№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Арман қанатындағы Ақниет

Арман қанатындағы Ақниет


Театр – өмір айнасы. Ол адамның рухани жаңғыруына, мәдениетінің кемелденуіне жол ашады. Әсіресе, жастардың тарихи таным көкжиегінің кеңеюіне мүмкіндік береді. Осы орайда, өнерді өмірлік серігіне айналдырып, театр сахнасында түрлі образдарды көркемдеп жүрген жаңақорғандық жастың бірі – Ақниет Мәулен. Ол бүгінде «Жауқазын» театрына жетекшілік жасап жүр.


Ақниет аудан орталығындағы №163 мектепті тәмамдағаннан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті атанды. Өнерге бала күннен құштар болған ол университет қабырғасында мәдени шараларға қатысып, бойындағы өнерін шыңдап, өзінің жан-жақтылығын көрсете білді. Сол ортадағы өнерлі жастардың басын біріктіріп, «Жауқазын» театрын құрды. Бұл театр жуырда Орал қаласында өткен «III Umit- 2024»республикалық студенттік театрлар фестивалінде 2-орынды қанжығасына байлады.
– Өнерге бала күнімнен жақын болдым. Ән айтып, би билеу, сахнада өнер көрсету менің жаныммен ажырамас қасиет іспеттес. Менің өнерге деген ерекше махаббатым осы театрға жетекші болып сайлануыма себепкер болды деп ойлаймын, – дейді Ақниет Мәулен.
Бірінші курс студентінің театр жетекшілігіне сайлануы үлкен жетістік. Ақниеттің жас болса да үлкен белестерді бағындыруға деген құштарлығы, өжеттігі әкенің қанымен, ананың сүтімен келген болса керек. Бұлай деуімізге себеп те бар. Кейіпкеріміздің ата-анасы құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар. Тал бойына нәзіктікпен мықтылықты қатар тоғыстыра білген қазақ қызы оқу ордасына жаңа леп әкелгендей. Кілкіндей жас, өнерлі білімгерлерден құралған театр құрамына тыңнан серпін беру үшін қала көлемінде кастингтер ұйымдастырып жүр.
– Қазір қай саланы алсаңыз да түрлі өзгерістер еніп, алға жылжып жатыр. Мүмкіндік беріліп тұрғанда адам өзін жан-жақты көрсете белгені дұрыс. Мен осы ұстаныммен өмір сүремін. "Жауқазын" театрына жетекшілікке келген күннен бастап жаңаша бағытта ізденістерге бет бұрдық, – дейді Ақниет.
Бүгінде театрдың 30-ға жуық мүшесі бар. Олардың сомдаған рөлдері де көпшіліктің көңілінен шыққан. Жетекшінің өзі режиссерлік ететін театрдың балауса әртістері өз ерекшеліктерімен танылуда. Олар түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр.
Иә, театр – адамды эстетикаға, сұлулыққа, поэзияға, өнерге, жақсылыққа жетелейді. Дәл осы асыл қасиеттерге жаны құмар Ақниеттің кей сәтте қаламға мұң шағып, өз-өзімен сырланатын кезі көп.

"Тағдырдың кешіп алау өткелдерін,
Өмірге сірә мен көп өкпеледім.
Жаныма жақын жарығым өшіп,
Өзімді-өзім демеп келемін.

Жоғалды кенет, жанымның емі,
Ол менің күнім, жарығым еді.
Сезім өшпейді, өлсе де үміт,
Іздедім үнсіз тағдырым сені. " деп толғанған оның жүрегі әлі ашылмаған құпияға толы.

Иә, шығармашылық – ең әуелi қажырлы ең­бек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын, бірақ сұмдық қуат пен құдыретке де ие. Шабыт деген де бір сиқырлы дүние. Осындай қасиеттер тал бойына тұнған талант иесі – Ақниеттің болашағынан күтеріміз көп.

Фариза ТӨРЕХАНОВА
23 сәуір 2024 ж. 217 0