№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаңылтыр Қожакентте шығарылады

Қаңылтыр Қожакентте шығарылады



Қазіргі нарықта құрылыс заттарына сұраныс өте жоғары. Үйдің іргетасынан бастап, кілті мен құлпына дейін сауда қазаны қайнап тұр. Әсіресе, Жаңақорғанда құрылыс қарқыны қатты, соңғы үш жылда салынып жатқан үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға шектеу жоқ. Соның салмағы құрылыс дүкендерінің көбірек ашылуына сеп болуда. Олар тек алыпсатарлық, ал, шикізаттан таза өнім шығару үрдісі әлі де кемшін қалуда. Қожакенттік жас кәсіпкер Мейірбек қаңылтыр өндірісін іске қосқалы бірнеше айдың жүзі болды. Тапсырысы өте көп, шағын цехындағы қызу тірлік соның айғағы. Уақыт тауып, тың кәсіппен танысып қайтқан болатынбыз.
Жалпы құт қонған Қожакент ауылында ауылшаруашылығы саласы жақсы дамыған. Әсіресе, төрт түлігін түгендеп, тіршілігін тасытып отырған ауылдағы ағайын өзге де өндірісті қоғамға алып келуде.
Мейірбек Изатуллаұлы тек қаңылтыр шаруасын ғана ширатып отырған жоқ, егін-жайды жүйелеп, мал басын көбейтіп, бір емес екі бірдей спорт кешенін тізгіндеп ұстауда. Екінші спорт кешенінің лентасы жақын күндері қиылады. Ол бөлек әңгіме, біз бүгін қаңылтыр шығарудың қызметін таразылайық. Өндіріс басында тұрып кәсіп төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Бұл идеяны көптен бері ойлап жүргенмін, былтыр сәті түсіп, алдымен ғимаратын тұрғызып алдым. Содан кейін Алматы қаласынан құралжабдықтарын, яғни қаңылтыр шығаратын аппаратты алдырдым. Осы кәсіпті игеріп кете аламын деген ауылдағы жігіттердің басын жинап кәсіби маман шақырып, оқыттым. Қазір барлығын техника түгендейді, тек тілін түсінсеңіз болғаны
. Міне, жігіттер осыны меңгеріп, былтырғы жылдың қараша айынан бастап іске қостық. Қазір цехта 6 жігіт жұмыс жасайды, барлығының өзіне бекітілген қызметтері бар.
– Қаңылтырдың қандай түрлерін шығарасыздар?
– Үйдің төбесіне арналған қапсырма қаңылтырлар өндіреміз. Тапсырысқа байланысты шығарамыз, яғни қанша метрге тапсырыс берсе сол арқылы жасап береміз. Одан бөлек, профлист шығарудамыз, енді деректорат затын қолға алуға кірістік. Жалпы өнім ауыл, аудан орталығында ғана емес, облыста және көршілес Түркістанға да жөнелтіледі. Шыны керек, сұраныс өте жоғары, сапа мен бағаға қарайды, әрине сапа сын көтереді. Бізде баға базардан сәл төмендеу, қаңылтырлар 2 мың теңгеге дейін, ал, арнайы беттері 230 теңге төмен сатылады.
– Шикізат қайдан келеді?
– Шикізаттың басым көбі Қытайдан әкелінеді. Қазір 3 бірдей аппаратымыз жұмыс жасап тұр, үшеуінің үш түрлі қызметі бар. Тағы айта кететіні, жақын күндері черепица дайындауды қолға алсақ деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, оған да тапсырыс аз емес. Шыны керек, бұл жоба ауданда ғана емес, жалпы аймақта тапшы, жоқ деуге болады. Қазірдің өзіне шикізаттан бөлек құрылғы мен нысанның құрылысына 70 млн теңгедей инвестиция құйдым. Бұл үлкен қаржы, әлі тағы да керек-жабдықтар алуымыз керек.
Иә, қаңылтыр өнімі аудан нарығында жақсы саудада. Көбісі әлі білмей жатқаны жасырын емес. Жалпы жас кәсіпкердің керемет жобасы көңіл қуантарлық, бұл аудан орта бизнесі мен экономикасына үлкен септігін тигізеді. Мейірбектің де мақсаты осы, отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, ішкі нарықты реттеуді көздеп жүр. Бұл қарапайым тұтынушылар үшін өте тиімді болмақ. Ең бастысы, сең қозғалды, енді бұдан соң өзге кәсіпкерлер де өнім өндірсе нұр үсітне нұр болар еді.
Мейірбек аудан меценаты, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов ағамыздың ұлы. “Әкеге қарап ұл өсер” демекші, Мейірбек те тек кәсіппен ғана айналысып жүрген жоқ, қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылады. Оны талай рет көз көріп, құлақ естіп жүр.
Бәрінен бұрын жаңа кәсіпті ауданға алып келгені қуантуда. Цех кеңейіп, жастар жаңа технологияны меңгеріп жатса нұр үстіне нұр.

Әли Темірбек

10 маусым 2023 ж. 144 0