№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайын қалай? жылыжай

Жайын қалай? жылыжай

Жұртшылықты жыл он екі ай көкөніспен қамтып, көптің күнкөрісін қанағаттандырып отырған кәсіпті меңгерудің өз машақаты бар. Біз аудан төңірегінде осы кәсіптің тынысымен танысып, күрмеулі мәселелеріне көз жеткіздік.


Ауданда кәсіпкерлік мақсатта тіркелген 12 жылыжай бар. Оның 5-і ғана өнім беруге қауқарлы. Оның ішінде тұрақты өнім беріп отырған жылыжайлар – «Сыр табиғаты» ЖШС, «Шахрух» жеке кәсіпкерлігі, «Ақдидар», «Құлахметов», «Ордакент» шаруақожалығын халық танығалы қашан. Бұл кәсіпкерлер ауылшаруашылық мақсаттта ең аз пайызда несие алып, ісін дөңгелетіп келеді. Олар қияр, құлпынай, шалқан, салат жапырағы секілді маусымдық өнімдерді өсіріп, нарыққа шығаруда. Жаңақорған жерінен өндірілген өнім Түркістан, Шымкент, Ақтөбе облыстарының базарына жөнелтіледі. Айта кетейік, біздің жерден өндірілген өнім ешқандай химиялық қоспасыз, таза табиғи тауар болғандықтан сұраныс толастамайды.

Соңғы екі жылда Өзгент ауылындағы «Шахрух» шаруақожалығы еңбекқорлығымен аяққа тұрып келеді. Ол осыдан 3 жыл бұрын 556 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алғандардың бірі еді. Биыл қыс мезгілінде қияр мен құлпынай өсіріп, алғашқы табысын көрді. Біз осы жылыжайға табан тіреп, қазіргі күйін көріп, еңбектің еш кетпегеніне тәубе еттік. Ауыл жанынан 10 соттық жерге жылыжай салған Шахрух Махаметқазиевты қызу еңбек етіп жатқан сәтінде кездестіріп, сұхбат алған едік.

– Жылыжайымызда бірінші маусымда қиыр мен құлпынай өндіріп, екінші маусымға қызанақ, шалқан ектік. Қазір қызанақтар гүлдеп жатыр, сондықтан ылғалдылықты сақтап, жылу мөлшерін қадағалап отырмыз. Мамыр айында бір тоннадай қызанақ нарыққа шығады деген үміт бар. Тұрақты клиенттерім бар, көбіне Алматы қаласынан сатып алушылар көп, – деді кәсіпкер.

Жылыжайдағы қызанақ пен шалқанның жайқалған жапырағына қарапақ, аса күтім жасалғаны байқалады. Ауылдағы 10 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып, күндік ақысын төлеп отыр екен. Жұмыс тәртібіне қызыға зер салдық. Бағбандардың төрт-бесеуі қолына су сепкішпен, жеміс сала бастаған қызанақтың түбін суарып жүр. Біреуі қызанақ сабағын сынып кетпесі үшін арнайы қондырғыға бекітсе, бірі аспалы жіп даярлауда. Қызу тіршілік қайнап жатқан жылыжайда ылғалдылықты анықтайтын құралдар орнатылған. Кәсіпкер алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесіне көшуді мақсат еткенін жасырмады. Себебі, тамшылатып суару арқылы суды да, еңбек қолын да үнемдеп, қаржы жағынан шығын азаяды. Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, жылыжайды дамыту үшін заманауи үрдіспен өнім беріп отырған ірі кәсіпкерлікке агротурлар ұйымдастыру маңызды. Осы кәсіпті меңгерген агрономдармен, ғалымдармен, ірі кәсіпкерлермен басқосулар мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылса, жас кәсіпкерлер көкейлеріндегі сауалға жауап алар еді. Шахрух Махаметқазиев осы істі бастар алдында Түркістан облысындағы үлкен жылыжайда жұмыс істеп, тәжірибе жинапты. Көзбен көргенін көңіліне тоқып, өзінің туған ауылына келіп, ісін ашты. Тәжірибе бар болғанның өзінде, бірнеше мәселеге тап болғанын жасырмады.

Жоғарыда сөз еткендей, аудандағы саусақпен санарлықтай ғана жылыжайдың өзінде қарқынды қарекет етуге мүмкіндік жеткілікті емес. Оған басты себеп, жылыжай құрылысына қажет материалдарының қымбаттауы, жылу қазандығын орнатудың мәселесі, жұмыс қолын жалдау құнының да көтерілуі секілді өзекті мәселелер тұралатып тұр. Өткен жылы мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржыға ие болған 4 жылыжай жұмысын әлі бастамаған екен. Соның бірі Ақмешіт көшесіндегі жас талап Нұрлыбек Асылханның қаңтарылып тұрған жылыжайының жайын сұраған едік.

– Өткен жылы қайтарымсыз қаржыға ие болдық. Қаржы қолымызға тигенше қыс басталды. Көктем шыға бере құрылысын бастап, жаңалаттық. Ішкі жұмысын аяқтауға жақындадық. Жылу қазандығын сатып алдық, әлі жылу құбырын жүргізу қажет. Ашығын айтқанда, құрылыс материалдары уақыт жаңарған сайын өсуде. Қысқы маусымға дейін қосымша қаржы көзін қарастырып, бітіріп алсақ деген ниеттеміз, – деді кәсіп иесі.

Расында, бір жылыжай салу үшін қыруар қаржы қажет. Құрылысынан бөлек, суару жүйесі, еңбеккерлер ақысы, тыңайтқыштар бағасы қалтаға едеуір ауыр салмағын салады. Сондықтан болар, көп кәсіпкерлер жылыжайын жабуға мәжбүр. Өткен жылы «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» шаруақожалығы жұмысын тоқтатты. Оның бір ғана себебі, шаруақожалық өзінің шығынын өтемеген. Расында, шағын кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту үшін мемлекет тарапынан қолдау тетігі аз емес. Түсінгеніміз, қымбатшылық шаруаларды қысып тұр. Қайтпек керек?! Осы салада жүйелі жұмыс жасап жүрген «Сыр табиғаты» ЖШС-нің директоры Амантай Сарбасовтың пікірін білдік.

– Жылыжай бабтау үшін тәжірибе қажет. Осы салаға толық мамандану керек. Ұлттық университеттің ғалымдарымен бірлесе отырып, қандай дақыл егуді, қандай сорттарды таңдау керектігін білу маңызды. Ыстық пен суыққа төзімді жылыжай соғу үшін құрылысына кететін шығынды мемлекет толық мойнына алу керек. Өз ауласында егіп отырған жылыжайларды жандандыру үшін әр кәсіпкердің мұқтажын зерделеп-зерттеп, шығынын өтеудің жолын табу керек. Қазіргі уақытта қайтарымсыз қаржылар алған шаруалар жұмысын тиянақты орындай алмай жатқанының басты мәселесі осы, – дейді ол.

ТҮЙІН. Жаңақорғандағы жылыжай жағдайы осылай. «Бірінің ауы жоқ, бірінің бауы жоқ» дегендей жоқтан бар жасап жүр. Ал, экономикасы дамыған елдердегі «ақылды жылыжайы» жобасы біздің өңірге қашан келетіні белгісіз. Біз өнімін тұтынып жүрген Өзбекстан мен Қырғыстанның шаруалары «цифрлы технологиялы жылыжайдың» арқасында Орта Азия мен Африка құрлығы арасында өз нарығын жүргізуде. Экономиканың түп қазығы ауылшаруашылығы десек, ауыл өнімдерін экспорттамай әлемнің озық отыздығына ену екіталай.

Мақпал МАРҚАБАЙ
26 сәуір 2023 ж. 893 0