№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қожамбердідегі қуаныш

Қожамбердідегі қуаныш


Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен келіп, Қожамберді ауылдық округіндегі №162 мектептің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Тарихи сәтке куә болған ауыл тұрғындарының көңілдері шат-шадыман. Ұстаздар мен оқушылардың қуанышы қойнына сыймай жүр. Себебі, елді мекен тарихындағы ең маңызды, ең ауқымды нысан ашылды.
Қожамберділіктердің қуанышымен бөліскен облыс басшысы:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әкімдердің алдына 2020 жылға дейін үш міндет қойған еді. Біріншісі, үш ауысымдық мектепті 2015 жылы түбегейлі шештік. Екіншісі, 2016 жылы экономикалық күрделі ахуалға қарамастан апаттық жағдайдағы мектептерден құтылдық. Үшіншісі, «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұның бәрі жастар жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін жасалуда. Білімнің кәсібилігінің арқасында алда тұрған заман шақыруларына дайын болып, мақсатына жетуге мүмкіндік алуы тиіс, – деді.
Қоғамдық кеңес төрағасы Аронрашит Жапенов ауылдастарының атынан заманауи мектеп ғимаратының бой көтеруіне жағдай жасаған Елбасыға алғыс білдіріп, нысанның лентасын қиды.
Одан кейін облыстан келген делегация мектептің материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов заман талабына сай салынған білім ордасы соңғы технологиялармен жарақтанғанын айтты. Тігін және ағаш өңдеу шеберханасы, спорт және мәжіліс залы, асхана мен кітапхана, мультимедиялық сынып бар. Мұндай мүмкіндіктердің бірде-біреуі ескі мектепте болған емес-тұғын.
Қонақтар спорт залдағы оқушылардың дайындығын көрді. Сосын мәжіліс залында болды. Онда домбыра үйірмесінің оқушылыры Құрманғазының «Адайын» орындады. Одан кейін кітапханаға барды. Кітапханашы Гүлназ Әлібекова шығармашыл жастармен таныстырды. Өз кезегінде, 9-сынып оқушысы Нұртілеу Асылтұрсын Адырбек Сопыбековтің «Бастауын», 4-сынып оқушысы Ерасыл Ақбай Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқып берді.
Ауылдастарының қуанышына ортақтаса келген әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаевқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:
– Көрдіңіз бе, сіздің ізбасарларыңыз өсіп келеді.
– Әрине.
– Қаланың мектептерінен еш кемдігі жоқ. Мұндай мектептерді көргенде, өзіңде оқушы болғың келеді...
– Білім мен ғылым салтанат құрған ХХІ ғасырда білім саласына ерекше көңіл бөлу қажет. Себебі, ең тиімді инвестиция білім беру саласына салынған қаржы. Міне, осындай жауапкершілікті терең түсініп, заманауи мектептердің бой көтеруіне мән берудесіз. Сізге ауылдастар атынан алғыс айтамын. Мектептен білікті, білімді жастар шығатына сенімдімін, – деп жауап қатты жазушы.
Мемлекет басшысы үш тілділікке басымдық берді. Расында, ағылшын тілін білу заман талабы. Ал, тілдерді мектеп қабырғасында меңгерудің артықшылығы көп. Сондықтан, облыс әкімі бастаған делегация мультимедиялық сыныпта болды. Онда ағылшын тілінің мұғалімі Жанар Есенқұлова және Филипиннен келген волентер Леонард Диго оқушылардың тіл білімін шыңдауда екен. Тәлімгерлер жерлес ғалым, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрғали Ақылбековтің жетістіктерін ағылшын тілінде жеткізді.
Мектептің құрылыс жұмыстарына жоғары бағасын берген облыс әкімі мектеп білімді, білікті жастарымен қуанта беруіне тілектестігін білдірді.
Айта кететіні, 1934 жылы киіз үйде білім ордасының негізі қаланады. 1937 жылы 7 жылдық мектеп болып құрылады. 1982 жылы оқушы санының артуына байланысты орта мектепке айналады. 2001 жылы асар әдісімен салынған 190 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Ал, типтік жобадағы жаңа мектептің құрылысын «ҚазҚұрылысСервис» ЖШС жүргізді.
Өзінің қуанышымен бөліскен мектеп директоры Серік Дүйсебаев: «Заманауи құрылғылармен жабдықталған физика, химия сыныбы мен компьютерленген сыныптар оқушылардың білімін кеңейтетіні сөзсіз. Оқушылар теориямен қатар практикада жұмыс жасап, біліктілігін арттырады. Арнайы шеберлік сыныбында сабақ алып, әр оқушы өзі бейім қосымша үйірмелерге баратын болады. Бұл – жаңа мектептің берер мүмкіндіктері», – деді.

P.S.: Президенттің Жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында елдегі білім беру саласына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Оның көрінісін қожамберділіктердің қуанышынан аңғардық.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
29 мамыр 2018 ж. 1 290 0