Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Егінге орақ түсті. Қамба дәнге толсын!

Егінге орақ түсті. Қамба дәнге толсын!

Ерте көктемнен кетпенін асынып, жерін тегістеп, дән сеуіп, ала жаздай дала төрінде тер төккен диқан қауымы енді түгелдей егін орымын бастады. Сыр беткейдегі ауылдардағы тіршілікті күнде көріп, еткен еңбек еш кетпесін деп тілеген ел көп. Өйткені, жыл сайын су тапшылығы орын алып, кейбір шаруалардан маза кетеді. Басқасын айтпағанда күрішшілер үшін судың аздығы ең өзекті мәселе. Алайда биыл каналдар тазаланып, су қашыртқылары ерте реттеліп, әйтеуір құрғақшылықтан аман қалғаны рас. Міне, осындай еңбек майданында жүрген еңбеккерлер Қожакент ауылында бас қосты. “Нұрбол и К” шаруашылығында алғашқы ораққа жиын өткізіліп, аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бастаған жауапты сала мамандары арнайы қатысты.

  Биыл аудан бойынша 35 715 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылса, соның 7903 гектары күріш өнімі. 1901 тонна күріш дәні себілсе, соның 1330 тоннасы «Лидер» болса, 571 тоннасы «Маржан», «Сыр сұлуы», «АйКерім» тұқымынан. Судың тапшылығына байланысты шаруалар күріштің көлемін көбейткен жоқ. Есесіне әртараптандыру бағытына бет бұрып, бақша мен көкөніс дәнін көбірек екті. 3000 тоннадан астам гектарға картоп, көкөніс пен бақша дақылының дәні тасталған. Сондай-ақ, мал азықтарының да көлемі артты. Бұл өнім де қазір нарықта үлкен сұраныста. Өйткені, көрші өңірлерді айтпағанда өзімізде де жыл сайын төрт түліктің саны еселеп артып келеді. Жалпы ауданда 781 шаруа қожалығы болса, соның 460- ы егінмен айналысады.

Осындай мәліметтерді, нақты нәтижені шара басында ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев таныстырды. Каналдарды тазалау, дәрілеу, жанар-жағар май, техника саны жөнінен де біраз мәліметтерге қанықтық. Шаруалардың тығырықтан шығудағы жұмыстарын да білдік. Айта кететіні, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында қосымша орындар ашылып ұжымдық түрде 295 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру бағытында жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыс келер жылы да қолдау табатыны анық.

Одан кейін “Нұрбол и К” шаруашылығының төрағасы Изатулла Үсенов ағамыз атқарылып жатқан жұмыстарын жүйеледі. Қожалықта биылға 139 гектар күріш дақылы егілсе, бидайдың көлемі 74 гектарға, жоңышқа 73 гектарға егіліпті. Егін басына арналған техникаларымен де таныс болдық. Дән сепкіш СТВ 4 және шөп жинайтын техника 2 данадан, 2 данадан камаз бен астық жинайтын комбайн және К-700, Зил-130 бен Трактор МТЗ-82 көлігінен 3 данасы бар. Сол секілді шаруашылықта дәрі сепкіш, жер тегістегіш құралдары жеткілікті екен.

– Жалпы шаруашылық мал өсіру және егін егумен айналысады. Қазір шаруашылықта 40-қа жуық отбасы жұмыс жасайды. Көбіне маусымдық кезеңде жұмысшы қолы ұзарады, ерте көктемнен қара күзге дейін қызу тірліктің өтінде боламыз. Жанар-жағар майдан биыл таршылық көріп жатқанымыз жоқ, арзандатылған дизель отыны уақытылы жеткізілгеннің нәтижесінде ойдағыдай егіс ектік. Тыңайтқыштың бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда арзандау келді. Былтыр күріштен гектарына 70 центнерден өнім алдық, биыл да сол нәтижемен түйіндесек деген жоспар бар. Бізге аса қажетті аяқ су мәселесін алдын ала дайындаудамыз. Каналдарды қазып, қашыртқыларды да тазалап жатырмыз. Ең бастысы, жұмыс жүйелі, қалғанын уақыт көрсетеді, – деді төраға.

Егінші қауымды, шаруашылық мамандарын құттықтаған аудан басшысы Мұрат Тілеуімбетовтың лебізі төмендегіше өрілді.

– “Балапанды күзде сана” дегендей, алты ай жаз төккен тер өтелер сәт диқан қауымы үшін аса қымбат, әрі жауапты мезгіл. Қаншама қызмет, күш-жігер қара жердің төсіне төгілді. Енді міне, соның жемісін көретін кез келді. Өздеріңізге белгілі, жылдан жылға өңірімізде су тапшылығы дендеп Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсетін су мөлшері азаюда. Сондықтан да биылғы жылы суды көп қажет ететін дақылдардың орнына суды аз қажет ететін дақылдар егуді, тамшылатып суару және су үнемдегіш технологияларды орналастыру арқылы ауданымызда көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттырып отырмыз. Суды көп қажет ететін күріш дақылының судан қалдырмаудың бар мүмкіндіктерін қарастырып аудандық су шаруашылығымен бірлесе су насостарын қоятын орындарды айқындап 11 насосты қажетті орындарға орналастырдық. Құрметті семинар кеңеске қатушы диқан қауымы және дала еңбеккерлері бүгінгі егіске алғашқы орақтың түсуімен баршаңызды құттықтаймын. Баршаңызды алтын дәнімізді шашпай-төкпей қамбаға құйып алуға шақырамын, – деп аудан әкімі тілегін жеткізді.

Ауыл ақсақалы Әсет Жиенқожаев ақ батасын беріп, орақ маусымының лентасы қиылды. Соңынан ас беріліп, Құран бағышталды. Тойдан сыбаға демекші, келген қонақтарға күріштен сый көрсетілді.

Иә, аграрлы сала ел экономикасының негізгі драйвері екені ақиқат. Мемлекет басшысы да өнім көлемін көбейтіп, экспорт әлеуетін арттыруды тапсырып келеді. Яғни, ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, импорт көлемін азайту нақты межеге айналды. Бұл нарықты реттесе, екіншіден, әлеуметтік саланы да жүйелейді.

Әлібек Жарықбаев

11 қыркүйек 2023 ж. 240 0