Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Туған жерім – тірегім

Туған жерім – тірегім


«Мен үшін ауылымның әр бұрышы қымбат. Туған жерімнің топырағынан қасиетті мекен жоқ. Өзбек ұлтының өкілі болсам да әр қазақ – менің жалғызым. Өмірге қайта келсем, тағы да осы Төменарықтың тұрғыны болуды қалар едім», – деп бастады әңгімесін бүгінгі кейіпкеріміз Отабек Рысбайұлы.


Жанары жалындаған жастың өс­кен өлкеге деген махаббаты ерек. Ол Төменарық ауылында туып-өсіп, Ақтөбе қаласындағы Құдайбер­ген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің «физика пәнінің мұғалімі» мамандығын үздік бітіріп, оқу ордасында қызметке қалу мүмкіндігі болса да, туған жерге қызмет жасауды өзіне міндет санап, ауылына қайта оралған. Өзінің алған білімін ауыл жастар бойына сіңіруді перзенттік мұратым деп түйіпті.
– Елден жыраққа кетіп түсінгенім, қандай әсем қала болса да кіндік қаның тамған жеріңе жетпейді екен. Ауылдың аурасы бөлек. Барлығы бір-бірімен бауыр, ағайын болып кеткен. Ауылда өзіңді дамытуға, ізденуге, білгеніңді шәкірттерге үйретуге уақыт жетеді, мүмкіндік мол. Өзіңнің өскен жеріңе қызмет қылғаннан артық бақыт жоқ,- дейді жас ұстаз.
Жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп келісімен Төменарықтағы №53 А.Ро­манов атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасқан ол, өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, бүгінде оқу ошағының дамуы жолында аянбай еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр.
– Мамандықтың жаманы жоқ. Бастысы өз ісіңізге деген сүйіспенші­лік болу керек. Жүрегіңізбен қала­ған жұмыстан ешқашан жалықпайсыз. Мен ұстаз болуды бала күннен арман­дадым. Формуламен жұмыс жасаған ұнағандықтан физика пәнін таңдадым. Қазір бала арманым ақиқатқа айна­лып, оқушыларға бар күшімді салып білім беріп жүрмін. Басты мақсат – өзім оқытқан оқушыны белгілі бір жетістікке жеткізу. Қазір оқушалардың қызығушылығын бір кітаппен немесе құр сөзбен оята алмайсың. Міндетті түрде қосалқы құралдар мен лабораториялық эксперименттер жасату керек. Сонымен қоса, әр баланы сөйлете білген абзал. Егер бала ұстаздың алдында өзін еркін ұстаса одан нәтиже шығаруға болады. Ал, бала өзін ашып көрсетпесе, сізбен еркін қарым-қатынаста болмаса ол оқушыдан нәтиже шығуы екіталай, - дейді ол.
Өзі жас болса да шәкірт тәрбиелеп, олардың болашағына алаңдайтын ұс­таздың да жеткен жетістіктері аз емес. Өзі сабақ берген оқушылардың алдыңғы буыны мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орындарының грант иегерлері атанған. Мәселен, Тамерлан Абдуллади физика пәнін жақсы меңгеріп, Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнының грантын жеңіп алса, Оңғарбек Әбутәліп Астана қаласында, Мұстафа Жұмағали Алматыда энергетика саласының грант иегерлері.
– Елімізде әрқашан бірлік болсын. Мемлекетіміздің көк байрағы ешқа­шан төмен түспесін, көк аспанда қа­лықтай берсін. Мен бауырмалдық пен кішіпейілділікті, қонақжайлықты қазақ халқынан үйрендім. Осы жерде өсіп-өнгеніме разымын. Ұлтым өзбек бол­ғанымен жүрегім қазақ, жаным қазақ. Барша қазақстандықтарды 1-мамыр бірлік күнімен құттықтаймын, – дейді Отабек Каюмджан.
Иә, бүгінгі кейіпкеріміздің жас та болса, бас болып бала тәрбиелеуге қосқан үлесі бір төбе. Ал, туған жер­ге деген адалдығы мен сүйіспеншілігі қатарластарына үлгі болары сөзсіз.

Айсұлу Алданазар
30 сәуір 2024 ж. 226 0