» » Көктемгі егістің қарқыны

Көктемгі егістің қарқыны


Қазіргі таңда облыс көлемінде ауыл шаруашылығы дақылдарын агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Облыс аумағында жаңа жоңышқа мен мақсары, дәндік және сүрлемдік жүгері дақылдарын егу жұмыстары жалғасуда. Сол сияқты жаздық бидай, жаздық арпа, қант құмайы толық егілді.


Биылғы жылы межеленген 78,3 мың гектар күріш егісінің бүгінгі күнге дейін 12 мың гектары егіліп, егілген көлемнің 7,3 мың гектары суға бастырылды. Ал аудан шаруаларының тыныс-тіршілігі қалай жүргізілуде?
Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы бөлімімен байланысып, мән-жайды жүйеледік.
– Аудан көлемінде қазіргі таңда күздік бидай, ескі жоңышқа дақылдары толығымен суарылып, жаңа жоңышқа, мақсары дақылдарын егу жалғасуда. Сонымен қатар аудан бойынша бекітілген күріш егу,суға бастырудың 5 күндік графигіне сәйкес көлемі 6600 гектарға жоспарланған негізгі күріш дақылының бүгінгі күнге 2500 гектары егіліп, 2100 гектары суға бастырылды. Күріш егу жұмыстары жалғасуда, – дейді бас агроном Дәурен Әбибуллаев.
Айта кетейік, Жаңақорғанда соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріліп келеді. Биыл да осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында дәндi дақылдар 11 767 га, майлы дақылдар 2 050 га, мал азықтық дақылдар 19 667 га, картоп, көкөнiс, бақша 3 293 гектарды құрап, негізгі дақыл күрiштің көлемін жобамен 6 600 гектарға ықшамдау жоспарлануда.
Әртараптандыру дақылдары бойынша ауданда азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен бағаны тұрақтандыру мақсатында 200 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу бағытында жұмыстар атқарылуда екен. Оның ішінде, «Маржан», «Лидер», «Ай-Керім», «Сыр Сұлуы» сорттары бар. Минералдық тыңайтқыштардың көлемі шаруашылықтар тарапынан 4010 тонна. 670 кг/л гербицид сатып алынған.

Техника және жанар-жағар май

– Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына 1 272 тонна дизель отыны бөлінген. Шаруашылықтарға «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС 1 литр дизель отынын 200 теңгеден, ал «Жаңақорған ОiI» ЖШС 198 теңгеден арзандатылған дизель отынын сатуда. Көктемгі дала жұмыстарына 201 трактор, 82 соқа, 42 дән сепкіш, 101 трактор тіркемесі толығымен дайын, – дейді
сала мамандары.
Ерте көктемнен кетпенін иығына асынып, алты ай бойы егін алқабымен арпалысып, еңбек ететін егінші қауым тынымсыз тірлікке ентеледі. Иә, Жер-Ананы тел еміп, ала жаздай маңдай терін сарп еткен диқан қауымның өнімі мол шығып, еткен еңбек ақталса игі.

Әлібек ТЕМІРБЕК
04 мамыр 2022 ж. 703 0