№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Үлгілі клуб» атанған ұжым

«Үлгілі клуб» атанған ұжым


Мәдениет халықтың руханиятын байытып, жан дүниесін нұрландырып, өркениет көшіне бастайтын сала. Кез келген елдің рухани танымын, көңіл көкжиегін кеңейтетін оның мәдениеті. Ауылдың басты мәдени ошағы - ауылдық клуб екені баршаға аян. Бұл тұрғыда Кейден ауылының мәдениеті мен өнерінің шоқтығы биік. Кейден ауылдық клуб үйінің басшысы Балмұхаммед Әбжаппаров жетекшілік ететін әзіл-сықақ отауы республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындар иеленіп, нағыз шығармашылықтың қайнаған ортасына айналған. Мұның өзін аудан мәдениетіне қосқан үлес деп бағдарлауға болады. Осы себепті, ауыл мәдениетімен біте қайнасқан клуб үйіне арнайы барып, Кейден клуб үйінің басшысы Балмұхаммед Әбжаппаров басшылық ететін ұжымның тынысымен таныстық.


– Өнер – таусылмас байлық, сарқылмас қазына. Ал, өнер иесі болу – Тәңірдің сыйы ғой. Бойыңдағы тума талантыңды еңбекпен ұштастырып халқыңа адал қызмет ете білу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ауыл мәдениеті мен өнерін, оның ішінде ұлттық өнерімізді дамытуда жолында жүйелі жұмыс жасап келеміз. Біздің ауылдың жастары мен бұрымды қыздары әзіл-сықақ байқаулары мен түрлі мәдени шараларда жүлделі орындардан көрініп жүр, – деп әңгіменің тиегін ағытты Балмұхаммед Әбжаппаров.
Ең бастысы, ауылдардағы клуб қызметкерлерінің өз істеріне деген үлкен жауапкершілік пен шығармашылық құлшыныстары жоғары. Байқағанымыздай, мәдениет ошағында әр мейрам текке өтпей, мәдени-рухани шара өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Кез келген шараның мазмұнды өтуінде мамандардың орны айрықша. Алайда бұл клуб үйінде меңгеруші мен сүйемелдеуші ғана шығармашылық жұмыстармен айналысады. Бүкіл жүк екеуіне артылған. Штаттық бірлік саны тапшы. Әдіскер, музыкалық аппаратура маманы, үйірмелердің жетекшілігі де осы екі қызметкер қосымша атқарады. Ал қалғаны есепші, техникалық қызметкер. Жасыратыны жоқ, мұндағы әрбір мерекелік шаралар еркін форматта және өзге де үздік шоу-бағдарламаларымен ерекше. Әсіресе, «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-сықақ отауының шығармашылығы бір төбе. Өзінің ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленетін Балмұхаммед Кейдендегі клуб үйінде басшылық қызмет атқарады. Аудандағы мәдени-рухани кештердің басы-қасында жүретін оны жерлестері нағыз «сатираның саңлағы» деп таниды. Айтқанда, ол жетекшілік ететін «Күлеміз бе, қайтеміз» әзіл-сықақ отауы биыл «Мінеки, Мейірманның ізбасарлары» атты республикалық сында бас жүлдені жеңіп алды. Әрі, өзі «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды.
– Кейден ауылдық клубы жанынан құрылған өзім жетекшілік ететін «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-сықақ отауы бірінші кезеңде «Әйелдер-ай» қойылымын қойды. Онда аудандық мәдениет үйінің майталман қызметкерлері Құралай Мұсахметова, Сайран Ділманов, Кенже Әкімбаева, Мұхтар Дәрібаев, Айдарбек сынды әріптестерімнің қатысуымен «Айтыс» интермедиасын сахналап келеміз. Ширек ғасыр уақытта бұл ұжымнан өнер әлемінде орны бар талай талант түлеп ұшты. Одан бөлек, «Мінеки, Мейірманның ізбасарлары» сатира сайысында бас жүлдемен оралған әзіл-сықақ отауы бұл жолы жүлделі екінші орыннан көрініп аудан мерейін асқақтатты. Бұл байқаудың сахна өнерпаздары үшін берері мол. Өйткені, «Тамашаны» тамаша еткен Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұрекеев ағаларымыздың ізін жалғаған өнерпаздарға мұндай байқау керек-ақ. Сахна төріне шығып тәжірибе жинауда осындай тартысты өнер бәсекесіне қатысу үлкен мәртебе. Жалпы, ауылымызда өнерлі жастар аз емес. Тек, арнайы уақыт бөліп, шығармашылықтарын шыңдай білу керек. Мысалы, тәп-тәтті бүлдіршіндерден құрылған жайдарман командасы әділ қазылардың жоғары бағасын алды.
Осы тұста айта кетейік, ауыл, аудан тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген «Ана» премьерасы Балмұхаммед Әбжаппаровтың «Ана» драмасын тамашалаған көрермен қойылым арқылы тәубеге келіп, өмірлік сабақ алғанын әлеуметтік желіде халық жарыса жазғаны есімізде. Ауыл тұрғындары асыға күткен қойылым басы әкесін пана тұтып, ана мейіріміне қанып өскен отбасындағы алты қыздың ортаншысының туылған күнін тойлау сәтімен өрнектеледі. Дастархан басында тойланған мерекелі кеште әр перзент асқақ арманымен бөлісіп, әкеге деген құрметін, анаға деген ілтипаттарын білдіріп жатады. Осы мезетте үйге шақырусыз келген қонақ досы Шәйменнің «ізіңді жалғар бір ұлға зар болдың-ау» деген сөзі отағасының намысына тиіп, осы күннен бастап отбасының шырқы бұзылады. Қыздарының асқар тау санаған әкесі ішкілікке салынып, қу арақтың құлына айналады. Осылайша перзенттерінің көз алдында жеккөрінішті, сүйкімсіз жанға айналған әкенің бұл әрекеті шаңырақты ортасына бір-ақ күнде түсіреді. Соққының астында қалып, есін жимастан аурухана төсегінде жан тапсырған ананың соңғы аманаты перзенттеріне арналған хаты болатын.
Оқуға жүрегі дауаламаған қыздар хатты әкесіне ұстатады. Бір бума қағазда: «Қыздарым, алтындарым! Сендер менің және әкеңнің маңдайына біткен бағысыңдар. Мен сендерге қыз балаға тән нәзіктік қандай болатынын айтумен қатар әкені сыйлауды, ренжітпеуді, бастысы әкелеріңнің қарғысына ұшырап қалмауды айтып тәрбиеледім. Қыздарым, осы хатым сендердің қолыңа тигенде менің бұл өмірде болмасым анық. Мен сендерге ризамын. Ал әкелерің риза болсын десеңдер оны ренжітпеңдар, ол сендердің әкелерің» деп жазылған екен.
Өкінішке толы болмыспен әйелінің қыздарына жазып кеткен хатын оқыған әкенiң, қыздардың өксіп жылағанына куә болған көрермен де көз жасына ерік берді. «Анасыз қалған алты қызым – бip ұлым» деген жұбайының хатын оқыған әке шығармадағы ойды осылай түйіндеді.
Қойылым соңында көрермен қауым шығармашылық ұжымға ұзақ уақыт қол соғып, қошеметін көрсетті. Қысқасы, ауылдық клуб сахнасындағы қойылым осылайша өз көрерменін тапты. Өйткені спектакльдегі әр сәтті мектеп жасындағы оқушы қыздар аса шеберлікпен ойнап, көрермен көңілінен орын алды.
Міне, Кейден ауылдық клубы – тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізіп, халыққа толыққанды мәдени қызмет көрсетуде заман талабына сай көпшілік іс-шараларды өз деңгейінде өткізуді мақсат еткен нағыз шығармашылық ұжым десек артық болмас. Өйткені, салт-дәстүрлерімізді, яғни ұлттық кодымыз бен мәдениетіміздің құндылықтарын сақтау, жандандыру бағытындағы жұмыстарды және ұлы тұлғаларымызды қастерлеп, өнегелі өмірлерін насихаттап, тұрғындарға мәдениет саласындағы барлық жаңалық пен жаңашылдықты дер кезінде жеткізіп отырған мәдениет ошағы екені сөзсіз.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ

05 қыркүйек 2023 ж. 236 0