№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » “Жаманбай батырдағы” жылыжай

“Жаманбай батырдағы” жылыжай


Жаңақорған жұрты жылыжай өндірісіне бейімделе бастады. Жыл он екі ай жұмыс істеп, екі маусымда өнім алуды көздеген диқанға мемлекеттен де қолдау көп. Өткен жылы мемлекеттен қолдау тауып, қайтарымсыз грант алған Бейбіт Алшынбековтің жылыжайымен танысып, аяқалысын байқап көрдік.


– Негізі бұл кәсіпке толық көңіл бөлгеніме жыл тола қойған жоқ. Жылыжайдың іргетасын 2023 жылы қалап, биыл алғашқы өнімдерімді жинай бастадым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен несие алып, көлік жуу және кілем тазартуға арналған шағын цехты іске қостым. Шүкір, ойымдағыдай өнім алудамын, – деп бастады сөзін кәсіп иесі.
Ашығын айтсақ, Бейбіт Алшынбеков бұл кәсіп түрін бала кезден үйреніп, тәжірибе жинақтаған. Қазір отбасылық бизнеске айналдырып, нәпақасын жер-анадан теріп жүр. Осыдан бір жыл бұрын қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, шағын ісін ілгерілетуге мүмкіндік алыпты. Енді 2,5 пайыздық несие алып, ауылға ең қажетті кәсіпті дөңгелетіп отыр.
– Шыны керек, жылыжайдың ауданда көп болғаны дұрыс, егер өнім көбірек өзіміздің базарға жол тартса, онда сауда да қызып, өнім құны да төмендейді. Әйтпесе, қыстың күні және ерте көктемде нарықтағы қияр мен қызанақтың бағасына жағаңды ұстайсың. Сондықтан осы кәсіп түрі көп қолдауды қажет етеді. Бір өкініштісі, бұл істі бастағандар көп өтпей күтіміне шыдай алмай тастап кетіп жатады. Әрі сату жөнінде қиындық туындайды. Мен мәселен, екі күнде 20 келіге дейін қиярды жинап, дүкендер мен сауда үйлеріне пұлдаймын. Егер осынша тауар бірнеше күн тұрып қалса әлбетте шығынға батамыз. Көбісі осы мәселеден қорқады, менде де осы қиындық кездескені рас, алайда, келешекте тұрақты тұтынушы тауып нақты нәтижеге жеткім келеді.
– Қиярдың қандай түрін өсіресіз?
– Қазір климатқа үйретілген сырты бүдір қияр өсірудемін. Бұл сорттың түбі испандық болғанымен біздің елде де көптеп өсіріледі. Қиярды үзіп алған күннен бастап бір аптаға дейін балғындығын сақтайды. Осы аралықта сатып үлгеру керек. Тұрғындардың көбі қиярды қысқы салатқа, банкіге бүтіндей басуға алып жатады.
– Жылына қанша рет өнім аласыздар?
– Ашығын айтсам, ерте көктемде егіп, сәуір айының бел ортасынан асқаннан бастап екі ай өнім алуға болады. Шілдеге дейін жерді демалдырып, тазалап, қажетті минералдар беріп, тағы егіп, тамыз айының соңында жинауға болады. Біздің қиярымыз 90 күнде жеміс береді. Әзірге жаздық маусымды реттеудеміз, қаржы көзі артып, мүмкіндігіміз кеңейіп жатса қыстық өнімді іске қосамыз. Ол кезде аудан нарығының сәл болса да төмендеуіне үлес қосамыз.
– Кәсіп аясын кеңейтуде қандай жобаларыңыз бар?
– Кәсіпкерлікте бір талапты ісіңе екінші бір ұмтылысың тірек болып тұрады. Бұдан бұрын «Ауыл аманаты» аясында 2,5 пайызға несие алып, ол қаржыға көлік жуу мен кілем тазартуға арналған шағын цехты іске қостым. Бұл да тұрақты табыс көзіне сеп, – дейді ол.
Біздегі жылыжайлардағы негізгі көкөністердің қатарында қияр, құлпынай, шалқан, салат жапырағы секілді маусымдық өнімдер бар. Олар тек аудан нарығында ғана емес, көрші­лес Түркістан, Шымкент, Ақтөбе облыстарының базарына жөнелтіледі. Сапаға мән беретін болсақ біздің жерден өндірілген өнім ешқандай химиялық қоспасыз, таза табиғи тауар болғандықтан өзге өңірлерден сұраныс үзілмейді.
Көзіміздің жеткені, жылыжайдың жаздық жүйесінің өзіне әжептеуір қаржы кететінін білдік. Қыстық маусымына да аз қаражат кетпейтіні белгілі. Құрылысынан бөлек суару жүйесі, еңбеккерлер ақысы, тыңайтқыштар бағасы қалтаға едеуір салмақ. Сондықтан болар, көп кәсіпкерлер жылыжайын жабуға мәжбүр. Оның бір ғана себебі, көбіне жылыжай кәсіпшілігі өзін-өзі ақтамайды. Расында, шағын кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту үшін мемлекет тарапынан қолдау тетігі кеңейтілуі керек.

Мақпал МАРҚАБАЙ


18 маусым 2024 ж. 218 0