Біздің мүддеміз халықтың әл аухаты
Ауданда шешімін таппай тұрған немесе шешілуі керек өткір де өзекті мәселелер жоқ емес. Ал бұл маңызды істердің атқарылуына, түйінінің тарқатылуына мұрындық болу біздің міндетіміз. Депутаттық мандат – үлкен жауапкершілік жүктейді әрі жүйелі жұмысты талап етеді. Ең бастысы – өзіңе жүктелген міндетті сезініп, оны ойдағыдай алып шығу керек.
2023 жылдың сәуір айынан бастап аудандық мәслихат депутаты ретінде партия алаңында және өзімнің сайлау округімде бірнеше рет жеке қабылдаулар мен сайлаушылармен кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап тілегіне, ұсыныстарына құлақ астым.
Әр бір тұрғынның ұсынысы мен мәселесін жіті назарға алынды. Әрбір депутат – халықтың сенімінен шығу үшін барын салады деп ойлаймын. Мен де «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында және өз сайлауалды бағдарламамда шешілуі тиіс бірқатар маңызы бар істер бойынша тиісті орындарға Депутаттық сауалдар жолдап, мәселенің шешілуін бақылауға алып жүрмін.
Өткен яғни 2023 жылы Жаңақорған кенті Аманбай Шоманов, Әлшекей Бектібаев, Нұрғали Түршеков көшелеріне жарық орнатылып, жеке қаражатым есебінен №125 мектепке баратын жаяу жүргіншілер жолы қайта жөнделді. Алаш Жаппасов және Заманхан Мырзалиев көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, Сейдемет Әбдраймов және Әбдіқадыр Хайнекеев көшесіне асфальт төселді. Мұсахан Жапаров көшесіне балалар ойын алаңы салынып, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында волейбол ойыншыларына және мектеп оқушыларына түрлі жарыстар ұйымдастырылып, жаңа жылдық сыйлықтар да табысталды.
Алдағы уақытты өзіме жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, аудан игілігі мен халықтың сенімінен шығуға аянбай енбек етуге дайынмын.