№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құт қонған Қожакент

Құт қонған Қожакент



Қожакент – 2018 жылы облыс бойынша Нағи Ілиясовтан кейінгі “Үздік ауыл” номинациясын жеңіп алған аудандағы ауыл. Мал басы мен егін шаруасынан өзгеге де өнеге болатын істері аз емес. Әсіресе, спорт саласына басымдық көп, бір емес екі бірдей спорт кешені бой көтеруде. Бұл да ауыл жастарының болашағына салынып жатқан үлкен инвестиция. Ал, егін шаруасы тіпті ширақ. Күріші жайқалған, бидайы бітік, жоңышқасы жасыл желекті. Аудан бойынша күріш зауыты осы округте, енді тұқым шаруашылығы іске қосылмақ. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жүзеге асса қандай керемет болар еді. Кәсіпкерлік саласында да серпін бар. Жаңақорғанда тұңғыш қаңылтыр өндіретін цех осында, одан бөлек те көкжиекті кәсіптері бар. Бұл байыпты бастамалардың басы-қасында белгілі меценат, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов тұрғанын көпшілік біледі. Бұл бөлек әңгіме.
Ауылдың негізгі тіршілік көзі аграрлы сала екені айтпаса да түсінікті. Мал басы жөнінен ауданда алдыңғы үштікте тұр. Егін шаруасынан да үлгілі істері жетерлік.
Біз бүгін егін саласына көбірек иек артуды жөн деп таптық. Биыл ауылдағы ағайын 5921 гектарға егін егіп, ерте көктемнен тіршілігін түзеуде. Ауыл әкімі Елеусіз Жиенхожаевпен байланысып, ауыл тынысын таразыладық. – Биыл күріштің көлемін 1917 гектарды құрады, оның ішінде бидайды 305 гектарға жеткізсек, жаңа жоңышқа көлемін 682 гектарға жетті. Ал, негізгі дән ескі жоңышқаның биылғы аумағы 2465-ке жетті. Қалған гектарға мақсары, картоп, қауын мен қарбыз және көкөніс орналастырдық. Біз мал азығы мен күрішке көбірек басымдық береміз. Бұл дәстүрлі науқан, бұйырса күзде ойдағыдай өнім аламыз деген ниеттеміз. Алла сәтін салып, судан тарықпасақ, биыл да былтырғы межені қайталауға, тіпті артығымен орындауға барымызды саламыз. Барлығы елдің несібесі, егіншілердің адал еңбегінің жемісі. Бізде мал шаруасы жақсы дамыған, осыған орай бидай мен жоңышқаға сұраныс өте жоғары.Одан қала, өзге ауылдар мен кент орталығы, тіпті көршілес облыстардың нарығына әсер етеміз. Бұл да ел әлеуетінің еселенуіне зор үлесін қосады, – деді ауыл әкімі. Ауылдағы ағайын ерте көктемнен кетпенін сайлап, егіс басында еңбекті ерттейді. Алты ай бойғы маңдай тердің өтеуін күзде көріп, жиын-терімді адал еңбектен табады. Қазір 94 шаруа қожалық агросалаға серпін беріп келеді.
2022 жылды жүйелесек, қожакенттік дала еңбеккерлері 6124 гектарға дән тастапты. Оның жартысынан көбі жоңышқаға арналған. Күріш 1194 гектарға егілсе, күздік бидайдың көлемі 720 гектарға жеткен. Сол секілді мақсары, көкөніс, картоп және бақша өнімдеріне де мән берген. Жалпы жиналған өнім көлемі көңіл қуантарлықтай. Күріштен 77 610 тонна өнім алынса, күздік бидайдан 13680 тонна және жоңышқа 223 532 тонна өнім жиналған. Жыл сайын әртараптандыру бағытына бет бұрған диқан қауым бұйырса бақша көлемін еселеуді жоспарлап отыр. Жалпы ауылда 3500-ден аса тұрғын бар. Егіннен бөлек мал шаруасын да ширатып, бүгінде ауылда төрт түлік басы 10 мыңға жуықтаған. Бұл дегеніміз әр тұрғынға 2-3 бас мал тиесілі деген сөз. Жұмыссыздық мәселесі жыл сайын реттеліп келеді.
Ең бастысы, ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі мықты. Қолы ашық, жомарт жандар қатарының көбі қуантады. Тек әлеуметтік көмек берумен ғана шектелмей, егінге техникамен де жәрдемші. Өйткені, ауылдың барлығында техника түгел деуге келмейді.
– Ауылшаруашылығы техникаларының саны 136-ны құрайды. Оның ішінде, шынжыр табанды трактор, доңғалақты трактор, комбайндар, соқа, дән сепкіш және трактор арбалары бар. Биыл комбайндар саны 37-ге жетті, бұл ертең күздің күні шаруалардың қажетін өтеуге аздық етеді. Дегенмен, елде болса ерінге тиенітін ұмытпаған жөн, – дейді ауыл әкімі.
Әкім сөзінің соңында биылға жоспарды жүйелеп, атқарылатын мәселелерге қысқаша тоқтала кетті. Ауылды көркейту-көгалдандыруға, жарық жөндеуге, жол салуға, жол ойығын реттеуге және көшелерді асфальттауға қаржы бөлініп, жыл соңына дейін жұмыс түйінделетінін жеткізді. Қожакенттік ағайын егін саласында еңсесі биік, енді тек осы аптап ыстықтан өтіп, жиын-терімді аман есен жинап алсақ деп тілекші болып отыр.
Міне, Қожакент ауылы туралы қысқаша осылай тарқата алдық. Бұл ауыл туралы бұған дейін де жазылды. Құт қонған Қожакентте әлі де байыпты істердің берекесі мол. Ең бастысы, Жер анадан келетін ырыс-несібесі ортаймасын, береке-бірлігі арта беруіне біз де тілектеспіз.

                                                                                                                                                   Әли Темірбек
15 шілде 2023 ж. 230 0