№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әскерилер арасындағы спорт сайысы

Әскерилер арасындағы спорт сайысы


Өткен аптада алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы – ұйымдастырушылары арасында әскери қолданбалы спорт түрлері бойынша облыстық сайысқа іріктеу жүргізілді. Аудандық іріктеу кезеңіне барлық білім ошақтарынан пән ұстаздары қатысып, үздіктер дараланып, жолдаманы жеңіп алды.

№56 орта мектеп базасында өткен сайыстың ашылу салтанатында ауданның білім бөлімі АӘТД, дене шынықтыру пәндері әдіскері Нұрсұлтан Тұрмаханов, Қайбрахман Еркінов, бас төреші №52 орта мектеп педагогы Мақсат Нысанбай, №195 мектеп гимназияның мұғалімі Жамбыл Сырымов сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал, бірлестік жетекші №192 орта мектептің пән ұстазы Арман Егембердиев сайыстың мақсатын, шарттарын, ережесін таныстырып, сайысқа қатысушыларға табыс тіледі.
– Қызылорда облысының білім басқармасы, Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының жылдық жоспарына сәйкес, аудан бойынша білім беру ұйымдарының АӘТД пәні оқытушы – ұйымдастырушылары арасында әскери қолданбалы спорт түрлерінен облыстық сайысына аудандық іріктеу кезеңіне барлық пән мұғалімдері қатыстырылды. Ереже бойынша жас ерекшелігіне қарай сайыс кезеңдері бойынша қатысты. Мәселен, 30 жасқа дейін 6 мұғалім, 30-40 жас аралығында 9 мұғалім бағын сынаса, 40-50 жас аралығында 8 мұғалім және 50 жастан жоғары жастағы қатысушылардан 17 мұғалім өзара сайысты. Ұстаздар бағдарламаға сай пневматикалық винтовкамен нысана ату, пневматикалық винтовкамен жылдамдыққа нысананы құлату, АК-74 оқу қаруын жартылау бөлшектеу, жинақтау.
АК-74 оқу қаруы оқжатарын патрондармен жарақтау, жалпы әскери қорғаныш жиынтығын кию, кермеде тартылу мен арқан тарту және командалық кросс кезеңдері бойынша сынға түсті, – деді жарыстың бас хатшысы және бірлестік жетекшісі Арман ағамыз.
Сайыс барысында әр кезең бойынша барлық техникалық қауіпсіздік ережелері сақталып, жоғары деңгейде өтті. Сонымен аудандық әскери қолданбалы спорт түрлері сайысының қорытындысы бойынша 30 жасқа дейін Ақниет Тайшыбек (№110 мектеп) алтын тұғырға көтерілді. Амантай Сұлтанов (№240 мектеп) күміс, Нұртаза Ергешбай (№254 мектеп) қоланы қанағат тұтты. 30 бен 40 жас аралығындағы қатысушылар арасынан Тоқтар Искендиров (№162 мектеп) керемет нәтиже көрсетіп, 1-орын алса, Рыскелді Сүлейменов (№247 мектеп) Бақытжан Нұрмышов (№ 221 мектеп) 3-орынды жеңіп алды.

– Жарыс жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылады, өйткені, облыстық сында бұдан да биік бәсеке күтіп тұр. Барлығы ойдағыдай өтті, нәтижеге көңіліміз толады. Бұйырса аудан абыройын асырып, жеңіспен оралуға ниеттіміз. Ең бастысы, осы спорттық әлеуетімізді жоғалтып алмасақ болды. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді жарыс чемпионы Тоқтар ұстаз.

Сондай-ақ 40 және 50 жас аралығындағы ұстаздар арасынан Дархан Өтеев (№3 мектеп интернаты) үздік шықса, Суннетилла Абдрашитов (№184 мектеп) екінші орынға жайғасты, Арман Егембердиев (№192 мектеп) үздік үштікті түйіндеді. 50 жастан жоғары қатысушылар арасында Мырзан Қылышбаев (№54 мектеп) даралды. Қаһарман Үпенов (№56 мектеп) күміспен күптелсе, Мақсатхан Нысанбай (№52 мектеп) қоламен қуантты.
Сайыс жеңімпаздары аудандық білім бөлімінің арнайы дипломдарымен марапатталып, сайыс кезеңдері бойынша үздік шыққан АӘТД пәні оқытушы-ұйымастырушыларының облыстық кезеңіне жолдама алып, Жаңақорғанның намысын қорғайтын болады. Облыстық сында олжалы оралатынына сеніміміз мол.
Жалпы пән ұстаздары арасындағы мұндай сайыстарың жиі өтуі ең әуелі шәкірттерге үлкен үлгі болатыны анық. Былтыр да, биыл да оқушылар республикалық сында облыстың атын шығарып, керемет нәтижемен оралған еді. Бұл пән педагогтарының ерен еңбегінің жемісі. Әрбір жетістік пен оқушылардың жарысын, ұстаздардың биігін ақпараттандырып, құнды мағлұмат жеткізіп тұратын бірлестік жетекшісі Арман Егембердиевтің еңбегі ерен. Өзі де қаншама шәкіртті тәрбиелеп, қиялына қанат қақтырды. Енді жыл соңында өңірлік бәсекенің бәсін көретін боламыз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
21 қараша 2023 ж. 1 053 0