Облыстық сайыстан олжалы оралдық
Алғаш рет Жаңақорғанда, Н.Илялитдинов атындағы №169 орта мектеп базасында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушылары арасында әскери-қолданбалы спорт түрлері бойыншы дәстүрлі облыстық сайыс өтті. Қызылорда облысының білім басқармасы, тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының жылдық жоспарына сәйкес, ел Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған спорт бәсекесінде жаңақорғандық құрам алтыннан алқа тағынды. Қызылорда қаласы мен жеті ауданнан келген пән педагогтары бағын сынап көрді.
Сайыстың ашылуы салтанатына Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Шахизатұлы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары, майор Бауыржан Жұмабайұлы, облыстық білім басқармасы, тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының спорт бөлімінің басшысы Бағлан Жетібайұлы, Н. Илялетдинов атындағы №169 орта мектеп директоры міндетін атқарушы Роза Абдумуталиқызы жылы лебіздерін, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 1986 жылы 16 желтоқсан оқиғасына қазақ жастарымен егемендік үшін күрескен, бүгінде арамыздағы аға буын ұстазымыз №52 орта мектеп АӘТД пәні оқытушы-ұйымдастырушысы Мақсатхан Төрегелдіұлы сайыстың мақсатын, шарттарын, ережесін таныстырып сайысқа қатысушыларға табыс тіледі.
Алдымен Н.Илялетдинов атындағы №169 орта мектеп ұжымы қонақтарлы күтіп алу мақсатында домбыра үйірмесінің оқушыларымен күй тартып, керемет көңіл-күй сыйлады. Сайыстың ашылу салтанатында 8-сынып оқушы қыздары қазақтың ұлттық биімен қонақтарды тәнті етіп, сайыс кезінде кезекшілер ұйымдастырылды. Қысқаша айтқанда, жарыс өте жоғарғы деңгейде өтті. Жарысқа қатысушылар да жақсы дайындықпен келгені көрініп тұрды. Нысанбай Мақсатхан (№52 мектеп), Ағайдар Мадалиев (№167 мектеп), Рыскелді Сүлейменов (№247 мектеп), Ғалымжан Қошқаров (№164 мектеп) жарысқа төрелік жасады.
Сайыс бағдарламасы бойынша қатысушылар пневматикалық винтовкамен нысана ату, пневматикалық винтовкамен жылдамдыққа нысананы құлату, “АК-74” оқу қаруын жартылау бөлшектеу, жинақтау, “АК-74” оқу қаруы оқжатарын патрондармен жарақтау, сондай-ақ, жалпы әскери қорғаныш жиынтығын кию, кермеде тартылу, арқан тарту және командалық кросс кезеңдері бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады. Айта кететіні, сайыс барысында әр кезеңде барлық техникалық қауіпсіздік ережелері қатаң сақталды.
Сонымен спорттық додаданың командалық сынында 1-орынды Жаңақорған ауданы жеңіп алса, 2-орын Арал ауданына бұйырды. Үздік үштікке Қызылорда қаласы кірді.
Жаңақорған ауданы командасының құрамында Дархан Өтеев (№3 мектеп-интернат), Сержан Есенқұлов (№161 мектеп), Тоқтар Искендиров (№162 мектеп), Алмат Абутрапов (№169 мектеп), Амантай Сұлтанов (№240 мектеп), Шаикидин (№240 мектеп) және команда жетекшісі Арман Егембердиев (№192 мектеп) болды.
– Жарыс жылдағыдай жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Командамызды жеңіске жеткенімізбен құттықтаймын. Әрине, қанша күн дайындық жасадық, қанша жыл кеткен есені қайтардық. Бұйырса тұғыр төріндегі орнымызды сақтап қалуға келесі жылы да тырысамыз. Ең бастысы, жігіттердің спорттық әлеуеті жақсы. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді Тоқтар Искендиров.
Сайыс жеңімпаздары облыстық білім басқармасы, тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы және облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының 1, 2, 3 дәрежелі дипломдарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды
Арман Егембердиев,
бірлестік жетекшісі