№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰБТ-2018: ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?

ҰБТ-2018: ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?


Ұлттық бірыңғай тестілеудің басталуына бір ай уақыт қалды. Талапкерлердің білім деңгейі мен мектептердің әлеуеті нақ осы сынақтан көрінеді. Осы себептен биылғы ҰБТ-ге дайындық қалай? Соны білуге тырыстық.
Алдымен Ұлттық тестілеу орталығы №118 филиалының жетекшісі Мақсат Сәрсенбайға жолықтық. Оның сөзінше, биыл аудан бойынша 1005 оқушы 11-сыныпты бітіреді. Бітіруші түлектің 532-сі ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Оның 505-і қазақ тілінде, 29-ы орыс тілінде білімін сынайды. Талапкерлер 120 сұрақтан тұратын тест тапсырмасын 5 пән бойынша тапсырады. Оның үшеуі міндетті, екеуі бейінді пәндер бойынша. Бейінді пәндер мамандыққа байланысты таңдалады. Тестілеудің жалпы уақыты, 3 сағат 50 минут. Ең жоғарғы балл – 140, ал, шекті деңгей – 50 баллды құрайды. Оқушы шекті балды алмаған жағдайда, ақылы негізде оқуға түсу үшін ағымдағы жылдың тамыз айында тестілеуді қайта тапсыра алады.
Сондай-ақ, төменгі балл жинап, грантқа түсе алмай, ақылы оқуға түскен білімгер оқу жылының 1-семестрі аяқталған соң, яғни, қаңтар айында қайта сынақ тапсыра алады. Егер сол сынақтан жоғары балл жинаса, оның грантқа ауысуына мүмкіндігі бар.
– Биылғы ҰБТ-дағы басты өзгеріс оқушы Қазақстан тарихынан басқа пәндерді ағылшын тілінде тапсыра алады. Ал, Қазақстан тарихын қазақ немесе орыс тілінде ғана тапсырады. Екі бейіндік пән болады. Бейіндік пәндер таңдалған мамандыққа байланысты таңдалады, – дейді Мақсат Бағдатұлы.
Ұлттық тестілеу орталығының №118 филиалында 12 ұялы байланыс сигналдарын тұншықтырғыш орнатылған. Биыл 4G жиілігіндегі 14 дана тұншықтырғыш алынды. Бұл құрылғылар жуық арада орнатылады. Сонымен қоса, бір жиектемелі, екі қолға ұсталатын металл іздегіш құралдарымен қамтамасыз етіліп, 20 дана қосымша бейнекамералар алынды.
Тестілеуді өткізу үшін №118 филиалында орналасқан №110 мектеп-лицейінде 14 аудитория қарастырылған. Аудиторияларда камералар орнатылған, осы камералардың көмегімен онлайн-көрсетілім желісін қосу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, ата-аналар баласының тест тапсыру сәтін мектеп ауласына келмей-ақ, интернет арқылы үйінде отырып бақылай алады.
Сонымен қатар, ҰБТ немесе Кешенді тестілеуге қатысқысы келетіндер емтиханға дайындық барысында байқау-сынақтарынан онлайн және бланк арқылы тестілеу бойынша өтуіне болады. Бланк арқылы тестілеу түріндегі байқау-сынақтарынан Ұлттық тестілеу орталығы филиалдарында, ал, онлайн режимдегі байқау-сынақтарынан ҰТО сайтында өтуге болады.
Енді аудандық білім бөлімінің мәліметіне тоқталсақ, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ҰБТ-ға оқушыларды дайындаудың тыңғылықты жоспары жасалыпты. Яғни, математикалық сауаттылықты арттыру, физика пәнінен күрделі есептерді шығарудың әдіс тәсілдерін талдау, биологиядан жоғары балл жинаудың озық тәжірибелерін меңгеру және т.б. жөнінде шеберлік сағаттар, семинарлар өткізілді.
Аудан әкімі Ғалым Әміреев Бесарық ауылдық округінде мектеп директорларын жинап, ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын пысықтады. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов сынама тесттер нәтижесі бойынша мектеп басшыларын жинап, әрбір пән бойынша кемшіліктерді талдап, дайындыққа жете мән берді.
№110 мектеп-лицейі базасында айына бір реттен сынама тест алынды. Ал, талапкерлердің дайындығын «Тау самалы» тынығу лагерінде шыңдады. Лагерь директоры Болат Шерімбетовтың айтуынша, 6 ауысымдағы оқу курсында 420 оқушы білімін жетілдірді.
Айта кететіні, ҰБТ болатын күні оқушыларды тест орталығына жеткізу мәселесі біржола шешілген. Яғни, аудан орталығынан 50 шақырым қашықтықтағы елді-мекеннен келетін (7 мектептен) 96 оқушы бір күн бұрын №3 мектеп-интернатына орналастырылып, кешкі аспен қамтамасыз етіледі. Ал, 20-маусым күні тағы 237 оқушы ауданға келіп, олардың барлығы Аяна мейрамханасынан таңғы ас ішеді. Оқушыларға тест аяқталған соң аталмыш мейрамханадан түскі ас даярланған.
Бір сөзбен айтқанда, талапкерлер жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндіктер жасалған. Тек түлектер 11 жылдық білімін дәлелдеп, сенімді ақтаса болғаны.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
26 мамыр 2018 ж. 1 560 0