Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Журналист – қорғаның

Журналист – қорғаның



Ақпараттық ғасырда ғұмыр кешудеміз. Бірақ қазақ журналистикасында қордаланған мәселе көп. Ашығын айтқанда, журналист бес қаруын сайлаған жауынгердің жауапкершілігін арқалап жүр. Осыны жақсы түсінген озық елдер ақпараттық платформада өзіндік орнын алуға күш салып, шығармашыл ортаның бәсекеге қабілеттілігіне мән беруде.
Біздің газет-журналдар, телеараналар, интернет сайттар бәсекеге қаншалықты қабілетті? Ақпараттық тосқынға жауап беруге қауқары жете ме?
Бұл сұраққа медиа-тренир Асқат Еркімбай: "Қазақстандағы журналистика аймақтарда біркелкі дамып жатыр деп қате ойлап келіппін. Қаржының бөлінуі мен басқарылуы бірдей болған соң сондай ой болған. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы қазақ журналистеріне мультимедиа бойынша тренинг өткіздік. Ресеймен шекаралас өңірлерде ресей медиасының таралу және қамту әлеуеті жоғары. ...Әр өңірде журналистика (қазақшасын айтамын) әртүрлі өмір сүріп жатыр. "Дамып" жатыр деген сөз сәл артықтау айтылып қала ма деймін..." – деп бағасын берді.
Әрине әр аймақта медиа холдингтер құрылып, ақпараттық кеңестікте өзіндік орнын алуға талпынуда. Бірақ заманауи трендтерді, технологияны меңгеру деңгейі әркелкі. Асқат Еркімбай осыған мән бергендей.

Сарапшылар мен мамандар ақпараттық технологияның көшбасышысы саналатын АҚШ-тан біз жарты ғасырға қалып қойғанымызды алға тартады. Біз блоксфера мен дәстүрлі медианы немесе журналистер мен блогерлерді салыстырып жүргенімізде, Еуропа мен АҚШ ақпарат таратудың заманауи жолдарын қарастыруда.
Егер алпауыт елдерге қуып жетіп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз десек, қазақ журналистеріне жағдай жасайтын кез келді.

Ең бірінші, журналистердің статусын айқындау қажет. Журналистер мемлекеттік не бюджеттік қызметкерлерге жатпайды. Соның салдарынан мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі жоқ. Әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған деуге болады. Әлемде ақпараттық соғыс жүріп жатқанда журналистердің жуапкершілігі мемлекеттік қызметшілерден кем еместігі түсінікті. Сондықтан отандық журналистиканы көтереміз десек, ең алдымен, шығармашылық өкілдерін мемлекеттік қызметшілердің статусымен теңестіру қажет. Бұл – уақыттың талабы.

Екіншіден, уақыт ағымына қабілетті мамандарды дайындау маңызды. Былтыр М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен халықаралық конференцияға қатысып қайттық. Университеттің практикалық алаңын көріп таңғалдық. Арнайы интернет ресурс жабдықталған. Онда интернет газет, ғылыми журнал, YouTube канал, онлайн радио және т.б. көруге болады. Студенттер осындай ортада шыңдалады, қалыптасады. Ал бізде соңғы жылдары әлеуметтік желілердің ақпарат таратудағы орны, мультимедияның сайт өндірісіндегі маңызы және т.б. тақырыпта магистрлық жұмыстар қорғалды ма? Әлі бұрыңғы сарын. ХХ ғасырдағы қазақ газеттерінің тілін, ақын-жазушылардың сөздік қорын зерделеудеміз. Әрине, тарих керек, тұлғаны тану да керек. Бірақ заманауи трендтерді меңгеру де маңызды емес пе?
Университеттерде "Лонгридті" дайындаудың технологиясын үйретіле ме? Фейк ақпараттың рас-өтірігін ажырату жолдары оқытыла ма? Болмаса Adobe InDesign, Adobe Photoshop бағдарламасын меңгеруіне жағдай жасалған ба? (Әрине бар болса қуаныштымыз). Көбіне жұмысқа орналасқаннан кейін жас журналист мақала жазуды үйренеді, жұмысқа дағдыланады. Яғни жұмысқа дайын маман ретінде келмейтіні анық.

Үшіншіден, мемлекеттік саясатты насихаттайтын блогерлік қызметті дамыту да маңызды. Қазір кез келген адам әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратып, өзіндік контентін қалыптастыруда. Журналист танымал блогерге айналып, өзінің шығармашылығын «тауар» ретінде аудиториясына өткізу қажеттілігі туындады. Бір жыл бұрын Еуразиялық медиа форумға қатысқанымызда әлеуметтік стратег Муис Мигель Лопес мексикалық блогерлерде 20-25 миллионнан аса подписчигі, тіпті, 50 миллионға дейінгі аудиторияға әсер ететін айтқан еді. Әлемдік тенденция кері шегінбейтіні түсінікті. Мексикалық маман Муис Мигель Лопестің сөзінше, Мексика АҚШ-тың ақпараттандыру технологиясынан 5-6 жыл арта келеді екен. Ал, біз солтүстік америкалық елдермен иық тіресу үшін кемі 30-40 (одан да көп болуы мүмкін) жылды еңсеруіміз тиіс екенін ескерсек, блогерлікті үйренуден басқа шара жоқ екенін түсінесіз. Яғни журналистер кәсіби біліктілігін ашық та жариялы сферада қабілет-қарымын көрсетіп, ақпараттық саясатты қолға алуы тиіс. Сонда журналист, блогер деген әңгіме айтылмаса еді.

P.S.: Блогосфера дәстүрлі медианы ығыстырады деген пікірді жиі-жиі естіп жүрміз. Мәскеу қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысқанымызда еуропалық ғалымдар мен медиа мамандар дәстүрлі басылымдардың "жаназасын" шығаруға әлі ерте екенін, таралымы азайғанымен "элитный газет" ретінде ақпараттық саясатты жүргізе беретінін алға тартқан еді. Одандық медиа сарапшылар да дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бар, бірақ, ақпарат тарату функциясы мен түрлері өзгереді дегенді алға тартуда...
Қысқасы, жаңа медиа және дәстүрлі медианың қуаты мен әсерін салыстыратындар бар. Бірақ өсетін елдің азаматтарының ой-өрісі мұнымен шектелмеуі тиіс. Ақпараттық саясатты тиімді жүргізуде таразының басын тең ұстап, кәсіби журналистердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға жұмыс істеу керек. Себебі бүгінгі журналист Отанды қорғайтын (пост басында айтқандай) жауынгердің міндетінде...

                                                                                                                                                   Нұрлат Байкенже
12 ақпан 2024 ж. 179 0