№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәрбиеші – балабақша тірегі

Тәрбиеші – балабақша тірегі


Тәрбиеші-педагогтың тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді. Әрбір шаңырақтың шаттыққа кенелткен бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәлімді-тәрбие беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз. Осыны ойға алған Ұлы кемеңгер Абай Құнанбаев «Адамның адамгершілігі жақсы тәрбиеші-ұстаздан болады» деген ой орамын қалдырыпты.
Қазақтың Ұлы ақынынан артық ешкім тәрбиешінің болмысын шынайы суреттей алмас. Осындай ілтипатқа ие тәрбиешілер арамызда аз емес. Көпшіліктің назарына іскерлігімен іліккен тәжірибелі тәрбиеші Динара Үсенова жайында әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
Ташкент қаласында туылған қазақ қызы атажұртқа білім іздеп, 2002 жылы «Дарын-Астана» колледжіне түсіп, 2005 жылы аталған коледждің «Бастауыш сыныптарды оқыту» мамандығы бойынша толық курсын бітірді. Білімін жоғарылату мақсатында 2005-2008 жыл аралығында «Дарын» әлеуметтік – гуманитарлық институтында «қазақ тілі мен әдебиет» мамандығын алды. Алматыда үздіксіз білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасын толық меңгеріп шықты. Ата-жұрттан өз бақытын кезіктіріп, Бесарық ауылдық округіне келін атанды. Ата-енесінің жайын жасап, ұрпақ өрбітті.
Еңбек жолын «Ақ-балапан» жеке балабақшасында бастап, тәжірибе жинақтады. Мұнда 2012-2016 жыл аралығында тәрбиеші болып жұмыс атқарып, қарым-қабілетін байқатты. Оның іскерлік қабілетін ескерген №8 «Айгөлек бөбекжайы» меңгеруші Лаззат Алтаева жұмысқа қабылдайды. 2016 жылдан бастап мемлекеттік балабақшада «Балауса» тобында тәрбиеші қызметін атқаруда. Ол үнемі балалармен, ата- аналармен көптеген жұмыстар атқарып, ұжымның беделін көтеруге күш салуда. Тәжірибелі тәрбиеші туралы Лаззат Алтаева: «Динара тек тәрбиеші ғана емес, жан-жақты өнерімен ерекше. Қолынан келмейтін іс жоқ. Қолөнерімен көрнекілік құралдар дайындағанда таң қаласыз. Жалпы, балалар да, ата-аналар да Динараның адамгершілік болмысына риза», – деп тәрбиеші тұлғасын суреттеді.
Оның ұйымдастырған ашық сабақтары көптің есінде қалыпты. «Ана-өмір шуағы!», «Ұлыстың ұлы күні – Нау­­рыз», «Әжелер сайысы», «Берекелі де ырысты алтын күз», «Қыз өссе – елдің көркі», «Жігітке жеті өнерде аз!», «Төрле,төрле жаңа жыл», «Татулық-достықтың киелі бесігі», «Ер есімі-ел есінде» т.б шаралары ерекше нақышпен өткен. Бұл туралы топтың ата-анасы Айгерім Сарбасова: «Біздің балалар Динара апайын жақсы көреді. Оны балабақшаға асыққан баланың көңілінен аңғарамыз. Ашық сабақтарға жиі келеміз. Тамаша көріністермен әрбір шара көрерменнің есінде мәңгі қалып қояды», – деп ерекшелігін сөзге қосты.

ТҮЙІН СӨЗ. Тәрбиеші – балабақша тірегі. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Солай болған соң, ең алдымен балабақшаға керегі – озық педагогикалық методиканы меңгерген, сауаты жоғары, тәлімді тәрбие бере алатын тәрбиеші. Осындай иіріммен тақырыпты түйіндеуді жөн көрдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
13 ақпан 2018 ж. 7 257 0