№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АГРОШАРУАШЫЛЫҚ: ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛМЕСЕ ІС ӨНБЕЙДІ

АГРОШАРУАШЫЛЫҚ: ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛМЕСЕ ІС ӨНБЕЙДІ


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді түбегейлі бетбұрыстарға бағыттау қажеттілігіне тоқталды. Яғни, «Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыруға» басымдық беру керек. Ғылыми институттар ауыл шаруашылығы саласының дамуына дем беруі тиіс. Осыны терең түсінген аудан әкімі Ғалым Әміреев Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен іскерлік байланыс орнатты. Нәтижесінде институт директоры Теміржан Айтбаевпен аудан диқандарын ғылыми сүйелдемелеу жөнінде меморандум жасалды. Біз ауылшаруашылығы ғылымының докторы Теміржан Ерқасымұлынан жұмыстың жүргізілу барысы жайында сұраған едік.
– Келісімге қалай келдіңіздер?
– Сыр өңіріндегі аудандар арасында өзінің ұсынысын білдірген Ғалым Әміреев болды. Білікті басшы институтқа арнайы келіп, ғылыми жұмыстармен және заманауи технологиялармен танысып, біздің ұжыммен жұмыс жасайтын ниетін жеткізді. Біз Жаңақорғанның климаттық және топырағының ерекшелігін ескеріп, бақша және көкөніс түрлерін ғылыми тұрғыда қолдау арқылы өнімділікті арттыруды қолдадық. Осылайша келісімге келдік.
– Қандай шаралар атқарасыздар?
– Институт тарапынан нақты жұмыстар басталды. Аудан әкімінің инсативасымен Жаңақорғанда төрт агро-индустриялық аймақ құрылып, демостациялық жұмыстар басталды. Яғни, тұқымның жаңа сорттарын ұсынып, оның өнімділігін бақылаймыз. Оған біздің институттан ғалымдар мен білікті мамандары қатысады. Мақсат – өнімділігі жоғары сорттарын жерсіндіру. Ол үшін үш бағытта жұмыс жасалуда. Біріншісі, жаңа сорттарды өндіріске енгізу. Екіншісі, тұқым шаруашылығын жолға қою. Үшіншісі, инновациялық технологиялармен жұмыс жасау.
Жаңақорғанға көкөніс пен бақша дақылдарының жаңа сорттары әкелініп, оны қалай өсіріп-баптау жөнінде тиісті шаралар атқарылады. Жалпы, ғалымдар технологияны тиімді пайдалану, зиянкестермен күресу, тұқым ауруларын болдырмау сынды маңызды жұмыстарда тәжірибелерімен бөліседі.
– Институттың шаруашылықтарға берер пайдасы қандай?
– Уақыт тиімділігі жағынан да, қаржылық шығын жағынан да ұтады. Яғни, диқандар институтпен бірлесе жұмыс жасаған жағдайда өнімділік артады. Ескі сорттардан арылып, жаңа тұқым түрлерін жерсіндіруге мүмкіндік туады. Ең бастысы, ғалымдардың қызметін пайдалануға болады.
Айта кететіні, жаңа сорттармен жұмыс жасауға ниет білдіргендерді мемлекеттік қолдау бар. Мәселен, картоптың келісін 120 теңге сатып алса, субсидия арқылы 84 теңгесі қайтарылады. Демек, картоптың жаңа сортының келісін небәрі 34 теңгеге сатып ала алады. Бұл шығынды азайтып, табыстың артуына септігін тигізеді. Міне, осыны кәдеге жаратуға болады.
– Халықаралық нарыққа Жаңақорғанның өнімі шығуы үшін не қажет?
– Ең алдымен, агро шаруашылық саласы ғылымға негізделуі тиіс. Жаңақорғанның климаттық жағдайы қандай өнімді болмасын өсіруге өте қолайлы. Тек заманауи инновациялық әдіс-тәсілдермен жұмыс жасайтын шаруашылықтар құру қажет-ақ. Бір сөзбен айтқанда, агрокешенді ғылымға негіздемей іс өнімді болмайды.
– Сорттық қорларыңыз жайлы айта кетсеңіз...
– Ғылыми-зерттеу институтының қорында әлемнің 100 елінен әкелінген көкөністердің 157 түрінің 12000 дана үлгісі институттың көкөніс-бақша дақылдары гендік қорын құрайды. Қазіргі уақытта әлемнің 40 елінен әкелінген 2100 картоптың гендік қоры бар. Жалпы, қысқа және ұзақ мерзімді жинайтын, қыста сақтауға төзімді және маусымдық мезгілде қолданатын көкөніс және бақша дақылдарының сорттары бар. Оларды Жаңақорған ауданына жер сіндіріп, өнімділікті әрі сапаны арттыруға болады.
– Институттың игілігін көріп жүрген өңірлер бар шығар?
– Әрине. Ғылыми институтпен әріптестік аясында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігімен келісімге келіп, нәтижелі жұмыс жасадық. Одан бөлек, Жамбылдың Меркі ауданы, Павлодардың Лебяжі ауданы, Шығыс Қазақстаннан Зеренді ауданымен және т.б. тығыз-қарым қатынас орнаттық. Мәселен, Лебяжі қарбызы Ресей нарығына танымал болды. Дәмі тіл үйіретін қарбыздардың өтімділігі жоғары. Басты артықшылығы оңтүстік аймақтың қарбызы қазан болған уақытта піскендіктен бағасы жоғары. Меркіде пияз түрлерінің өнімділігі артуына ғылыми қолдау көрсеттік. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш – Жер сыйы» ЖШС элиталық көкөніс пен жеміс-жидек көшеттерін өңдеуде әріптестік танытып отырмыз.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
19 мамыр 2018 ж. 1 305 0