№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қымбатшылық, қайда барасың?

Қымбатшылық, қайда барасың?

Сізде мен сияқты дүкенге барған сайын кассада тұрған сатушыға алған азық-түліктің бағасын қайта-қайта есептеуін сұрайсыз ба? Кеше сауда орталығында 1 келі печенье, 1 нан, 1 келі алма, 1 келі сары май алдым. Өзімнің есептеуім бойынша екі мыңның үстінде болуы тиіс. Сөйтсем, 3700 теңгенің чегін ұстатты. Алған затыма бір қараймын, сатушыға бір қараймын. Әшейінде ұялатын, бұл жолы қайта есептеуін сұрадым. Жо-жоқ ол жаңылмапты. Бәріне қымбатшылық кінәлі екен. 
Иә, азық-түлік бағасы аспандап барады. Дүкен жағалаған жұртшылық осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе күнделікті тұтынатын картоп, сәбіз, күнбағыс майының бағасы қымбаттады. Азық-түліктің бұл түрі елімізде өндірілетінін ескерсек, халықтың алаңдауы заңдылық. Жаһанды жайлаған індет алқымнан алып, тынысты тарылтқан сәтте нарықтағы қымбатшылық тағы бар. Қымбатшылық негізінен халықтың күнделікті тұтынатын тауарларынан-ақ байқалып тұр. Мысалы, аудандағы үлкен сауда орталықтарындағы баға космостық жылдамдықпен ұшып барады. Егер бақылау болмаса қай жұлдызға қонары белгісіз?!
Қазақ еттен дайындайтын тағам­дарды жиі тұтынатын ұлт. Тіпті етсіз ас батпайды. Ал, бүгінде сол ет бағасы аспандап тұр. Мәселен, жылқы етінің келісі 2400 теңгеден асса, сиыр еті 2200-2250 теңге, қой етін 2200 теңгеден табасыз. Күнделікті тұтынатын картоп – 200 теңге, сәбіз – 180 теңге, сұйық май 5 литрі – 3700 теңге, бірінші сұрыпты ұнның бір қабы (50 келілік) 10000 теңгені құрайды. Енді есептеп көрейік. Мәселен, қоғамдық жұмыста істейтін азаматтың табысы 42500 теңге. Оған нарықта не келеді? Бір айға қажетті азық-түлікке не кіреді? Алдымен соны анықтап алайық. Ең бірінші ұн (10000 теңге), сұйық май (3800 теңге), 10 келі еті 1 айға ( 22000 теңге), 10 келі картоп (2000 теңге), 10 келі сәбіз (2000 теңге). Міне, осы санаулы ғана затты алуға мүмкіндігі бар. Одан бөлек, қаншама керегі бар десеңізші!
Халықаралық зерттеу институттары әлем елдерінің тұрғындары жалақысының қанша пайызын азық-түлікке жұмсайтынын зерттеді. Айталық, азық-түлікке ақша жарату көрсеткіші Люксембургте – 8,4 пайыз, АҚШ-та – 9,5 пайыз, Нидерландта – 10,6 пайыз, Ұлыбританияда – 10,6 пайыз, Ирландияда 11,5 пайыз. Қазақстан орташа есеппен табысының 53,2 пайызын тамаққа жұмсайды екен. Егер аудан бойынша қоғамдық жұмысқа тартылған 869 адамды есептесек, жағдайдың қандай екенін бағамдауға болады. Мәселен, жоғарыда аталған ет, үн, сұйық май, картап пен пиязды қажетінше алғанның өзінде олардың жалақысы жетпеуі де мүмкін.
Бұл тақырып төңірегінде түрлі тұжырымдар жасалып, сарапшылар сан алуан ойды ортаға салуда. Мәселен, елдегі азық-түлік бағасының қымбаттап кетуінде Ресей нарығындағы тапшылықтың әсері бар дейді зерттеуші мамандар. Біздегі ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысы арта бастағаннан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Мәселен, Павлодардан келетін картоптың азаюынан бұл өнімге тапшылық орын ала бастағаны байқалуда. Өйткені, Ресейге экспортталатын көкөністің мөлшері бірнеше есеге артқан. Осы науқанды пайдаланып, байып қалайық дегеннің кебін киіп отырғандардың, өз еліне бүйректері бұрмай отырғаны өкінішті.
Ауданға тауардың көбі көрші аймақтардан келеді. Жолақының қымбаттығы, жанар-жағармайдың тұрақсыздығы базардағы тауар құнының өсуіне әкеліп соғады. Қымбатшылық тынысты тарылта берсе, базардың маңы әлеуметтік шиеленісті ошаққа айналуы әбден мүмкін.Кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындары аз емес. Оның әрбіріне арнайы бас сұғып, азық-түлік бағасын саралап көрдік те. Әсіресе сұйық май, жұмыртқа мен нан өнімдерінің бағасы расымен де қымбат. Мұны кез келген тұрғын растай алады. Соның бірі кент тұрғыны Жайсан Әшімова:
– Міне, 5 литр сұйық майды 3800 теңгеге алдым. Қалтама 20 мың теңге салып келіп едім. Үйдің қажеттілігін толықтай ала алмадым. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Әсіресе, жұмыртқаның бағасы қайда барады? Мына бір жапырақ нанның бағасы 120-130 теңге. Осыдан-ақ, бағаның өскенін анық байқауға болады. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы өскенімен, көп салада мұндай қолдауға ие емес. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – деп ойын ашық айтты.
Бұдан елдегі ішкі тұтыну нарығын бақылау саясатының әлсіз және алыпсатарлардың қарекетіне дәрменсіз бе деген ой туады.
Жанармай бағасы да тұрақталмай тұр. Көпшілік жиі тұтынатын АИ-92 маркалы бензин 180 теңге, дизель 230 теңге, газ 110-115 теңгеден сатылуда. Көлік тізгіндеген жұрт қалтаға едәуір салмақ салатынын уәж етуде. Ал құрылыс материалдарының бағасы тіпті қымбат. Бұл жөнінде төл газеттің №68 нөмірінде «Құрылыс материалы неге қымбат?» атты мақалада баяндадық. Сондықтан бұл жөнінде тоқталмауды жөн көрдік.
Есесіне дəрі-дəрмек бағасының мың құбылып тұрғанын зерделедік. Мәселен, карантинге дейін аспиринді 40-50 теңгеге алсақ, қазіргі бағасы 240-260 теңге аралығында. Парацетамол да осы жобалас. «Терафлю» мен «тайлол» 160-170 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы 300-350 теңгенің үстінде. Біз білетін ыстықты түсіретін санаулы дәрілердің бағасының құны осындай. Республика бойынша 3000-нан аса емдік дәрілердің бағасына мониторинг жүргізген мамандар 2842 дәрінің бағасы қымбаттағанын анықтады. Айта кететіні, мамандар мұның қолдан жасалып отырғанын ашық айтты.Әсіресе, балалы үйдің дәрісіз отырмайтынын ескерсек, нан алмасақ та дәрі алуға қаражат жұмсаймыз. Менің екі жасар балам тұмауратып, көкірегі сырылдап ауырды. Бір-екі күн қойдың майымен сылап, қайта-қайта сұйықтық беріп, барынша жағдайын жасадым. Бірақ, керісінше асқынып барады. Содан дәрігерге көрініп, дәріханаға бардым. Цефазалин 1 данасы 200 теңге, новакайн 155 теңге, виферон свечи 2400 теңгеге қымбаттапты. Бас-аяғы 9600 теңгеге дәрі алып шықтым. Менің байқағаным егер тұмауратып ауыра қалсаңыз, кемінде қалтаңызда 12-15 мың теңге болуы тиіс.
Сайыпкелгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдім.
Әсел РЗАЕВА
26 желтоқсан 2021 ж. 1 817 0