№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тазалық төрімізден түспесін

Тазалық төрімізден түспесін


Тазалық мәдениетін қалыптастыруды әсілі қазаққа ешкім үйреткен емес. Табалдырығынан бастап төріне дейін таза болуды ұрпағына өнеге еткен текті ұрпақтанбыз. Шүкір, соңғы жылдары кент келбеті келісті көріне бастады, әсіресе көшелер көркі кіріп, мұнтаздай тазалыққа тұрғындар сергек қарап, сәнін келтіре бастады. Алайда, мұнымен таза болып кеттік демейміз, бұл мәселеге қырын қарайтындар көп.


Өткен аптаның сенбісінде республикалық «BIRGE TAZA QAZAQSTAN» акциясы өтіп, акция аясында аудан көлемінде санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандырудың 2 айлығына байланысты Жаңақорған кенті мен барлық ауылдық округтерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілік жұмыстары барысында көшелердегі күл-қоқыстар тазартылып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді.
Ауданға әкім болып келген Мұрат Жолкелдіұлы сенбілікке сергек қарауға шақырып, жұмысты тазалықтан бастауды тапсырды.
– Қанша жерден сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны, айналаны ретке келтіріп жатса да, кейбір азаматтардың жауапсыздығынан күл-қоқыстар қайтадан пайда болып, тазаланған жерлер қайтадан ластанып жатқандығын көз көрді. Кент ішін айтпағанның өзінде шет аймақтағы жолдардың бойына төгілген қоқыстар келген қонаққа, өтіп бара жатқан жолаушыға біздің тазалыққа қалай қарайтынымызды көрсетеді. Ендігі мақсат, құзырлы орындармен кент көшелеріне рейд жүргізіліп, тұрғын үйлер арасында белгіленбеген жерлерге күл-қоқыс төккендерге заң шеңберінде шара қолдану іске асырылатын болады.
Сондай-ақ бүгінгі тазалық шарасы барысында кент тазалығына өз үлесін қосқан Ернұр Маратбекұлы басқаратын «СКЗ – U» ұжымына ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Мекеменің қырыққа жуық маманы ортақ іс саналатын тазалық атты өзекті мәселеге үн қосып, тазалықты әркім өзінен бастау керек екендігінің үлгісін көрсетті, – деп аудан басшысы әлеуметтік желіде пікір қалдырды.
Жалпы кентте 170-тен аса көше болғанымен, 132-сі ғана ресми тіркелген. Осы көшеде 90-ға жуық көше комитеттері нақтыланса, қалғанында енді сайланбақ екен. Қалай десек те, тазалық мәселесі бірінші орында тұруы тиіс екенін ардагерлеріміз де үнемі айтып жүреді.
– Сенбілікте 15 дана арнайы көлік қоқыстарды аудан сыртына шығарды. Кәсіпорын ұжымдары кент әкімдігімен бірлесе отырып белгіленген аймақтар бойынша шөп шауып, бағаналарды сырлап, әктеп үлес қосып, белсенділік танытты. Туған жерге деген сүйіспеншілігі мол аудан тұрғындары өз қолымен қағаз-қалдықтарды тазалап, қызу түрде жұмыс істеді. Қай кезде болсын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау – адамдықтың басты қасиеті. Сондықтан тазалық мәселесіне бей-жай қарамайық, – дейді кент әкімі Сардармұхамедуәлі Садықов.
Ресми мәліметке сүйенсек, аудан, кент әкімі аппараты, ауылдық округтерде 2000-нан астам тұрғынның қатысуымен сенбілік қызу түрде ұйымдастырылыпты. Алдағы уақытта да санитарлық тазалық жұмыстары жалғасын табатынын білдік. Ол уақыттың көшіндегі тірлік, ең бастысы, табалдырықтан басталатын тазалықты төрімізден түсірмесек игі.

Әли ТЕМІРБЕК
26 сәуір 2022 ж. 519 0