№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АГРОШАРУАШЫЛЫҚ ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ

АГРОШАРУАШЫЛЫҚ ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ


Аудан әкімі Ғалым Әміреев кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласына серпін беретін тың бетбұрыс бастады. Яғни, ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндіктерін кеңейту, импорттық тауарларды азайту, көкөніс және бақша дақылдарын ғылымға негіздеу арқылы өнімділікті арттыру қолға алынбақ. Мұндай бастамаға ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын ғылыми тұрғыда қамтамасыз ететін Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қолдау көрсетеді.
Алдымен әкім ғылыми институтқа арнайы барып, жұмысымен жан-жақты танысып, ауданда егін шарауашылығы саласын ғылыми сүйемелдеуге шақырған еді. Бәсекеге қабілетті сорттарды өндіріске енгізетін ғылыми-зерттеу институтының (ҒЗИ) ғалымдары бірлесе жұмыс жасауды қолдап, ауданға келді. Олар аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен «Ауданда картоп және көкөніс шаруашылығын дамытуды қолға алу» атты семинар кеңесте ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық төрағаларына мол өнім алу және қайта өңдеу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті
– Институт Қазақстанға қажетті тұқымның 3 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қалғаны шетелден импортталады. Жалпы, ҒЗИ сұрыптауынан шыққан отандық тұқымдар сапалы, әрі жергілікті жерде мол өнім береді. Ең бастысы, бағасы қол жетімді және ғалымдармен бірлесе өнімділікке жұмыс жасауға болады, – деді аудан басшысы.
Расында, ХХ ғасырдың 40 жылдары негізі қаланған ҒЗИ көкөніс, бақша дақылдары сұрыптарының нағыз бірегей гендік қорына ие. Бүгінде ғылыми-зерттеу институты селекциялық-тұқым шаруашылық зерттеулерін дақылдың 25 түрі бойынша жүргізеді. Атап айтқанда, картоп, пияз, сарымсақ, қызанақ, қырық қабат, тәтті және ащы бұрыш, қияр, асқабақ, сәбіз, қызылша, аскөк, шалғам, көк және бұршақты көкөністер, қарбыз бен қауынның түрлі сорттары бар. Картоп пен көкөніс-бақша дақылдарының оригиналды және элиталы тұқымдарын өндіретін ғалымдар дақылдарды суарудың озық су үнемдегіш технологияларымен, тыңайтқыштар мен зиянды организмдерге қарсы өсімдік қорғау құралдарын пайдалану жүйелерімен, суармалы көкөніс шаруашылығында топырақтың құнарлылығын сақтау және қайта қалпына келтіру тәсілдерімен бөлісуге дайын. Бұл жөнінде институттың бас директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Жантасов түсіндіріп берді.
– Біз табыс табу үшін емес, сіздердің табысты болуларыңыз үшін келіп тұрмыз. Әрине, сіздердің де көп жылдық тәжірибелеріңіз бар. Дегенмен, біз ғылыммен ұштастыра дамудың жолында әріптестік танытуға дайынбыз. Институттың тектік қорында әлемнің 100 мемлекетінен жиналған 157 дақыл түрінен 12 500 сорт үлгісі бар. Мәселен, картоптың «Ақсор», «Альянс», «Жанайсан», «Жуалы», «Астана», «Үшқоңыр», «Мирас», «Нәрлі», «Ильин», «Теңіз» және т.б сорттарынан мол өнім жинауға болады. Бұл картоп сорттарының бірі сақтауға жарамды болса, екіншілері қысқа уақытта өнім береді. Сондай-ақ, пияз, қызанақ, қызылша, сәбіз, қияр, асқабақ, қарбыз, қауын және т.б ондаған сорттары бар. Әрине, олардың ішінде Қызылорда облысына аудандастырылған түрлері көп, – деді Теміржан Ерқасымұлы.
Айта кететіні, ҒЗИ 1991 жылы 12 сорт қана болса, 2017 жылы 25 дақыл бойынша 170 сортқа жеткізген. Осылайша, Қазақстанды өнімділігі жоғары, сапалы тұқымға деген тәуелділіктен арылтты. Бұл институт ғалымдарының ұзақ жылғы жұмысының нәтижесі. Бүгінде білікті мамандар тұқым өндірісінен бөлек, жылыжайда өнім алу, дақылдарды өсіруде заманауи технологияны қолданудың артықшылықтары және т.б жөнінде тәжірибелерімен бөлісіп жүр.
Сондай ғалымның бірі – Серік Жантасов. Өнімділікті арттырудың жолдарын ғылыми негізде дәлелдеп жүрген маман шағын жылыжайда мол өнім алу жайында бөлісті.
– Сингапур, Жапония сынды дамыған елдерде шағын жылыжайларға басымдық беруде. Себебі, шатырда, балконда құруға болатын жылыжайлардың шығыны аз. Жалпы, жылыжайды құрмас бұрын жер таңдау, жабдықтары мен биіктігін жоспарлау қажет. Қазір жылыжайларда арнайы жарық беретін шамдар (лампа) пайда болды. Мұндай шамдар дақылды 20-25 күн ерте пісіреді. Сонымен қатар, ақылды технология арқылы да жылыжай кешенінде өнімділікті арттыруға болады. Яғни, арнайы қондырғылар арқылы жердің ылғалдылығы мен құнарлығын қадағалауға мүмкіндік береді. Жалпы, жылыжайда лимон өсіргендер мол табысқа жете алады, – деді ҒЗИ көкөніс-бақша дақылдары селекциясы бөлімінің меңгерушісі Серік Қажыханұлы.
Институттың көкөніс дақылдарын өсіру техно-
логиясы және тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Жарас Мамырбеков өнімділікке қол жеткізуде заманауи технологияның маңызына тоқталды.
Оның сөзінше, суды үнемдейтін жүйені жаңғырту маңызды. Бұл тәсіл жердің құнарлы қабатын сақтауға, арам шөптердің аз шығуына және өсімдікке қажетті мениралды қоректік заттарды тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл өнімділікті арттырады. Суды тамшылатып, шашыратып және жер асты суару тәсілі арқылы үнемдеуге болады.
Семинар барысында институт ауданда құрылатын агро-индустриялық аймаққа егілетін дақылдардың тұқымын қамтамасыз ететіні және ҒЗИ бірлесе жұмыс жасауға ынталы дихандарды ғылыми тұрғыда сүйемелдейтіні белгілі болды. Сонымен қоса, 2019 жылы тұқым шаруашылығы бағытында жүйелі жұмыс жүргізетін орталық, 2000 тонна ауылшаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма салынатыны айтылды.
– Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 2018 жылды облыс бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатын бастамадан қалыс қалмауымыз тиіс. Ал, ауданда кәсіпкерліктің қай түрін дамытқан тиімді? Әрине, ауыл шаруашылығы саласына басымдық берген жөн. Сондықтан, ҒЗИ бірлесе жұмыс жасауды қолға аламыз. Бұған аудан тұрғындарын белсенді қатысуға шақырамын, – деп түйіндеді кездесуді әкім.
Шара соңында аудан әкімі Ғалым Әміреев пен институт директоры Теміржан Жантасов бірлесе жұмыс жасау жөнінде меморандумға қол қойды.

ТҮЙІН. 2017 жылы Сыр өңірінде ауыл шаруашығы саласы бойынша «Үздік аудан» номинациясына ие болдық. Әрине, мұндай жетістікке жетуде күріштің өнімділігі жоғары сортын енгізу шешуші рөл атқарды. 2018 жылы картоп және бақша дақылдарына басымдық берілуде. Егер аудан тұрғындары маңызды істің байыбын түсініп, белсенді іске кірісіп, агрошаруашылықты ғылымға негіздеуге мән берсе табысты болудың жолын табарымыз анық...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
17 наурыз 2018 ж. 1 513 0