№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Хан - ша" халыққа қызмет етеді

"Хан - ша" халыққа қызмет етеді

Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін саланың бірі. Келешекте үлкен әлеуетке ие болу мүмкіндігі бар бірегей сала – жиһаз өнеркәсібі. Бұл – бізде даңғыл жолға түсіп кете қоймаған бағыт. Дегенмен соншалықты тұралап қалған да кәсіп емес.. Жаңақорғанда бұл кәсіппен айналысушылардың қатары жыл сайын артып келеді. «Жас келсе іске» демекші, ауданымызда кәсіптің көзін тауып, ісін дөңгелетіп отырған жастардың саны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі нарық заманында әркім өз бетінше жұмыс істеп, кәсібінен нәсіп теруді жөн санайды. Әсіресе, жеке кәсіпкерлігін ашып, өз ісінің өрге домалауын жолға қоюды көздейді. Сондай жандардың бірі Мелдебеков Нұрсұлтан Темірханұлы кент орталығынан «Хан-ша» жиһаз орталығын ашып, көпшілікке қызмет етуде.

 «Қалауын тапса, қар жанар» деген тәмсіл бар дана қазақта. Жолын тапсаң, табыстың көзін де табасың. Осы ретте аудан тұрғындарына жиһаздың түр-түрін жеткізіп, заманауи тұрмыстық қажеттіліктерді көпшілікке ұсынып отырған кәсіпкер – Нұрсұлтан да нартәуекелге бел буып, ойға алған мақсатын жүзеге асыруда. Нарық қатынастары қатал, ол ешкімді аямайды, дегенмен жанын жалдап еңбек еткенді құр қалдырмайтынын жоққа шығара алмаймыз.
– Қазіргі таңда «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі ғой. Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы университеттің ауыл шаруашылығы саласын бітіріп келдім. Алайда, өз салам бойынша жұмысқа орналаса алмадым. 2013 жылы «Ақ жол» сауда орталығына жұмысқа орналастым. Нұрболат Аширов ағамыздың қамқорлығымен көп тәжірбие жинақтап, сауданың қыр-сырын меңгеріп, міне бір жылдан бері өзімнің «Хан-ша» жиһаз орталығын аштым. Шүкір, қазір дамудың даңғыл жолына түсіп, кәсібімнің шырайы кіре бастады. Енді осы кәсібімді кеңейту мақсатында «Даму» қорынан несие алдым. Бұйыртса, жиһандың сан алуан түрінен әкеліп, халықтың таңдауына кең мүмкіндік жасасам деген ниетім бар, – дейді кәсіпкер.
Міне, сөзіне ісі сай бозбалаға қарап кәдімгідей марқайып қалдым. Жұмыс жоқ деп сылтауратпай, қолынан келетін істі кәсіпке айналдырып келеді. Байқасаңыздар, нарық заманы мол табыс тауып, жаңа жұмыс көздері көптеп ашылып, кәсіпке бейімделуге жол ашты. Жас кәсіп иесінің бір күнімен танысқанымызда оның өз ісіне адалдығын аңғардық. Әр келушіні жылы шыраймен қарсы алатын ол, кез-келген тұтынушының қажетін тауып беруге тырысады. Әр заттың қалай жасалғанын, сапасының қандай деңгейде екенін айтып, нәпақасын адал еңбекпен табатынын байқатты.
– Еңбектің қай түрінде болмасын ерінбесең ризық табасың. Шағын болса да береке дарыса кез-келген істің алға жылжитыны анық. «Ханша» жиһаз орталығынан бөлек құрылысқа қажетті заттарды сататын қосымша дүкеніміз бар. Қазір де бес адам таңнан кешке дейін халыққа қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Бір орында тоқтап қалуға болмайды. Өзім үнемі ізденіс үстінде жүремін. Қалаға барған сайын жиһаз дүкендерін ондағы тауардың сапасын үнемі бақылап отырамын. Өзім саудаға жоғары сападағы әрі әдемі тауарларды шығаруға тырысамын. Өйткені, тұтынушының сенімінен шығу біздің міндетіміз. Шүкір, аудан халқының жағдайы жақсы ғой. Сұраныс өте жоғары, – деді. Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат. «Адамды көркейтетін-еңбек» деген осы шығар, бәлкім. Шынында әлем еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады. Бұл тұрғыда Нұрсұлтанның сапаға мән беретінін тұтынушылар жақсы біледі.
– Қазір адамдардың танымталғамы артып, жайлы өмір сүруге талпынуда. Сондықтан оған сәйкес, дайын тауарды емес, тапсырыспен жасалатын жиһаздың қатты түрін дайындаймыз. Тұтынушылар ғимараттың көлеміне байланысты биіктігі мен еніне қарай тапсырыс береді. Кейінгі жылдары трансформер жиһаздарға сұраныс артып келеді. Жиһазды тапсырыспен өндіретіндіктен, сатып алушының талап-тілегін ескереміз. Тәуекелге бел буып, өзін дамытқысы келетін адам ғана белгілі бір кәсіппен айналыса алады. Әрі еңбек еткен табысқа жетеді, яғни өз жалқаулығын жеңген адам ғана мол бақыт пен байлыққа кенеледі. Сондықтан өзі жас болса да, кәсіпкерліктің көшін бастап отырған Нұрсұлтан Темірханұлының еңбегі көпке үлгі. Біз де өз кезегімізде кәсіпкерліктің баспалдығынан көрінген кәсіпкердің ісіне сәттілік тілейміз.

Әсел РЗАЕВА
11 қаңтар 2023 ж. 250 0