"Дала күні" іс-шарасы ұйымдастырылды
Биыл Жаңақорған ауданы бойынша 37779 га көлемге егістіктер орналастырылса, оның 11 320 гектарын дәнді дақылдар құрады. Жыл сайынғы орын алып жүрген су тапшылығына байланысты егілуі тиіс жоспардағы 6600 гектар күріш дақылы көктемгі жүргізілген түсіндірме жұмыстарының және шаруа қожалық иелерінің өзіндік белсенділіктерінің нәтижесінде бұл көлем 6072 гектарға дейін қысқартылып орналастырылды.
Биылғы жылы көктем мезгілінің күре тамыры сәуір айында ерте қозғалған диқандар, күріш пісіміне ерте ілініп отыр.
Бүгін "Қыркеңсе" ауылдық округіндегі "Бекарыс -С" шаруа қожалығының күріш алқабында аудандық деңгейде ұйымдастырылған "Дала күні" алғашқы орақ салу іс-шарасы кең көлемде аталып өтті.
Диқан қауымға құттықтау сөзін арнаған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов ваудан көлемінде ауылшаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар ауқымды істердің су шаруашылығы мамандары мен диқан қауымның және ауылшаруашылығы саласы мен әкімдік тарапынан жасалған ұйысқан тірліктің арқауы екендігін жеткізді.
Былтырғы жылы орын алған құрғақшылық зардабы мал шаруашылығында біраз қиындықтар туғызғанын ескеріп, биылғы жылы мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғайтылды. Нәтижесінде алынған мол өнім негізінде және аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес мал азықтық өнімдер жәрмеңкесі аудан орталығында екі рет ұйымдастырылып, жоңышқаның әр бумасының бағасы 500 теңгеге дейін төмендетілді. Ал былтырғы жылы 1000 теңге болғандығы баршаға белгілі.
Шара барысында күрішке алғашқы орақ салынып, ардагерлер тарапынан тілек білдірілді.