдаған тиімсіз болып отыр. Осы мәселе шешімін тапты, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
– Руслан Рүстемұлы, менде бір ұсыныс бар. Қазір су қоймасында су жеткілікті. Бірақ маусымның аяғына қарай су проблемасы басталады. Көлден су тартуға насос бөлінсе құба-құп болар еді, – деді ауыл әкімі Әліби Бөкеев.
– Тиісті ұсыныс берілсе, ол шешімін табады. Су тапшылығы жағдайында қосымша су қорымен қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы арқылы 8 дана, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 11 дана су насос қондырғыларын алу көзделуде, – деді аудан басшысы.
Одан соң екі жылыжай жұмысын көріп, шаруалармен дидарласты. Бірі – «Шоқымазар», екіншісі – «Қансейіт» шаруа қожалығының жылыжайы. Қожалық төрағалары Самат Дүй­сенбаев пен Уәлихан Пазылов қарбыз тұқымын жылыжайда өндіру үстінде екен.
– Жылыжайдың тиімділігі қан­шалықты? – деді аудан басшысы.

– Осы жылыжай арқылы уақыттан ұтамыз. Мысалы, өнген тұқымды топырағымен егіс алқабына отыр­ғызамыз. Сонда мерзімінен 20 күн ерте піседі. Жалпы шығымы жақсы, сондықтан кеңейтуге мүмкіндік іздеп келеміз, – дейді Самат Маратұлы.
Иә, жылыжай кешенімен жұмыс жасау өте тиімді тәсіл. Әсіресе, маусымдық жұмыстардан бұрын басталған іс ертерек жиналып, та­бысты болады. Өнімнің бітік шығуы, көктемгі егістің нәрі – су екені рас, жоғарыда айтқандай бұл ауыл Жиделі су қоймасы суландырылады.
– Су мәселесі өте өзекті. Оны сарқа жұмсау емес, сапалы жұмсауға халықты бейімдеу керек. Үнем дегенді үнемі назарда ұстамасақ болмайды, – деп қалды аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков.
Қазір су қоймасында 7,6 миллион текше метрдан астам су жиналыпты. Судың деңгейі қалыпты жағдайға келіп, артығы латокқа құйылып жатыр.

– Аудан бойынша 200 гектар картоп егісін егуді жоспарладық. Әрине, әртараптандыру бағытында. Бұл өз халқымызды жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ендеше, осы жоспарға Жайылма ауылының үлесі аз болмау керек, – деді аудан әкімі.

– Негізінен, тұрғындар өз ауласына егу үрдісін ұстанады. Ол 37 гектар шамасында. Мұнан бөлек 3 гектар картоп, 2 гектарға сәбіз егуге жер бөлдік. Суды үнемдеуге байланысты жоңышқаға басымдық берілді, – деді ауыл әкімі.
Жалпы, ауылдың көктемгі жұмыс­тарының бір күндік көрінісі осындай. «Бір ауыл – бір кәсіп» қағидатына сай келетін Жайылма округінде жаңалық аз емес, тек уақыт керек. Бақша өнімдеріне басымдық беретін ауыл халқы соңғы жылдары мал азығын дайындауға бет бұра бастады. Өйткені, ауылдың екінші тынысы мал шаруасымен тығыс байланысты, сондықтан Сыр беткейге мойын бұрғаннан ауылда өнім өндірген тиімдірек дейді жайылмалықтар.

Әли ТЕМІРБЕК
06 сәуір 2022 ж. 490 0