Ең бастысы – халықтың сенімі
Бұл Жолдау халық асыға күткен жаңашыл өзгерістерімен елдің көңіліне жарқын серпін сыйлап отырғанын жасыра алмаймын.
Әсіресе, Мемлекет басшысының қоғамды демократияландырудың басты тетігі ретінде сайлау жүйесін жетілдіруге маңыз беріп отырғаны аса құптарлық. Өйткені халықтың өзі таңдаған азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі ролін арттыру арқылы саяси жаңғыруда біртұтас платформаға қол жеткізе алатынымыз айқын.
Біз осыдан он бес жыл бұрын Конституциялық реформалар аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды сайлауға көштік. 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттары да осындай тәсілге көшті. Оның бір кері ықпалы, партияда жоқ азаматтар жергілікті өкілдік органдарына сайлана алмайтын болды. Бұл белгілі бір дәрежеде ел азаматтарының қоғамдық өмірге араласу құқын шектейтіні де жасырын емес. Көпшіліктің өз даусының ел өмірінің жақсаруына маңызды үлесін сезіне алмауы енжарлыққа, демократиялық құндылықтарға сенімнің азаюына алып келетінін сергек көңілмен пайымдаған Президенттің сайлау жүйесіне ендірген өзгерістерін қуана құптап отырмыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауында: «Бұл жүйе беделі бар тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нығайта түседі. Сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілікке негізделген саяси мәдениетті қалыптастырады. Саяси партиялардың ролі сақталады. Бұлар еліміздегі азаматтық қозғалыстардың басты институттары ретінде қала береді. Сонымен қатар бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жандандыра түседі» деген сөзі елжанды азаматтардың қатарын көбейте түсері анық.
Қалия БАЙТЕЛЕЕВА,
заң саласының ардагері