«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ердің келбеті еңбекпен көрікті

Ердің келбеті еңбекпен көрікті


Одан әрі жұмыс сапарымызды ауылдың өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосып, 17 жыл бойы ауылда әкімдік қызметте болған ел ағасы Саруар Бимбетовтың үйіне арнайы барып, ауылдың тыныс-тіршілігіне тереңдей түстік. Ауыл басқарғандағы ең басты ұстанымының бірі – тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, халыққа рухани қызмет көрсету арқылы жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу екенін ісінен де, сөзінен де байқадық.


– Ауыл – қазақтың күретамыры. Ұлттық құндылықтың ошағы осы ауылдан бастау алады емес пе?! Қыраш таудың етегінде, тұмса табиғаттың аясында қоныстанған ауыл ғой. Әуелі ауылға әкім болған уақытта ауылдың келбеті көңілге қона қоймайтын. Әкімдік ғимарат жоқ. Ескі мектептің бір бөлмесінде, бәріміз отырып жұмыс жасайтынбыз. Осылай 2005- 2014 жылдары әржерде көшіп жүріп, жұмыс жасадық. 2014 жылы әкімдік ғимаратымыз бой түзеп, ауылға кіре беріс жерде көк туы желбіреген бас ғимарат ауылға ерекше ажар берді. Дәл сол жылы көктемде мектебіміз өртеніп кетті. Бірақ, ауыл халқы қарап отырған жоқ. Ауылдың үлкен-кішісі барлығы жаппай кесек құйып, бір жағадан жең, бір жағадан қол шығарып, күзде жаңа ғимаратта балалар білім алды. Ауданның бюджеті толықса керек, ауылда медпункт салынды және тас жолдар асфальтталды. Осы 2004 жылы ауылда облыстан басшылар келіп, халықпен кездескенде ұсыныс айтқан едім. Яғни, ауылдан 6 км жерде бұлақ бар. Соны пласмасс трубамен әкелуге болатынын алға тарттым. Бастапқыда қаржысы қарала қоймайды. Деген­мен сметалық құжаттарын әзірлеп ұсындық. Сонымен көп ұзамай ауылдың шетіне труба қондырып, үш жыл өткеннен кейін ауылға ауыз су, аяқ су келді. Содан кейін тоғанды күрделі жөндеуден өткіздік әрі су қоймасын екі есе үлкейттік. Әлі күнге дейін ауыл халқы ауыз су, аяқ сумен қамтамассыз етілген. Ауылдың тыныс-тіршілігі өте жақсы, ізімізден ерген жастар тиянақты жұмыс жасап келе жатыр, – деп бір марқайып қалды.
Одан әрі осы Қыраш ауылында жастарға білім нәрін сеуіп, ағарту саласында 43 жыл еңбек еткен Әлия Садырбаева апайды сөзге тартып, ауылдың білім беру саласының жайын сұрадық.
– Ауыл мектебі әрдайым білім беру жүйесінде ерекше орын алады ғой. Біздің шағын ғана ауылымызда білім беру мен тәрбие саласы бір жүйеге қойылған деп айта аламын. Осы Қыраш ауылының негізі бар, аудан бойынша алдыңғы 10 мектептің қатарынан ешқашан түскен емеспіз. Жыл сайын ҰБТ емтиханында жоғары нәтиже көрсетіп, балаларымыз мемлекеттік гранттарды көп жеңіп алады. «Жас мұраты білім, тәлім-талабы, өнер, оқу жастың қару жарағы» демекші, жастардың білімге-ілімге деген құлшынысы көз қуантады. Біздің ауылда үлкен кітапхана бар. Менің мақтанғаным емес, бізде кітапханаға баратын балалар өте көп. Қазіргі ауылымыздың әкімі Бақытжан Әжібеков осы кітапханадан шықпайтын. Әлі күнге дейін өскелең жастар өте білімді. Өйткені, мектепте нағыз өз ісінің мамандары, жоғары санатты ұстаздар қызмет етеді. Бәлкім, бұл да бір туған жеріміздің өзіндік құндылығы болар, – дейді ұлағатты ұстаз.
Міне, осындай өнегемен өмір жолын өрнектеген Саруар Бимбетов пен жары Әлия Садырбаева көтерген алтын уықты шаңырағында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді.
Бұл күнде немерелер сүйіп, өздерін әлі де еңбектен алыс сезіне алмайды. Балаларының барлығы бір-бір мамандықты игеріп, елдің өркендеуіне қызмет етуде. Қай жерде жүрсе де оларды біріктіретін бір орталық бар, ол Қыраш ауылындағы қара шаңырақ. Өмірде нардың жүгін көтерген Саруар Бимбетов жайма-шуақ жаны бар, таза сақталған ары бар, ұлтын сүйген қызу қаны бар азамат. Істеген ісінде, күнделікті қарекетінде адамгершіліктің ізі жататын оның айқара ашқан құшағынан үнемі бауырмалдықтың, жылылықтың лебі есіп тұратынын аңғардық.
Біз де осылайша тірлігі мен бірлігі жарасқан ауылдың жағымды жаңалықтарына қанығып елге қайттық. Осындай ел ағалары мен қазақтың атқамінер азаматтары көп болса, міндетті түрде ауыл көркейері сөзсіз.


Әсел РЗАЕВА

29 тамыз 2023 ж. 293 0