» » Ереже талаптары ескерілуі тиіс

Ереже талаптары ескерілуі тиіс



Аудан әкімі жанындағы Мемлекеттік Рәміздер жөніндегі комиссияның күн тәртібінде құнды атрибуттарды ережеге сай қолдану талаптары талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлының төрағалығымен өткен комиссия отырысында Келінтөбе, Төменарық, Ақүйік ауылдық округ әкімдері мен Жаңарық ауылдық клуб үйі басшыларының Мемлекеттік Рәміздердің қолданылуы және орналасу тәртібінің сақталуы жайлы есептері тыңдалды.
Келінтөбе ауылының әкімі Абылай Досжановтың есебіне келсек, ауыл әкімшілігінде мемлекеттік рәміздердің орналасу заңдылықтары сақталған. Түнгі мезгілде ғимарат алдына толықтай түсетін жарықтандыру жұмысы жүргізілген. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге деген тұрғындардың құрметін арттыру мақсатында орталық көше бойына көрнекі үгіт-насихат баннерлері ілінгенін жеткізді. Мұнан соң Төменарық ауылдық округі әкімі Бақытжан Айымбетов: – Мемлекеттік рәміздерге деген халықтың құрметін арттыру және жастарға маңыздылығын түсіндіру мақсатында орталық көшеге билборд орнатылды әрі баннер уақытылы жаңартылып отырады. Ауылдық округ көлеміндегі барлық мемлекеттік мекемелер басшылары мен қызметкерлері және ауыл тұрғындары арасында Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану бойынша заң бұзушылықтарды жою және оларды болдырмау жөнінде түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Мемлекеттік рәміздер жаңадан ауыстырылып отырады. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың ғимараттарында ілінген Мемлекеттік рәміздердің, соның ішінде Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның ұлттық стандартқа сәйкестігі мен жарамдылығы ұдайы бақылауда. Ауылдық округтегі №11 «Балауса» және №12 «Балдәурен» бөбекжай бақшасында мекеме басшыларының жұмыс кабинеттерінде барлығы ережеге сай орналасқан, – деді. Жаңарық ауылдық клуб үйінде «Ел рәміздері – ел рухы» атты ҚР рәміздерін жан-жақты түсіндіру арқылы жастардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке баулу мақсатында танымдық сағаты өткізіліпті. Жаңарық ауылдық клуб үйі директоры Жадыра Ахметованың есебі осылай тарқатылды. Баяндамашылардың сөзінен соң аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов рәміздерді қолдану аясында кемшіліктерге жол бермеу керектігі және осыған дейін жүргізілген мониторинг нәтижелерін баяндап өтті. – Мемлекеттік нышанға қатысты кез келген кемшілік орын алған жағдайда бірінші кезекке қойып, шұғыл түрде тиісті шара қабылдануы керек. Барлық кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары Мемлекеттік рәміздердің күнделікті жай-күйіне, сапасына бақылауды күшейтіп, стандарт талабына сай болуын назарда ұстауы тиіс. Көпшілік ауылдық округтерде рәміздерді орналастыруда олқылықтарды көріп жүрміз. Әнұранды жанды дауыста айту міндет. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің басты нышаны. Біз жас ұрпақ санасына рәміздердің маңыздылығын сіңіре отырып, оны құрметтеуді орнықты қалыптастыруға тиіспіз, – деді.
Осы күні өткен екінші комиссия отырысы – аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияда екі мәселе қаралды. Аудандық білім бөлімінің орынбасары Ербол Әлменовтың хабарламасы тыңдалды.
– Аудан бойынша ерте жүктілік бойынша 12 қыз бала тіркелген, бәрі де ерте тұрмыс құрған жанұялы болып табылады. Ауданда барлық білім беру ұйымдарында қыздар арасында ерте жүктіліктің зияндылығы, қыздар мен ұлдар арасында жыныстық қатынастың денсаулыққа кедергісі мен заң алдындағы жауаптылығы жайлы кеңінен түсіндіру жұмыстары ұдайы өтіп тұрады. Осы кезеңге дейін «Қыз бала ұлттың ұяты, елдің шырайы», «Арыңды сақта, бойжеткен», «Ерте жүктіліктің ертеңі қандай?», «Ұл бала мен қыз бала сыйластығын қалай түсінесің?», «Бой тазалығы» сынты тақырыптарда тәрбие сағатты өткізіліп келді. Мектеп психологтарының көмегімен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көріністерін, қыз балалар арасында келеңсіздікті, жалпы оқушылардың арасында әлімжеттік, бопсалау көріністерін анықтау мақсатында 7-11 сынып оқушыларынан жасырын сауалнама алынды. Сауалнама қорытындысында оқушылардың жауаптарына қарай тиісті зерттеу жүргізіліп, профилактикалық шаралар күшейтілді, – деді ол.
Осы тұста, «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы Баян Әлеудинқызының баяндамада айтылғандай жасөспірімдер арасында сауалнама қорытындысымен қандай шаралар жүргізілгені туралы қойған сұрағына, сала маманынан көңілге қонымды жауап ести алмадық.
Сонымен, өз кезегінде комиссия отырысын түйіндеген аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов мемлекеттік рәміздердің қадір -қасиеті мен оған деген құрметті арттыратын, патриоттық санасезімдерді қалыптастыратын насихаттық жұмыстарды күшейту қажеттігін айта келе, әрбір мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшыларына Мемлекеттік рәміздерді құрметтей отырып, дұрыс орналасуына жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Барлық мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне хаттамалық тапсырма жүктеді.
Бірінші, мемлекеттік стандартқа сай келмейтін ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру, жою ережесі негізінде мекемеішілік тұрақты комиссия жұмысын жандандыру, екінші, мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын стенділер, көрнекі үгіт-насихат құралдары жаңартылып, жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізу, үшінші, мемлекеттік рәміздерге байланысты кемшілік жіберілген жағдайда мекеменің бірінші басшысының тәртіптік жауапкершілігін қарау, ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану мәселелері бойынша облыстық, аудандық инспекциялық топтың тексеру қорытындысымен анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданатынын ескертті. Иә, кез келген өркениетті елге тән ортақ ұқсастықтары мен рухани құндылықтары болады. Ту, Елтаңба, Әнұран – солардың бірегей нышаны. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың абыройлы борышы.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Бекбас Нуридинов бірқатар ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарына аудан әкімінің міндетін атқарушы Дархан Тұрсынбаевтың «Алғыс хатын» табыс етті.


                                                                                                                                             Әсел РЗАЕВА
17 маусым 2023 ж. 141 0