» » Ұлы дала діңгегі – әділ төрелікте

Ұлы дала діңгегі – әділ төрелікте



Атаулы мереке аясында заң талаптары сақталуы жолында биік жауапкершілікпен жұмыс жүргізіп келе жатқан тұлғаларға шынайы құрметтің еселене түсуі заңды. Осы орайда, аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаеваның бүкіл жарқын өміріміздің тірегі, қоғамның түпқазығы – Заң және оны құрметтеудің асыл міндет екенін жұртшылық көңіліне тереңдеп бекіте түсер мазмұнды тілек-лебізін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мемлекет ісіндегі барлық мәселе заңнан бастау алады. Қай қоғамды алып қарасаңыз да сот жүйесіне қарап, қоғамдағы биліктің жайы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы пікір қалыптастыруға болады.
Бүгінгінің биі – бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған мемлекеттік қызметші. Сот төрелігін жүзеге асыру және азаматтардың құқы мен бостандығын қорғау жолындағы қызметте заң қағидаларын қастерлейтін қажырлы талаппен қатар халықтық дәстүрді қазық еткен көреген көз, көсем кеуде, көркем мінез де қажет.
Осы үш ұстаным біріккенде сот төрелігі төбеге шығып, тараптардың құқының теңелуіне, әділдіктің салтанат құруына, сайып келгенде бұқараның сотқа деген сенімінің тереңдеп орнығуына жол ашады.
Сондықтан қай кезде сот ісінде «жеті өлшеп, бір кескен» пайымды парасат пен пенделіктен жоғары тұрар принципшіл қасиеттің айнымас дос, берік қамал бола алатынын әрбіріміз есте ұстағанымыз ләзім.
Соттың үкімі. Айыпкер орнында отырған адамның ендігі тағдыры осы шешімге байланып тұр. Сондықтан оған қателесуге болмайды. Бұл орайда елімізде сот ісін ізгілендіру бойынша үлкен қадамдар жасалып жатыр. Қазақ қоғамында ертеден келе жатқан билер соты ел басқарудың тамаша демократиялық үлгісін қалыптастырғаны тарихтан мәлім. Талай қара қылды қақ жарып, әділдігін айтып, билігін жүргізген төбе билер есімі ел есінде қалды. Билердің сол кездегі қызметі - заңгерлік және бітімгерлік болды. Ел арасында дау туғанда бір би ақтаушы, бір би айыптаушы, үшіншісі төреші болып, бүгінгі судья, прокурор, адвокаттың ролін толықтай атқарды. Ал бітімгер халық пен ханның арасында, екі елдің арасында дәнекер, үйлестіруші, бір сөзбен айтқанда мәмілегер қызметін атқарды. Бүгінде бұл миссияны медиаторлар жүзеге асырып, ағайынды өнбес дау қуғаннан гөрі ұрпаққа үлгісі басым жарасымдылыққа жетелеуде ықпалды жұмыс жасап келеді. Қазақтың зерттеуші ғалымдарының бірі Қаныш Сәтбаев: «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары мен білімі бар» дейді. «Тура биде туған жоқ» деген Төле бидің көсем сөзі бүгігі күнге дейін кез келген судья үшін кесімді талап тәрізді.
Сот және құқық саласындағы барша әріптестерімнің осынау биіктен танылуына тілектеспін.
Әлия ТҮБЕКБАЕВА,
Жаңақорған аудандық
сотының төрағасы
25 маусым 2023 ж. 106 0