Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сұлулыққа құштар жан

Сұлулыққа құштар жан


Гүл – әсемдік пен сұлулықтың, қуаныш пен мерекенің белгісі. Оның адам жанына жайлылық сыйлап, көңіл-күйін көтеретін де қасиетке ие. Мәселен, дала гүлдері бақшаңыздың көркін кіргізсе, бөлме гүлдері үйіңіздің атмосферасын өзгертіп, ерекше күйге бөлейтіні тағы бар. Гүлді баптап өсіру де үлкен еңбек пен табандылықты талап ететін шаруа. Осы орайда, ауданда бала күннен сұлулыққа жаны құмар, гүл баптаушысы бар. Ол – Назира Айдынқызы.


Гүл өсіру ежелден қалыптасқан шаруашылық екені белгілі. Тіпті, кей мемлекеттер гүлді экспорттап әлем елдері арасында көш бастап жүргенін білеміз. Десе де, біздің елде шаруашылықтың бұл түрі кешеуілдеп дамуда. Ал, ауданда тіпті жоқтың қасы. Бірақ түрлі гүлдерді ауласында баптап, оны нарыққа шығарып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз әсемдікке бала күннен жаны жақын екенін айтып ағынан жарылды.
– Мен үшін гүл өсіру жанның тыныштығы. Бақшаның да, бөлменің де жасыл желекке оранып тұрғанын ұнатамын. Ес білгеннен түрлі гүлдерге қызығып, табиғатын танып өстім. Үлкендерден оны баптап өсірудің жолдарын үйрендім. Содан болар мен Жер анаға өсімдік отырғызбай жүре алмаймын. Көктем шығысымен сүйікті ісіме кірісемін. Қыста бөлме гүлдерін сатуға шығарып, жазда орындарын қайта толықтырамын, – дейді Назира Ретванова.
Ауласы мен бөлмелерін гүл бағына айналдырып отырған Назира апайдың шаңырағының қай бөлмесіне кірсеңізде жұпар аңқиды. Өйткені үйдің отанасы – гүл бағбаны. Бүгінде ол гүлдерін сатылымға шығарып, табыс көзіне айналдырып отыр.
– Үйде қазіргі уақытта 50-ден аса гүлдің түрі бар. Өзіңіз байқағандай, раушан, алендра, әйел бақыты, кактустың бірнеше түрі және басқа гүл түрлерін кездестіре аласыз. Ал жаз айларында аулада түймедақтан бастап, раушанның түрлері, лала гүлдерін өсіремін. Негізі, жаз айларында бөлме гүлдерінің саны 100-ден асады. Бірақ қыс ауасында көбейте алмаймын. Жартысына жуығы сұраныс болған соң сатылып кетті, – дейді кейіпкеріміз.
Назира Айдынқызының айтуынша, дала гүлдері мен үй гүлдерінің бабын тапса кез-келген үйді гүлзәрға айналдыруға болады. Мәселен, үй гүлдерін бөлме температурасындағы тұндырылған сумен суару керек. Жазда күн сайын, қыста аптасына 1-2 рет суарса жеткілікті. Құмырадағы топырақтың құрғап кетпеуін қадағалау маңызды. Өсімдіктің шаңын дымқыл шүберекпен төменнен бастап тазалайды. Ірі өсімдіктерді тазалағанда суына аздап сабын қосуға болады. Гүлдер тұрған бөлмені үнемі желдетіп отыруды ұмытпау керек. Гүлдердің топырағын қопсытып, уақытылы дәрумендерін беріп отырған абзал. Гүл топырағын құнарландырудың ең қарапайым тәсілі жұмыртқаның, пияз бен сарымсақтың қабығымен тұнба жасау. Жұмыртқаның қабығын жинап, үлкен ыдысқа салып су құйып екі күн тұндыру керек. Одан кейін сол сумен гүлді суаратын болса, гүл жайқалып өсетін болады. Ескеретіні, бұл тұнбаның иісі жағымсыз болғандықтан міндетті түрде гүлдерді далаға шығарған жөн. Ал, пияз бен сарымсақтың қабығына қайнаған су құйып тұндырып, оны суыған соң гүлдерге құюға болады.
Айта кетейік, Назира Ретванова бір кәсіппен шектелмей, сауданың бірнеше түрін қатар алып жүр. Наурыздың ортасынан бастап қара күзге дейін гүл ұрықтары мен бақша көшеттерін, жеміс тал көшеттерін нарыққа шығарады. Сонымен қоса аспаздықты қатар алып, дәмі тіл үйірер салаттарын аудан тұрғындарына ұсынып келеді.
Иә, гүлді баптап, оны өсіру – мәдениеттіліктің белгісі. Ал, оны өсіруді әдет қылып, айналамызды гүл бағына айналдыру өз қолымызда. Осы ретте бүгінгі кейіпкерімізден үйренеріміз көп-ақ.

Айсұлу Алданазар
07 наурыз 2024 ж. 212 0