№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өркендеу мұраты – өндіріс қуаты

Өркендеу мұраты – өндіріс қуаты



Бұдан жарты ғасыр бұрын қойнауында мырыш пен қорғасынның кең көлемді қоры бар екені дәлелденіп, одақтық деңгейде өндіріс орнына айналған Шалқияның кеңестік кезеңде бағы жанғаны рас. Өркендеген өндіріс аясында кеншілер қаласы бой түзеп, соңғы үлгідегі тұрмыстық-әлеуметтік жаңашылдықтар ел өміріне өзгеше серпін берді. Кен өндірушілер мұғалімнен үш есе артық жалақы алатын құрметті мамандық иелері санатында болды. Шахтерлердің жағдайы жан-жақты қарастырылды.


Еліміз егемендігін алуымен бірге қоғамдық қатынастың жаңа жүйеге көшіп, бір орталық­тан басқарылған кәсіпорындардың бесжылдық жобаларды орындауда жаңаша тетік қалып­тастырып үлгеруге қабілетсіздігі кеніш тірлігін тұралатты. Кеншілер жұмыссыз қалып, кәсіп іздеп жан-жаққа көшті. Шалқия кентінде көп қабатты үйлер иесіз қалып, бұл өңірдің жүрегіндей болған кеніш өндірісінің шын қадірін айқындап берді.
Міне, сондықтан ел үкіметінің Шалқия кен орнын толық қуатында іске қосуда шетелдік әріптестермен ынтымақтастық қарым-қатынасқа ден қоюын құптауға болады.
Нақ қазіргі күндері Шалқияның екінші тыны­сы ашылды. Ондағы бүгінгі күні жүргізіліп жат­қан жобалар, мақсатты бағдарламалар жайлы жан-жақты көзбен көрмекке Шалқия кенішін бетке алдық. Бұған кешегі Қарағандыда болған жарылыс трагедиясының сананы тітіреткен сызы да себеп болмай қалмады. Біздегі жағдай қалай? Жер астын ұңғылап тәуліктер бойы жаны қыл ұшында жүрер кеншілердің қауіпсіздігіне кепілдік мәселесі көңіл толтыра ма?
Біз осы сұрақтарымызға нақты жауап алу үшін Шалқия Цинк ЛТД АҚ бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Асан Сүйіндік Юржанұлымен кездесіп, ақпараттармен жан-жақты таныс болдық. Ұққанымыз, өңірімізде кеніш қоры жөнінен әлемде бесінші орында тұрмыз. Халықаралық сұранысқа ие құндылықты ынтымақтаса игеруге ынталы мүдделер тоғысы таяу уақытта өндірістің қалыпты ырғағын толық қуатында іске қосуға қол байласып отыр екен. Бұл жөнінде ғалым-менеджердің сұхбаты сенімімізді нығайтты.
– Шалқия қорғасын – мырыш кен орнында тау кен байыту комбинатын салу жобасы толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жылына 4 млн тоннаға дейін кен өндірілетін болады, - дейді сұхбаттасымыз. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкісі арқылы қаржыландырылады. Құрылыс басталғанда 1000 адамға жұмыс беріледі. Ол толық қуатында іске кіріскенде 1500 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар подстанция көлемі үлкейтіледі, басқа да қажетті инфраструктуралар кезегімен іске қосылады. Қазірде кен байыту фабрикасының қондырғыларын Американың үлкен компания жобасымен сәйкестендіріп, алдын-ала қаржысы да аударыла бастады. Қазір осыған жан-жақты дайындық үстіндеміз. Кен өндіруге дайындық жұмыстарын мердігер атқаруда. Бұл Қытай компаниясы халықаралық деңгейде танымал, бұған дейін дүние жүзінде бірнеше өндірісті аяққа нық қойған. Қарауында 299 адам бар, басым көпшілігі жергіілікті жердің өкілдері. Өйткені талап та солай. Ертең комбинат құрылысына, ол іске қосылған соң да алдымен маңайдағы Құттықожа ауылы және Шалқия мен Жаңақор­ған кентінен тұрақты жұмыс қолы тартылатын болады. Сол адамдарды қарамағымызға алып, тау-кен жұмыстарын өзіміз жүргіземіз. Қазір қарауымызда 270-тей қызметкер бар. Олардың ішінде Мәскеуде, Қарағандыда білім алған, Шымкент пен Қорқыт Ата университетін, басқа да жоғары оқу орындарын бітірген жергілікті жастар бар екені қуантады. Үнемі жобаларлы бірге талқылап, өндіріс көлемін толық меңгеруіне тәлімгерлік дәрісімізді жұмсап келеміз, – дейді ол.
– Өңіріміздегі кен өндірістері айнала­сындағы әңгімеге құлақ түрсек, басшы­лыққа жергілікті кадрларды жаратпай­ды, сырттың адамын тағайындауға бейім тұрады деген өкпе-реніш алдымыздан шығады. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Осындай ахуалдың бары рас, оны оңдау үшін жергілікті кадрлар намысқа тырысып, өндіріс технологиясына барынша мамандануы керек. Ол өз алдына, халықаралық бәсекеге сай имиджді қалыптастыруда көп тілді меңгеру деген мәселе тағы бар. Қызметтің қабатында оқу, іздену, тіл үйрену өте қажет міндет. Қарауымдағы азаматтарға осылай кеңес беріп отырамын. Ел мен жер осы азаматтардың қолында. Біз белгілі уақытта жобаны іске асырамыз, мақсатымызды орындаймыз, ары қарай атамекен меншігінің маңдайын жандырып, иелік ететін солар болу керек. Сондықтан бір күнді қалт жібермей үйрен, ұқ, меңгер, жан-жақты маман болып шық деген тілектестіктен басқа ниет жоқ бізде.
Болашағы кемел кеніш орнын мамандармен қамту мәселесін бүгіннен қолға алмасқа бол­майды. Осы бағытта Жаңақорғандағы техни­калық колледжбен меморандумға отырып, тау-кен саласы бойынша факультетте мамандар оқытылуда. Алдағы уақытта мектеп оқушыларына да жолдама бөлу мәселесі қарастырылады, – деді.
Қазірде шетелдік мердігер қарауына берілген кеніш аймағында ұңғыманы қазуда қауіпсіздік ережелері қатаң бақыланып, апта сайын аппарат жиналысында жоба барысы сараланып отыратынын айтты.
Кеніш жұмысы алға басуы үшін шешімді өз уақытында қабылдайтын инвестор керек, сонда жұмыс қарқыны еселеп артады.
Кен байыту комбинаты іске қосылғанда Шалқия кеніші қуаттылығы бойынша жылына 4 млн тонна мырыш пен қорғасын өндіретін болады, бұндай көрсеткішпен кен орны Қазақстан бойынша гигант мекеме қатарына кіреді. Ал қазбаның қоры жөнінен әлемде 5 орындамыз. Аталған кен орнын игеру мырыш нарығында ірі компаниялардың бірі болуға және үлкен көлемде қорғасын өндіруге мүмкіндік береді. Жүйе бойынша нақты рудадан алатын 104 млн тонна қор бары кеніштің кемел келешегінен хабар беріп тұрғанын айтты өндіріс басшысы.
– Өз өмір жолыңыз туралы не айтасыз?
– Мен өзім Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты ауыл мектебінде дәріс алдым. Қараған­ды мемлекеттік техникалық унверситетіне оқуға түсіп Тау-кен факультетінде дәріс алдым. Оны 2009 жылы аяқтадым, одан әрі магистратурасын, докторантурасын тәмамдап, ғылыми өрісімді Жәйрем комбинатында бастадым. «Оқпанды ұңғылау» технологиясы тақырыбында іздені­сім нақты нәтижесін берді. Экономика магистрі дәрежесін де алдым. Мырыш және қорғасын өндіретін Ақжал кенішінде жеті жыл бас директоры қызметін атқардым. Қарамағымда 2 мыңға жуық адам болды. Міне, осы жылдары кен өндіруді ашық үдерістен жер асты үдерісіне ауыстыруды алдыма мақсат етіп қойдым. Ұзындығы 3 км, ені 1,5 км, тереңдігі 350 метр ашық карьерді жер астына ауыстыру үшін мамандарды оқыту керек болды. Қарауымда бірде-бір адамды қысқартпай, жаңа технологияға бейімдей отырып жаңаша әдіске баули алдық. Бұған 2015 жылы дайындыққа кіріссек 2018 жылы толық төселдік. Құрылысы әлі де кеңейтіліп жүріп жатыр. Екі шахта ашқан едік, екеуі де жұмыс істеп жатыр. Кен байыту фабрикасын жаңаша модернизациядан өткізіп, қуатын арттырған болатынбыз. Халық дән риза. Өйткені қарапайым ауылда өмір сүріп келген тұрғындар бүгінде жүз рпайыз жұмыспен қамтылған, орташа жалақысы 504 мың, шахтерлер 1млн -нан астам еңбекақы алып отыр.
Жаңақорған халқының жағдайы да нақ осындай деңгейге көтерілуге мүмкіндік бар. Өндіріс орны басшылығы бәсекеге қабілетті болуы үшін ең бірінші мамандардың жалақысын көтеруге мүдделі, әйтпесе жақсы кадрлар орталыққа кетіп қалады. Айлықты көтерумен қатар жұмыскерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы өркениетке сай болуы керек.
Шалқия кені орнының салалық министрлікпен 2047 жылға дейін контрактісі бар. Индустрия және инновациялық даму министрлігі мен құрылыс, кәсіпорын және транспорт саласы болып бөлінді, екеуімен де тығыз қарым-қатынастамыз.
Елдің ең бірінші байлығы – қорғасын мен мырыш, оны өңдей отырып, түскен табыс алдымен кеніштің модернизациясына салынады, содан соң жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына бөлінеді. Атап айтқанда, мектеп, мәдениет үйлері, балабақшалар салынады. Жергілікті жердің денсаулық саласына демеушілік жасалады.
Ал өзіңіз Шалқияны қандай дәрежеде елестете аласыз?
– 2022 жылы ақпан айында бес жобаны жеке басқаруыма алып, іске асырдым. Одан соң шақырумен осы жерге келдім. Қаратау қойнауында қайнаған тірліктің басы-қасында болуға тәуекел етіп отырмыз.
Келген күннен жергілікті халықтың өмірімен, тыныс-тіршілігі, әлеуетімен жете танысу үшін ең алдымен төл басылымын іздедім. Барлығын осы газеттен оқып, көріп-біліп отырмын. Әкем ұстаз еді. «Балам, қай жерде жүрсең де ауасын жұтып, суын ішкен ортаңның адамдарын құрметте» дейтін. Кеше, Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойына келіп қатыстым. Сонда пікірлескен ел ағаларының жақсы сөздері көңілімді қанаттандырды. Олардың айтысынан, осыдан екі-үш жыл ғана бұрын мүлде бос жатқан кенттің сол қанатына жағалай қатар түзеген құрылыстың аз уақытта осылай қанат жайғанын естіп, ынтымақты бас бііріктірген жұртшылыққа құрметім артты. Қандай керемет киелі жер. Жаңақорғандықтар осындай елдігінен ажырамаса екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет.

Баян ҮСЕЙІНОВА
04 қараша 2023 ж. 105 0