№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Табиғатқа араша тұрудың таразысы ауыр

Табиғатқа араша тұрудың таразысы ауыр

Туған жерден түлеп ұшып, әр салада толағай табыстарға жетіп жүрген жаңақорғандықтар аз емес. «Ғылым – теңіз, білім – қайық» демекші, ғылым саласында өзіндік сүрлеуін қалыптастырып, адамзаттық дамуымызға айқын қолтаңбасын қалдыра білген азаматтың бірі – жерлесіміз Нұрғали Ақылбеков. Ауылда туып-өссе де, тынбай ізденуінің арқасында асқар шыңды бағындырып, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген ғалыммен желі арқылы сұхбаттасуға мүмкіндік алдық.
– Сіздің небәрі 6-сыныпта оқып жүрген кезіңізде физика мен химияға құштарлығы оянуына не себеп болды?
– Өзім туып-өскен Қожамберді ауылындағы №162 орта мектепте оқып жүргенімде физикаға қызығушылығым ерекше артты. Осы пәннен дәріс беретін ұстазымның сабағы маған қатты ұнайтын. Осы жолды таңдауыма ұстазымның еңбегі зор. Сол кісінің сабақты қызықтыра өткізгені, мектепте арнайы жабдықталған сынып болмаса да, жоқтан бар жасап, сабақты тәжірибе негізінде түсіндіруі алған білімді санада шегелеп, ғылымға шынайы бет бұрдым деп ойлаймын. Негізі, кезкелгеніміздің бойымыздағы бейімділіктің көзін ашатын мұғалім ізденісі. Мектепте алған білімімнің нәтижесі жоғары оқу орнына барғанда алдымнан шықты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Химия» мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолымды осы оқу орнында «Физика-химиялық талдау әдістері» зертханасының инженері әрі жетекші маманы болып бастадым. Сол уақыттарда химия ғылымы саласында ізденіп, академиялық магистр дәрежесін алдым. Одан әрі Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің «Органикалық химия» мамандығының аспирантурасын ойдағыдай аяқтадым.
– Сіз ойлап тапқан препарат әлем ғалымдарының назарын аударғанын білеміз. Осы жөнінде нақтырақ тоқталсаңыз.
– Татарстандағы Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінде ғылыми кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап, химия ғылымдарының кандидаты атанғаннан кейін жаңа жобаны қолға алдым. Алдымен заманауи физикалық-химиялық талдау қондырғыларының қыр-сырын меңгеріп, бактерияларға қарсы 10 есе биологиялық белсенділік көрсететін препарат ойлап таптым. Бұл жұмысым сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, Ресейде патенттеліп, халықаралық дәрежеде мойындалды. Осы бағыт бойынша әлі де жұмыс жасап жатырмын. – Қазір Арал теңізінің экологиялық ахуалы әлемді алаңдатып отырғаны рас. Осы ретте Арал өңірінің ластанған топырағын тазарту бойынша қолға алған жобаңыз жайында айтсаңыз... – Біздің облыстың аумағы мұнай, газ, уран және басқа да табиғи ресурстарға бай. Оларды тиімді пайдалану қашанда өзекті. Мұнаймен ластанған топырақты зерттеу жұмысы ұдайы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейінді зертханасында жүргізілуде. Зерттеу барысында заманауи үлгідегі физика-химиялық құрылғылар қолданылады. Біз ресейлік ғалымдармен бірлесе отырып тек мұнаймен ластанған топырақты зерттеп қана қоймай, оны биопрепараттардың көмегімен тазартып, қайта қалпына келтірудің жолдарын қарастырдық. Осы мәселе аясында «Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырағының мониторинг әдісін және ыстық климат жағдайында биопрепараттарды қолдану, тазарту технологияларын жасау» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысымыз сәтті іске асты. Жалпы, мен айтар едім, табиғатқа араша тұрудың таразысы өте ауыр.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғалым» номинациясы бойынша лауреаты атандыңыз. Осы жолдағы жетістіктерге тоқталсаңыз...
– Шарль де Гольдің «Әрқашан ең қиын жолды таңдап алсаңыз, сіз бәсекелестермен кездеспейсіз», – деген тәмсілі бар. Кез-келген жетістікке жету жолында маңдай терді төгуің керек. Ізденіс керек. Сонда ғана адал еңбегің бағаланады. Сонда ғана жұмысыңның жемісін көресің. Еңбек жолымда физика және химия саласы бойынша инновациялық жобалар дайындап, халықаралық көрмелерге қатысып келемін. Мәселен, осыған дейін Қарағанды қаласында өткен «ExpoCAMP. Karagandy-2013» жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесіне, содан соң «Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми жетістіктерінің көрмесіне», 2016 жылы Қазан қаласында өткен Н.Лобачевский атындағы ғылыми жұмыстар конкурсына, тағы сол сияқты көрмелерге қатысып, жүлделі оралған кездерім көп. Осы еңбектерім үшін Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын және «Сыр Үміті» облыстық жастар сыйлығын алдым. С
онымен қатар, 2017 жылы Италияның Милано Мариттима қаласында өткен Жас Химиктер Симпозиумына қатыстым. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өнертабыстық және инновациялық патенттері түріндегі 80-ге жуық ғылыми еңбегім бар. Әрине, менің жасаған жұмысымды жоғары бағалап, еткен еңбегімді құрметтеп марапатқа лайық көргендерге алғысым шексіз. Барлығы да тынымсыз еңбекпен келетін дүниелер. Мақсат қандай да бір марапат мінберіне шығу емес, ғылым саласында жасаған жұмысым кәдеге асып жатса, басты ниетім осы.
– Жасаған жүйелі жұмыстарыңызға көңіліміз толды. Енді отбасыңыз жайында айтсаңыз.
– Ата-анам ауылда. Отбасында бес баламыз. Әрқайсысы өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Өзім де шаңырақ көтердім. Өмірлік жарым екеуміз Алланың берген перзенттеріне тура тәрбие беруге, жақсы ата-ана болуға тырысып келеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет. Ғылыми жетістіктеріңіз көп болсын.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
13 шілде 2024 ж. 172 0