Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖУРНАЛИСТ – ЗАМАННЫҢ ЖАРШЫСЫ

ЖУРНАЛИСТ – ЗАМАННЫҢ ЖАРШЫСЫ

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі, медиа және коммуникация менеджері Динара Асқарқызын сөзге тартып, Сыр өңірі журналистикасының ақпарат кеңістігіндегі бағыт-бағдарын бағамдаған едік.


– Сіз журналистикаға қалай бет бұрдыңыз?
– Білікті журналист болуды жастайымнан мұрат еттім. Менің мақсатыма жақындарым қолдау білдіріп, 2000 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Студент кезімнен «Литер» газетімен тығыз байланыс орнатып, алғашында қаламақыға мақалалар жазатынмын. Газет өндірісіне белсенді араласқанымды байқаған редактор тұрақты жұмысқа алды. Сонда әртүрлі тақырыптарда мазмұнды мақалалар жазуға дағдыландым.
Дегенмен білімді жетілдіріп, біліктілікті арттырып, жаңа дағдыларды меңгеруден жалыққан емеспін. Осындай қызығушылығымнан болар, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінде білімімді шыңдадым. Онда бәсекеге қабілетті маман болудың қыр-сырын үйрендім. Журналистикадағы заманауи трендтерді зер­деледім. Сосын АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде тағлымдамадан өтіп, бүгінгі ақпараттық технологияның бағыт-бағдарын бағамдауға мүмкіндік алдым.
– Ресей мен АҚШ-та біліміңізді жетіл­дірдіңіз. Журналист үшін шетел тілдерін білу қаншалықты маңызды?
– Халық даналығында «Қанша тіл білсең, сонша ілім иесісің» деген тәмсіл бар. «Жеті жұрттың тілін біл, Жеті түрлі білім біл» деген ұлағатты аманат етті. Тіл білу – өркениетке жол ашып қана қоймай, сол елдің салт-дәстүр, тарихынан хабар алуға мүмкіндік береді. Адам көп тіл білген сайын, әлемнің сан түрлі қырын, әдебиетін, әлемін тани түседі. Әсіресе тіл білу журналистер үшін қажеттілік дер едім. Себебі шетел тілдерін еркін меңгерген журналистің бәсекеге қабілеттілігі жоғары болады.
– Шетелдік баспасөздердің бағыт-бағ­дарын білесіз, олардың шығармашылық потенциалынан хабарыңыз бар. Оларды отандық ақпарат құралдарымен салыстыра бағамдаған кезіңіз болды ма? Біздің басылымдарға не жетіспей жатыр, қандай артықшылықтары бар?
– Бізге аналитикалық материалдар жетіспейді. Сапалы мультимедиялық өнімдер тапшы. Сарап­тамалық, журналистік зерттеулер аз. Дата журналистиканың мүмкіндіктерін қолдана алмай отырмыз. Жанрларды терең меңгерген мамандарға қажеттілік бар. Яғни экологиялық, экономикалық, әлемдік саясатты еркін жазатын журналистер керек-ақ. Ақпараттық интернет ресурстардан «Лонгрид» жанрын әлі көре алмай жүрміз. Жалпы сапалы контент ұсынуда кемшіліктер аз емес. Қазір қазақстандық сайттар мен порталдарда әншілердің қисынсыз өмірін насихаттаудан ары аса алмай отырмыз. Негізі материалдар қоғамды тәрбиелейтін және маңызды ақпарат беруі тиіс.
Бізде енді-енді «әмбебап (универсальный) журналистер» қалыптасып келеді. Яғни өзі текст жазатын, өзі фотоға түсіретін, тақырыпқа байланысты сюжет жасай алатын журналист. Міне, осындай журналисті бәсекеге қабілетті деуге болады. Қуантатыны мұндай журналистердің шоғыры қалыптасып келеді. Бірақ аз.
– Сізді көпшілік жаңа медианың трендтерін меңгерген маман ретінде таниды. Қазір дәстүрлі басылымнан бөлек ақпараттық платформада жаңа медианың өзіндік үлесі, өзіндік салмағы бар. Біз жаңа медиаға қаншалықты бейімделдік?
– Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттеріне жаңа медианың қыр-сырын үйретіп жүрген тәлімгермін. Яғни, бұл салада оқытушы бола аламын деп ойлаймын, бірақ әлі шебер маманға айналдым деп ойламаймын. Яғни, өзімді білікті «SMM маман» деп санамаймын. Бәлкім «медиа менеджер» деп атаған дұрыс шығар.
Ал, бүгінгі БАҚ-тың ахуалына тоқталар болсам, кәсіби «SMM» некен-саяқ. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан медиа нарқында «SMM маманға» сұраныс жоғары. Жоғары оқу орындары уақыт талабына жауап беретін мамандар тәрбиелеуде дей алмаймын.
– Неге бұлай дейсіз?
– Қазақстандағы кез келген жоғары мектептің өзіндік бай тарихы қалыптасқан. Олар тәжірибелі ұстаздарымен, танымал ғалымдарымен мақтана алады. Дегенмен уақыттың өзі теориялық білімге қарағанда практикалық білімді талап етуде. Біз осыған қаншалықты дайынбыз? Мәселен, төрт жыл университетте оқып жүріп, бір рет мақала жазбаған студенттен мықты қаламгер шығуы қиын. Екіншіден, қаншама магистрлық, докторлық диссертациялар қорғалуда. Солардың ішінен жаңа медианың талап-міндеттері, мультимедияның ақпараттық ресурстарға әсері жайлы қорғалғанын табу қиын. Әлі ХІХ-ХХ ғасырдағы қоғам қайраткерлерінің шығармашылығын талдаудан, сол кездегі газеттерді зерттеуден ары аса алмай жатырмыз. Әрине, тарихты білу керек, бірақ қазіргі тенденцияларды зерделеуде маңызды ғой!
– Қазір әлеуметтік желілерде ақпарат тарату тиімді. Яғни журналист блогерлік қызметті қоса атқаруы тиіс. Бізде блогерлік қызмет қаншалықты қалыптасты?
– Әлеуметтік желілер – ақпарат таратудың негізгі көзіне айналды. Санаулы сәтте-ақ АҚШ және Еуропа елдерінің тыныс-тіршілігін білуге болады. Әлеуметтік желіні меңгерудің маңыздылығы зор. Ендеше мықты журналист болумен қатар танымал блогер болу маңызды. Бұл – уақыт талабы.
Жасыратыны жоқ, бұрын үш күн бұрын болған жаңалықты бір аптадан кейін оқитын болсақ, қазір 3 минут ішінде білесіз. Сондықтан шығармашылық ұжымдар мен журналистер өзінің өнімін әлеуметтік желілерде насихаттап, танымалдығын арттыруға күш салуы тиіс. Әзірге басқа жолды көріп тұрғаным жоқ.
– Блогерлерге қойылатын негізгі талаптар қандай?
– Алдымен «блогер» сөзінің мәнін түсініп алсақ. Блог дегеніміз – онлайн жүргізілетін автордың жеке көзқарасымен жазылған ой, шағын әңгіме не күнделік. Блогер – ғаламтор беттерінде нақты бір тақырыптарда не белгілі категорияда ақпарат тарататын адам. Яғни ақпарат кеңістігінде еркін ой ақтаратын, қоғамдағы оқиғаларды сараптай алатын, жаңалықтарды түрлі формада бере алатын шығармашылықтың иесі. Сондай-ақ бизнес жүргізетін блогерлер де бар.
Айналып келгенде барлығының міндеті біреу, ол – ақпарат тарату.
– Сыр өңіріндегі БАҚ-тың мүмкіндігі қан­дай?
– Бүгінгі таңда облыстағы БАҚ-ты қолдау және дамыту жүйелі жолға қойылған. «Қызылорда», «Қоғам TV» арнасы мен «Сыр Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық, қалалық, аудандық газеттердің шығармашылық потенциалы жоғары.
Шығармашылық ұжымдар әлеуметтік желіде өздерінің акаунттары мен парақшаларын ашып, заманауи трендтерді меңгере бастады. Қызметкерлерін түрлі деңгейдегі семинар-тренингтерге қатыстырып, біліктілігін арттыруда. Ең қуантатыны, буын алмасуды сәтті еңсеріп, іскер де жаңашыл жас басшыларға мүмкіндік беруде. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті ақпараттық платформа қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
– Бүгінде «Сыр медиа» ЖШС басшылығы басылымдарға жас редакторларды та­ғайындады. Жастарға басылымдардың тіз­гінін ұстату қаншалықты маңызды?
– Шынымды айтсам, аудандық газеттерде зейнеттік жасқа жақындаған ардагерлер редактор шығар деген көзқараста болдым. Сөйтіп, барлық аудандық газетті аралап шыққанымда көзінің оты бар, жігерлі, білімді жас редакторларды көріп қатты қуандым. Себебі креативті идеясы бар жастар жаңашылдыққа әуес болады. Журналист – заманның жаршысы, редактор – жаңашылдыққа бағдарлайтын тұлға. Осы тұрғыдан алғанда, газеттерге жас редакторлардың тағайындалғаны орынды дер едім.
– Газеттің ғұмыры жастар аудиториясымен байланысымен өлшенетіні белгілі. Шын мәнінде, қазіргі газеттердің оқырмандары үлкен буын. Жастарды газетке қалай қызықтыруға болады?
– Дұрыс айтасыз, газеттің ғұмыры жастар аудиториясының байланысымен өлшенеді. Сол себепті жастарды газет өніміне қызықтыру балабақша мен мектептен бастау алуы тиіс. Мен «Жаңақорған тынысы» газетімен бірге жас аудиториямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаудың жобасын дайындап, кешенді шаралар жүргізбекпін.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ханзада ДОШАН

29 маусым 2019 ж. 1 447 0