№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ауданда электр торабы жаңғыруда

Ауданда электр торабы жаңғыруда


Жаңақорған ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі – электр жарығының жай-күйі болатын. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген электр желілері мен бағаналарды жаңалауға уақыты келіп-ақ тұр. Негізінде сол кездегі техникалық әлеуетіне келсек, бұл станция тек 25 жылға арналған. Дегенмен, ғұмырын екі есе ұзартып, халықтың игілігі үшін 60 жыл үздіксіз қызмет етіп келеді. Салдарынан электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы жиі орын алып келді. Әсіресе ауа-райының қолайсыздығына сәйкес электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы мен құлауы жиі кездесіп, күздегі жаңбыр мен жел, қыстағы қалың қар мен боран кезінде ауылдық округтерде жарық өшіп, тұрғындарды әбігерге салады. Жауын жауса немесе өткінші жел тұрса ауыл тұрмақ, кент орталығындағы кейбір көшелерде жарық сөнетіні жасырын емес. Бір қуантарлығы, бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып келе жатыр. Алдағы 2024 жылдың аяғына дейін аудан жұрты жарықтан таршылық көрмейтін болады.


Тарқатып айтсақ, қазіргі таңда кент орталығында халық саны 33460 адамды құрап отыр. «ҚЭТТК» АҚ-ның базасына сәйкес электр тұтынушылар саны 9215 абонентті құрайды. Оның ішінде заңды тұлғалар саны 1212, жеке тұлғалар саны 8003. 2016 жылы «Қызылорда электр тарату торапта­ры компаниясы» ақционерлік қоғамының тапсырмасымен «Жаңақорған кентіндегі 10/0,4кВ электржелілік жүйені жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленді.
Жобаның мақсаты – Жаңақорған кен­­тінде жүргізілген тозығы жеткен электр желілік жүйені жаңғырту болып табылады. 2016 жылдан 2020 жылға дейін құрылыс материалдарының айтарлықтай қымбаттауына байланысты, 2020 жылдың бағасы ескеріле отырып, жасалған түзету­лердің нәтижесінде жобаның жалпы сметалық құны 3 433 571,976 мың теңгені құрады.
Жобаның авторы – «НұрЖолПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қа­зіргі уақытта «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырмасымен аталған жоба іске асырылуда. Құрылыс – монтаждау жұмыстарының Бас мердігері – «СМП-Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаны іске асыру үшін 2022 жылы республикалық бюджеттен 898 787,0 мың теңге, 2023 жылы 1 175 676,0 мың теңге бөлінді. 2024 жылға қалған 848905,0 мың теңге қаржыны бөлу жоспарланған. Бүгінгі таңда, жобаның 60 пайызға жуық бөлігі іске асырылыпты.
Осы жөнінде Жаңақорған аудандық электр торабының бастығы Нұржан Ахметов былай баяндайды.
– Жаңақорған ауданында 1960 жылдан бері электр желісі жұмыс жасап, халықты жарықпен қамтамасыз етіп келеді. Әйтсе де, кенттегі және елді мекендердегі бағаналар ескірген. Біздің тарапымыздан жылына 2 рет техникалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жіті бақылануда. Оқшаулағыштарын тазалау, май құю, әуе желілерін ағаш бұтақтарынан тазалау және т.б жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Енді аудан бойынша 1500-1600 шақырым электр желілері бар және 35 подстанция, 17 қосалқы станция бар. Ағымдағы жылға күрделі жөндеу жұмыстарына 18 500 000, жай жөн­деу жұмыстарына 3 500 000 теңге жұмсалды. Негізі аудан көлеміндегі электр желілерінің 60 пайызға тозығы жетіп отыр. Осы тозығы жеткен желілерді азайту мақсатында бюждет есебінен салынып жатқан электр желілері бар. Атап айтсам, Еңбек ауылында 2 дана қосалқы станция бюджет есебінен салынды, 10 км электр желілері ауыстырылды. Одан бөлек, Қожакент, Келінтөбе және кент ішінде де осындай жаңару жұмыстары жүріп жатыр. 2024 жылдың аяғына дейін 19 елді мекендегі толықтай электр желілерін ауыстыруға жұмыс жасап жатырмыз, алдағы 1-2 жыл ішінде 26 ауылдық округте түгелдей электр желілері жаңартылатын болады, – деді Жаңақорған аудандық электр торабының бастығы Нұржан Ахметов.
Иа, Жаңақорған ауданындағы қан­шама жылдан бері түйіні шешілмей жүрген жарық мәселесі биыл оң шеші­мін тапты. Кенттегі көне бағаналар мен электр сымдары, трансформаторлар қайта жаңғыра бастады. Біз мұны элек­тр торабының басшысымен бірге кент және ауылдық округтерді аралап жүріп көзімізбен көрдік.
«Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлім» және «Жаңақорған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемелерінің тапсыры­сымен 2022-2023 жылдары 19 ауылға “Тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құры­лысы (электр желісі) ”жұмыс жобасын әзірленіпті. Қазіргі таңда, жобаны іске асырушы мекеме анықталып, атал­ған жоба бойынша Еңбек, Келінтөбе, Қожакент ауылдарына республикалық бюджеттен 350 333,0 мың теңге бөлінген. Еңбек ауылы бойынша жұмыстар толық аяқталып, Келінтөбе, Қожакент елді-мекендерінде құрылыс монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тарқата кетсек, Еңбек ауылында электр тұтынушылар саны – 92 абонент, оның ішінде заңғы тұлға – 17, жеке тұлға 75 абонентті құрайды екен. Қазіргі уақытта, «Жаңақорған ауданының сәулет, қа­ла құрылысы және құрылыс бөлім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен аталған жоба жұмыс­та­ры толығымен аяқталыпты. Нәтижесін­де қуаты 10/0,4кВ болатын 2 дана трансформаторлық қосалқы станция, 3 шақырым 10кВ әуе желісі, 5,7 шақырым 0,4кВ әуе желілері жаңартылды.
Қожакент ауылында электр тұты­нушылар саны 535 абонент, оның ішінде заңды тұлға – 28, жеке тұлға 507 абонентті құрайды. Қазіргі уақыт­та республикалық бюджеттен 100 000,0 млн теңге бөлініп «Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен аталған жоба жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде қуаты 10/0,4кВ болатын 10 дана трансформаторлық қосалқы станция, 6,022 шақырым 10кВ әуе желісі, 44,17 шақырым 0,4кВ әуе желілері жаңартылады.
Келінтөбе ауылында электр тұты­нушылар саны 644 абонент, оның ішінде заңғы тұлға – 37, жеке тұлға 607 абонентті құрайды. Қазіргі уақыт­та, республикалық бюджеттен 150 000,0 млн теңге бөлініп «Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен аталған жоба жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде қуаты 10/0,4кВ болатын 12 дана трансформаторлық қосалқы станция, 6,313 шақырым 10кВ әуе желісі, 41,4 шақырым 0,4кВ әуе желілері жаңартылады.
Жалпы бұл мекеменің толық межесі емес, бұдан да басқа атқарар жұмыс жетерлік екенін байқадық. Өйткені, ауыл аймақ, кент ішіндегі көшелер бойындағы станцияларда жұмыс жасап жатқан электр мамандарын жиі көзіміз шалып жүр.
Бұл сөзімізді «Саяжай» ықшам ау­данына барған кезде кент тұрғыны, Жаңақорған ауданының құрметті аза­маты Серік Мұсабаев ағамыз да қуаттай түсті.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, «Сая­жай» ықшам ауданында электр жары­ғы толықтай тартылып, жаңартылды. Бүгінде жарық сөну дегенді ұмыттық. Бұрындары шамалы жел тұрса, аяз қысса жарық сөніп, соның салдарынан газ қосылмай, әбден әбігерге түсетін едік. Тіпті, кенттің өзінде де электр бағаналарын ауыстыру жұмыстарының жүріп жатқанын байқап жүрмін. Бұл атқарылып жатқан игі істер халық­тың билікке деген сенімін нығайтып, тұрғындардың ризашылығын арттырып отыр, – дейді.
Ал, Қожакент ауылының тұрғыны Мұхтархан Бұрханов ұзақ жылдар бойы жарықтың тауқыметін тартып, енді игілігін көретініне ауыл тұрғындарының атынан шексіз ризашылығын білдіріп, ыстық ықыласын білдірді.
– Осы уақытқа дейін ауылымызда жарық жиі өшіп қалатын. Өйткені ауа-райы құбылып, жел тұрса ескірген электр сымдары шыдас бермейтін еді. Енді, сапалы электр энергиясымен қамтылып, трансформаторлар жаңарып, ауылымыздың шырайы кіруде. Қазіргі уақытта жарық болмаса, тіршіліктің бәрі тоқтап қалғандай болады ғой. Енді, ауыл халқы уайымсыз жүретін болды, – деп алғаусыз тілегін жеткізді ақсақал.
Иа, жаңғырту жұмыстарынан соң электр торабы заманауи жабдықталып, қуат беру күші көбеюде. Ауданды толықтай электр жүйесімен үздіксіз қамтамасыз етеді. Аудан әлеуетін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Электр торабын жаңғырту да үлкен жұмыстың бірі. Жоба аяқталған соң халық игілігі үшін қызмет етері сөзсіз. Міне, биыл қорытындыланатын жобаның қазіргі беталысы осындай. Алдағы уақытта электр жарығы жолға қойылады деп сенім білдіреміз. Оның басы-қасында жауапты мамандары болары анық. Дегенмен бұл жоба жаңақорғандықтарға ортақ игілік, тұр­ғындар да жұмыстың жүйелі болуына мән беруі тиіс.

Әсел РЗАЕВА
07 қараша 2023 ж. 292 0