№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Академиктің тартуы

Академиктің тартуы


Еліміздегі белгілі ғалым, қазақ зиялыларының көшбасында жүрген, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Бірлесбек Қаниұлы Алияров өзінің кіндік қаны тамған қасиетті жеріне келіп, өзі оқып білім алған алтын ұясы – №169 Н. Илялетдинов атындағы мектепте жас ғалымдармен кездесіп, дәстүрлі шәкірт –ақысын табыстады.
Ғылым саласының дамуына өштестей үлес қосып жүрген тұғыры биік тұлғаның жеткен жетістіктері мен бағындырған шыңдары өскелең ұрпаққа үлгі, Мәскеудің ғылыми ортасын мықтылығымен мойындатып,  54 жасында ағылшын тілін, 61 жасында компьютерді меңгеріп, іскерлігі мен еңбекқорлығының арқасында жетістіктерге жеткен академик ағамыз Бірлесбек Қаниұлы:
– Біздің оқушы кезімізде осы мектеп өте еңселі көрінетін еді. Бүгін қарасам, шап-шағын, әрі көңілге сондай ыстық. Бірге ойнаған достарымның біразы арамыздан алшақтағандықтан ба, жыл өткен сайын, қадірі арта түседі екен, – деді кездесу кешінде.
Сексеннің сеңгірінен асса да, туған өлкесіне тәу еткелі келген жан жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп, сұрақтарына жауап берді. Әңгіме барысында «Отансүйгіштік дегенді қалай түсінесіздер?», – деді тыңдармандарға қарата. Әркім өз түйсігінше жауап қатты. Сәл үнсіз тұрып, «Отансүйгіштік деген өз мамандығыңды жетілдіріп, қоғамға пайда беру», – деп, ғылым мен білімді дамытудың ел үшін қаншалықты қажет екенін тәптіштеп түсіндірді.
Ғылым – ел көшін алға сүйрейтін күш. Осы күш болмаса, қоғам дамымай, бір орында тұрып қалады. Әлемнің озық елдерінің көшіне ілесу үшін біздің ғалымдарымыз да күнделікті өзін-өзі дамытып, ізденісті тоқтатпауы қажет. Мұны Бірлесбек Алияровтың салиқалы сұхбатынан аңғардық.
Айта кетерлігі, академик өзі білім алған мектебінің жас ғалымдарына жыл сайын шәкіртақы тағайындап келеді. Биыл 25-ші рет ұсынған шәкіртақыға №169 Н. Илялетдинов атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Эленора Сабырханова ие болды. Аудандағы физика пәнінің үздік ұстазы Шынаргүл Қожақұловаға ізденіс жолындағы жетістіктері үшін ұстазақы берілді. Академиктің өз қолынан марапат алған Эленора Сабырханова:
–     Болашағымды физика-математика саласымен байланыс­тырып отырмын. Енді ғана ғылымға бет-бұрған бізге сіз секілді тәжірибелі академиктен қолдау алу да зор қуаныш. Сіздердің артқан сенімдеріңізді ақтап, елге өлшеусіз үлес қосатын ғалымдардың бірі боламын деп сенем. Мені үнемі қолдап, ақыл-кеңесін аямайтын аяулы ұстаздарыма, достарыма және мектеп басшысына алғыс айтамын, – деді жас өрен.
– Елімізде отанын сүйген, еңбекпен өнген өзіңіздей жандар көп болсын. Алтыннан қымбат уақытыңызды елге арнап, туған жеріңізге келіп, жастарды қолдауыңыздан-ақ адамгершілік асыл қасиеттеріңізді көреміз. Туған жердің әрбір түлегіне сіздің өмір жолыңыз да, ғылымдағы дара жолыңыз да үлгі, – деді ағынан жарылған мұғалім Шынаргүл Қожақұлова.
Қос бірдей оқушысы «Елбасы» медаліне ие болған мектептің жаңалығы көп. Оған академиктің жастарға беріп отырған қолдауы себеп болса керек-ті. Шәкіртақыға ие болған талай жастар елдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Осындай шәкіртақы иегері Перизат Бердиеваның бағындырған белесі бір төбе. Бүгінде жас ғалым ғылымы дамыған Норвегия мемлекетінде ғылым докторлығын қорғауда. Осының өзі Бірлесбек Алияровтың ізбасарлары қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Мақпал ПАТЕНОВА
27 наурыз 2021 ж. 568 0