«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тәртіпке бағынған құл болмайды

Тәртіпке бағынған құл болмайды


Ұсақ бұзақылық, алаяқтық, мал ұрлығы, топтық төбелес, ескірткі бизнесі және өзге де қылмыс түрлері қазіргі қоғамда өте өзекті тақырыпқа айналды. Олармен күрес күн тәртібінен түскен емес. Құзырлы орындармен атқарылып жатқан жұмыстар, іс-шаралар мен маңызды жиындар осының дәлелі. Апта басында аудандық прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы және полиция органдары профилактикалық бағытында атқарылған жұмыстарының нәтижесін талқылауға байланысты кезекті ведомствоаралық мәжіліс өткізілді.


Мәжіліске аудан прокуроры Дабыл Аянұлы төрағалық етті. Жиынға аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалмұхаммед Жолмырзаұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Исабекұлы, аудандық мәслихат депутаттары, ҮЕҰ мүшелері, кент, ауыл әкімдері, бөлім басшылары мен мектеп директорлары қатысты. Басты тақырып қылмыспен күресу шаралары талқыланып, әсіресе бала тағдырына басымдық берілді.
Алдымен аудан прокурорының орынбасары Бауыржан Мейрамбекұлы баяндама жасады. Ол 2023 жылдың 12 айында бірлесіп атқарылған профилактикалық жұмыстардың тиімділігі мен әлсіз тұстары, оның ішінде зорлық-зомбылық фактілеріне және алдағы уақытта атқарылатын іс-шараларға талдау жасады.
– Бірігіп ұйымдастырылған профилактика­лық жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы жалпы тіркелген қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға (117/116) төмендеген. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар 300 пайызға (3/0) төмендеген, ал ауыр қылмыстар 37 пайызға (35/48) өсім алған. Яғни, жекелеген қылмыстардың түрлері төмендегенімен кейбір қылмыстар өсім алып, статистика жағынан теріс пікір туғызуда. Атап айтқанда, алаяқтық 4,5% (22/21), кісі өлтіру 100% (1/0), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 67% (3/2), мал ұрлығы 63% (19/7), зорлау 100% (1/0), масаң күйде жасалған қылмыс 59% (17/7), қоғамдық орында жасалған қылмыс 23% (17/13) төмендесе, бопсалау 12 есеге (0/12), ұрлық 23% (27/35), интернет алаяқтық 65% (23/8), есірткі қылмысы 40% (6/10), жол көлік қағидаларын бұзу 20% (4/5), соттылығы жойылмағандармен жасалған қылмыс 67% (3/9), топпен жасалған қылмыс 67% (6/18) өсім алған.
Өздеріңізге белгілі, аудандық прокуратураның бастама­сымен аудан көлемінде қылмыстылық ахуалға жасалған талдау нәтижесі бойынша аудан әкімшілігі, полиция бөлімі және білім бөлімі қызметкерлері, басқа да мемлекеттік қызметкерлермен бірнеше рет ведомствоаралық жиналыстар өткізілді, – деді Бауыржан Абдрашит.
Баяндамашы әрбір қылмыс бойынша талдау жасап, атқарылған жұмыстарды жүйеледі. Алдымен есірткі қыл­мысының азаймай тұрғанына тоқталды.
«Есірткісіз аймақ» жобасы аясында құрылған жұмысшы топпен бірігіп бірнеше рейдтер жүргізілді, нәтижесімен осы бағытта қылмыстық істер тіркеліп, күдікті адамдар ұсталды. Жоба аясында аудан көлемінде анықталған 5 алқаптан барлығы 3221 түп есірткі өсімдігі алынып, олар бойынша жүргізілген 10 сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 8 тұлғаға қатысты айыптау үкімдері шығарылған.
– Қазіргі кезде аудан көлемінде 43 мектеп пен 1 колледжде 18 241 оқушы оқыса, оның 8-11 сыныпта немесе 14-17 жастағы 5 853 оқушы білім алуда. Осы балалардың болашағы үшін білім бөлімі, учаскелік полиция мен ювеналды полиция инспекторлары, аурухананың дәрігерлері мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп кем дегенде тоқсан сайын кездесулер өткізу қажеттігі ескертілген болатын. Бірақ аталған органдардың біреуі де табандылық танытып, бұл бағытта жұмыстар атқармаған. Тек прокуратураның бастамасымен жіберілген хаттың пәрменімен ғана қозғалыстар болғанын байқауға болады. Әрі қарай бұл жұмыстар тоқталып қалады. Сонда, балалардың болашағы кімге керек? – деп нақты айтты.
Жасөспірімдердің түнде жүруі, тәртіп бұзуы, топтық төбелесі, барлығы да баяндалды. Одан кейін зорлық-зомбылыққа қатысты сөз болды. 2023 жылы аудандық полиция бөліміне тұрмыстық зорлық-зомбылық бағытында 124 арыз тіркелсе, оның барлығы сотқа жолданып, әкімшілік шара көрілген. 149 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Жалпы қылмыстылықтың алдын алудың бір жолы есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыстарды күшейту болып табылады деген прокурор білім саласына ғана емес, полиция бөлімінің қызметіне де сын айтты. Кешеге дейін тізімдік есепке сәйкес полиция бөлімімен аудандық прокуратураға 94 маскүнем және 16 нашақор есепте тұратындығы беріліп келген. Алайда прокуратурамен нарколог-дәрігерден алынған тізімге сәйкес аудан бойынша 313 маскүнем және 22 нашақор есепте тұратындығы анықталған.
Тағы бір мәселе, бейнебақылаулардың аздығы, олардың полиция бөліміне орталықтандырылуы сөз болды. Кейбір мектептерде камералар әлі орнатылмаған. Соңғы мәселе, мал ұрлығына қатысты. Чип орнату мен паданың болмауы барымташылыққа тосқауыл бола алмай тұр.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов баяндама жасады. 2023 жылдың әрбір тоқсанында атқарылған жұмыстарды жүйелеп берді.

– 2023 жылы кент орталығында азаматтар көп жиналатын 17 жерге 51 дана бейнебақылау камерасы орнатылды. Орнатылған бейнебақылау камерасының көмегі арқылы 58 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде, иесіз жүрген 28 мал иелеріне – 96600 теңге, қоғамдық орындарды ластау бойынша 15 тұрғынға – 127600 теңге, жол ережесін сақтамаған 15 көлік жүргізушісіне – 168000 теңге айыппұл салынды. Бейнебақылау камераларының бақылау орталығын аудандық полиция бөліміне ауыстыру мақсатында 4-інші деңгейлі бюджеттен 3 000000 теңге қарастырылуда, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Жалпы, Жаңақорған ауданында 14-35 жас аралығындағы 24627 жас бар. Бұл аудан тұрғындарының 30 пайызын құрайды. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында аудандық депутаттар, аудандық полиция бөлімі, ата-аналармен бірге рейдттік жұмыстар ұйымдастырылып, нәтижесінде 243 жасөспірім мен заңды өкілдеріне және тұлғаларға шара көрілген. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әртүрлі бағытта 130 шара ұйымдастырылып, оған 4000-нан аса жас қамтылған. Былтыр кәмелетке толмағандар арасында 2 және кәмелетке толмағандарға қарсы 4, жалпы 6 қылмыс орын алған. 2023 жылы кәмелетке толмағандар арасында 2 суицид оқиғасы орын алғаны өкіндіреді. Биылдың өзінде бір жағдай орын алып үлгерді.
Келесі кезекте аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев атқарылған жұмыстар бойынша мәлімдеме жасады.
Жаңақорған ауданының полиция бөлімінде 2023 жыл­дың 12 айында 118 (2022 жылы – 120) қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда – 1,7 пайызға төмендеді. Ашылған қылмыстық істер өткен жылмен салыстырғанда 75-тен 88-ге (17,3 %-ға) өсім алып, ашылмай қалған қылмыстар 36-дан 35-ке, яғни, 2,8%-ға төмендеп отыр – деген полиция бастығы әрбір іс бойынша жасалған жұмыстарды тізбектеді. Иә, қазір құқық қорғау саласына артылған жүк жеңіл емес. Қоғам тыныштығын күзету, тәртіп орнату өте өзекті мәселе болып тұр. Осы тұрғыда еңбектеніп жүрген полиция қызметкерлерінің қызметі бір төбе.
Соңғы болып аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев баяндама жасады.
– Жаңақорған ауданы білім мекемелері, жасөспірімдер арасында қылмыстылықтың және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылдың қыркүйек айындағы есеппен мектепішілік есепте 68 бала болса, ағымдағы жылдың қаңтар айының қорытындысымен мектепішілік есепке 93 бала есепке алынған. Есепке алыну себебі көңіл-күйлері ауыспалы, сабақтан себепсіз кетіп қалу, кешігіп келу, бұзақылыққа бейім тұруы. Құқықтық ағарту жұмыстары бойынша қыркүйек-қаңтар айларында 8-11 сынып оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметкерлері, қоғамдық даму, білім бөлімі мамандарымен 43 мектепте кездесулер өткізіліп, оған 8 677оқушы қатыстырылды. 160-тан астам білім қызметкерлерінен жасақталған мобильді топ құрамы рейд жұмыстарын жүргізсе, аталған жұмыстар үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан жалғасын табуда. Рейд барысында 243 жасөспірімнің ата-анасына шара көрілген, соның ішінде 176 бала (оқушы,студент) түнгі беймезгіл уақытта ата-аналары немесе заңды өкілдерінсіз жүргендігі анықталып, аудандық полиция бөлімі арқылы әкімшілік хаттамалар толтырылды, – деді бас ұстаз.
Жалпы жиынның мақсаты – аудандағы құқық бұзудың алдын алу, кеткен кемшіліктер бойынша жұмыс жасау және биылғы бағыт пен бағдарды біріктіру болатын. Мәжілісті аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы қорытындылап, мектеп директорларының жұмысын сынға алды. Мәжілісте бір мектеп директорының міндетін атқарушы оқушыларының бұзақылық жасағанынан бейхабар, ол бойынша ештеңе де айта алмауы көп жайдың бетін ашып тұрғандай. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін қатаң режимде жұмыс жасауды тапсырды. Онсыз да аудандағы білім саласында олқылықтар өте көп. Баланың ертеңін ойласақ, бүгіннен бастап іске көшкен абзал.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
02 наурыз 2024 ж. 222 0