» » Мәдениеті жоғары елдің рухы биік

Мәдениеті жоғары елдің рухы биік

Жыл басында Шалқия кентінде жаңа мәдениет ошағының есігі ашылды. Кеншілер қонысы тұрғындарының ширек ғасырдан астам уақыт күткен тілегі орындалып, 150 орындық клуб үйі пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысанның ашылу салтанатына жылы лебізін білдіруге келгендер қатары көп болды.


  Соңғы жылдары Жаңақорған ауданының әлеуметтік саласы, оның ішінде, спорт пен мәдениет бағытында атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы кең. Соңғы 3 жылдың өзінде 10 спорт кешені салынса, биыл облыс бойынша аудандар арасынан біздің ауданда ғана екі клуб үйіннің құрылысы жүріп, оның біреуі бітті. Келесі нысан Жайылма ауылындағы жаңа мәдениет ошағының құрылысы. Бұл дегеніміз аудан өнерінің өрісін кеңейтіп, келешекке кемел қадам басып, өркениет көшінен қалмауға бет бұрған айқын бағдар.

Салтанатты шараға келген тұрғындар шынайы ризашылықтарын жеткізіп, бұл күн Шалқия мен Құттықожа жұрты үшін ақ түйенің қарны жарылған күн екенін айтып қуанды. Өйткені 1988 жылы №86 мектеп пайдалануға берілген кезде, клуб үйі сол білім беру ошағының ішінде болған. «33 жыл осындай заманауи ғимаратты күттік, бүгін сол армантілегіміз орындалып, қуанышымыз еселеніп жатыр» деп қуанулы.

Келбеті келісті, екі қабатты мәдениет үйінде 150 орындық көрермен залы ЛЕD экран, өнерпаздарға арналған үйірме бөлмелері, кітапхана мен асхана орналасқан. Тұрғындардың рухани демалыс орнына айналатын, жастарды өнерге, мәдениетке баулитын, шығармашылығын шыңдайтын жаңа ғимараттың әр күні рухани шаралармен өтуде, дейді клуб директоры Ғалымжан Дүйсенбаев.

Әзірге клуб үйінде 5 қызметкер үш үйірмеде жұмыс жасайды. Сонымен қатар Шалқия кентінде күрмеуі көп мәселелер де кезең-кезеңімен шешіліп жатқанынан хабардар болдық. Мәселен, Қ.Сәтбаев көшесі абаттандырылып, ауылішілік жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Сондай-ақ ашық тренажер алаңы салынып, кіші футбол алаңы жөндеуден өткізіліпті. Демеушілікпен электр желілері жаңартылып, өндіріс орнының қолдауымен орталық саябақ пайдалануға берілген.

Ал тақырыпқа арқау болған мәдениет үйінің Шалқия кенті тұрғындарына пайдалануға берілуі үлкен жетістік. Ендеше жаңа өнер ошағынан әлі талай өнерлі өрендер шығып, ауданның мәдениет саласына өзіндік із қалдырып, өңірді өркендету жолында еңбек ете береді деп сенеміз.

Лаура БИБАСАРОВА
22 желтоқсан 2022 ж. 303 0