№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

№85 (8796) 25

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Кәсіптің көзін тапқан...

Кәсіптің көзін тапқан...


Бұрын екі қолға бір күрек таба алмай қиналған ауыл тұрғындары қазір мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде туған жердің төскейін төрт түлікке толтыра бастады. Әсіресе, жастардың дені ата кәсіпті дөңгелетіп, нәпақасын табуға ниетті. Оған мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдік те аз емес. Қайтарымсыз қаржы мен төмендетілген пайызбен берілетін несие. Оның ішінде асыл тұқымды қара мал мен жылқыны баптайтындар көп. Қожакентте тұратын Дулат Жүмәділлаұлы да жылқы басын көбейтіп, шағын бизнесін ірілетпек. Жас кәсіп иесінің қызметін көріп, шаруасын сұрап қайттық.


Бүгінде Қожакент ауылында мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Біз сөз еткелі отырған жылқы жануарының саны жөнінен өзге округтермен салыстырғанда көші ілгері. Дулат та әкеден берілген азын-аулақ бас малдың санын көбейтуге бел байлап, еңбекке ерте араласады. Алдымен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грантта оқып, 584 400 теңге қайтарымсыз қаржыға ие болады.
– Бағдарлама аясында оқуды кеш ойлансам да, ойым жүзеге асты. Алайда, шағын ісімді ірілетуге бұл жеткіліксіз еді, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы несие алуды ұсынғандар болды. Бірден білек түріп, құжаттарды облысқа жөнелдім. Маусым айында мал басын көбейтуге жасы 37-60 ай аралығындағы асыл тұқымды емес 10 бас аналық жылқы малын сатып алу мақсатында несие алдым. Содан қазір шаруам жаман емес, барлығы 30-ға жуық мал басы қорада тұр, – деді Дулат.
Жалпы жылқы малының санын көбейтіп, төлдерін сату және жылқы қымызын пұлдау әжептеуір табыс әкелетіні белгілі. Себебі, соңғы кездері саумал мен қымызға сұраныс артпаса кеміген емес. Сондықтан берекелі істің көзін тапқан Дулат Амантайдың қауырт қызметі құптарлық.
Жаңақорғанда төрт түлік саны жыл сайын арта түсті. Мәселен, 2020 жылы мүйізді ірі қараның басы 72 мың, уақ мал 303 мың, жылқы 18 мың болса, 2021 жылғы көрсеткіш бойынша мүйізді ірі қара 76 мыңға, уақ мал 321 мыңға, жылқы 21 мыңға жеткенін көрсетеді. Осыдан-ақ, ата кәсіптің керегесі кеңіп, табысы толайым екенін көруге болады.
– «Көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе, бағымдағы мал төлдеп, өнімін өткізсек, өсім көбейсе, өзгеге де жұмыс тауып береміз. Мал төлінен өседі емес пе, алдағы уақытта бағымдағы малдың ішінен сұрыптап алып, басын көбейтеміз бе деп отырмыз. Өңірде жалпы етке деген сұраныс мол. Сондықтан мал баққан малшы қауым өнімдерін қиналмай өткізері анық. Оның үстіне курортты өлкеде ет тағамдары жылдың қай уақытында болсын қажет, – дейді ол.
Оның айтуынша, мал жарамды болу үшін қоражай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, жылқы малына ерекше күтім керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Сондықтан, азаннан кешке дейін қора-қопсыны тазалап, уақытылы азықтандырып тұратын кәсіп иесі бала-шағасын бейнет сүйгіштікке баулып келеді. Даладағы егісін, өрістегі малын да баптап отыр. Жемін сатып алып, шөбін өздері дайындайтын қожалық қазір отбасымен бірге күн-түн демей несиеге алған жылқыларын күтіп, бағуда.
– Ауыл азаматтары атакәсіпті қайта жандандыруға ниетті. Себебі, мал шаруашылығын дамытуға мемлекет басымдық беріп отырғаны белгілі. Мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланған тұрғындар төрт түлікті көбейтіп қана қоймай, ет, сүт бағытындағы экологиялық таза өнімді нарыққа шығаруды жоспарлауда. Жалпы, бұл бағдарламаның тиімділігі ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек ұстап, азаматтық жауапкершілігін арттыруға септігін тигізіп отыр. Отбасылық кәсіпті дамыту жолында жүрген жанның бірі Дулаттың бұл бастамасы берекелі, – деді ауыл әкімі Елеусіз Жиенхожаев.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
15 қыркүйек 2021 ж. 561 0