Ұлы сенім ұлт ұстынын тіктейді
Ислам тарихында VII ғасырдың орны биік. Үнді мұхиты мен Византияның арасын жалғап жатқан керуен жолының бойы Хижаз жазығында жатқан Мекке қаласында 570 жылы дүниеге келген Мұхаммед (С.Ғ.С) қырық жасында жаңа дінді жариялап, оған 23 жыл бойы киелі кітап – Құран Кәрім түсірілді. Мұхамедтің ізбасарлары - халифалар Ислам дінін әр тарапқа таратты. Әлемнің түкпір-түкпіріне әскерімен кіріп, мемлекеттікті нығайтты. Кейін саяси билік қолдан кеткенімен қолбасылардың ұрпақтары сол елдерде дін таратушы қызметін атқарды. Осы орайда Орта Азияның топырағын басқан Ысқақ бап, Абд-әл-Раһым баптың мазараттары Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы, Жамбыл облысы, Тараз ауданында жатса, Қорасан Ата атанған Абд-әл-Жалил бап, жергілікті халық Әбдіжәлел атап кеткен Хорасан Ата Жаңақорғанның Қыркеңсе елді мекеніне жақын «Тотықұс» аралында жатыр. Оның рухани тәлімгерлік күш-қуаты қазақ ұлтын қалыптастыруға, бірнеше ру-тайпалардың басын біріктіріп, ұлтты ұйыстыруға қызмет етті.
Дін үшін күрес Орта Азияда оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Тіпті Исламды орнықтыру үшін жаңа жерлерге соғыс аша келген жағдайлар да көп. Бірақ әскердің алдында «Қарсыласпағанына тиіспеңдер, рақым жасаңдар. Исламды қабылдаған жандардың малына да, жанына да бостандық» деген қағида тұрды.
Абд-әл-Жалил баб Сырдың ағысымен төмен қарай Отырар, Иассы, Сығанақ, Тоғызкент, Түгіскен, Аққорған,Өзгент, Жент, Баршынкент арасында дінді насихаттап, халықты исламға шақырды. Оның қолында Хазіреті Әли мен Мұхаммедтің есімі ойып жазылған Исламның жасыл туы болды. Ту осы күні Хорасан Ата кесенесінде сақтаулы. 1995 жылы Хорасан Ата ұрпақтары баба басында ас бергенде Туды бабаның ұрпағы,Ташкент облысы, Жаңажол ауданында тұрып жатқан Патшақожа ақсақал әкеліп табыс етті.
Әбдіжәлел бабтың бір ерекшелігі, қол бастаған батыр болуымен бірге бойында емшілік қасиетімен оба ауруына қарсы егілетін жасушаны ауру адамнан алып, өз қасиетінде сақтап ерте көктемде адамдарға еккен. Денесінде осы ауруға бейім жасушасы бар адамдар жеңіл ауырып, дертке бой алдырмайтын болған.
Жалпы, тарихтың бізге жеткізгені, Әбдіжәлел баб шаһид болып, кісі қолынан қаза табады. Бірақ ол өз мақсатына жетті. Алла разылығы үшін жасаған жорықта мыңдаған шақырымды көктеп өтіп, ондаған ұлттар мен ұлыстардың мұсылман болып исламды қабылдауына себеп болды.
Одан бері он екі ғасыр өтті. Қоғам өзгерді. Қоғаммен бірге адамдар да өзгерді. Заманалар алға озғанымен ақиқаттан алыстамайтын анық бір сенім ғана адамзатты адастырмай, алғы күнге бастай бермек. Ол – жалғыз Жаратушыға деген сенім. Дін - осы сенімнен туындайтын таным мен талап, адам құлқын, іс-әрекеттерін тиімді реттейтін ұлық ұстаным.
Осындай әулие-әнбиелер мәңгілік тыныс тапқан туған жеріміздің төсін мекендеген атамекен халқы киелі есімдерді пір тұтып, құрметін кеміткен емес. Кешегі жетпіс жыл кеңестік кезеңде көзден тыс, көңілден тасада қалған құндылықтарымызды түгендеп, теберік тұтып, қайта төріне қондырып отырған жағдайымыз бар. Осының бір көрінісі – күн мен түн теңелген 22 наурыз күні Жаңақорған жұртшылығы болып Хорасан Атаның басына жиналып, мазараттың айналасын тазалап, ағаш отырғызды. Қараша руы ағайындарының ұйымдастыруымен жайылған ақ дастархан басында ас ішіліп, әруақтарға құран бағышталды. Рухани жиынның тізгінін ұстаған баба ұрпағы Асылбек Айтжанов алыс-жақыннан асқа арнайы шақырылған қонақтарға сөз берді. Солардың қатарында жұртшылыққа жан-жақты деректермен ақпарат бере алған ҚР Ветеринария ғылымдарының докторы, Академик, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Батырбек Досхожаұлының лебізі төмендегіше өрілді:
Құрметті қауым!
Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!
Бұл мереке – халықты біріктіретін, ауызбіршілікке шақыратын мереке. Еліміздің түкпір-түкпірінен, әр ұлттың, әр рудың өкілдері жиналып отыр. Бірақ барлығының жүрегінде бір мақсат, бір ой, бір тілек.
Келешекке кемел қадам басып келе жатқан еліміздің арман-мұраты, асыл мақсаты, халқымызлың бейбіт те, тату-тәтті тіршілік етіп, тыныштықта өмір сүруі дер едім. Бейбіт те, ынтымақты өмір – береке-бірліктің бастауы. Ал халқымыздың салт-санасына сіңіп, өмірлік өлшеміне айналып, ұстанып отырған дініміз – Ислам діні адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, береке-бірлікке шақырады.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Мұхаммед Пайғамбарымызға (С.Ғ.С) «Біз сені барша әлемге Рақым шуағы етіп жараттық» деген.
Мейірімділікті тарату үшін түсірілген Ислам діні әрбір мұсылман баласын өз болмысымен, іс-әрекетімен, парасат-пайымымен, зейін-зердесімен бейбітшілік пен татулықты, береке мен бірлікті насихаттап, көрсете білуге шақырады.
Шынында да Ислам - Бейбітішілік діні, түп тамыры «Салима», «Юслима», «Ислам» - бейбітшілік деген сөзден бастау алған. Ислам – Алла тағаланың Жәбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы Пайғамбары – Мұхаммедке жіберілген ең соңғы дін – бейбітшілік, ынтымақ діні.
Алланың бізге бұйырған әрбір парыз-амалдарынан ауызбіршіліктің, татулықтың шарттарын көруге болады. Қасиетті Құранның «Әл-Имран» сүресінің аятында: «Алланың жібінен (кітабы мен дінінен) мықты ұстаңдар. Бөлінбеңдер» дейді. Ал осы сүренің 105 аятында «Бөлінгендер Алланың қахарына ілінеді» дейді. Шынында да бірлік пен ынтымақ рухын орната алмаған қоғам бірте-бірте жойылып, іздері де қалмай ыдырап кетіп жатады. Ата-бабамыздың «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деуінде үлкен мән бар.
Әз пайғамбарымыз өзінің тағы бір хадисінде: «Алланың мейірімі – ауызбіршілікте, бөлінгенге қахары бар» дейді. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қазақтың мақалы да бірлікте жасалған істің әрқашан оңды боларын білдірсе керек.
Толеранттылық – Ислам дінінің негізгі кредосы болып табылады. Ислам басқа дінді ұстанушылармен де жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады.
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мүміндерге жақсы қарым-қатынаста болудың, адамдарға мейірімділік танытудың, туысқандық қатынасты үзбеудің маңыздылығын ескерте отырып,»Шын мәнінде Алла барлық істе жұмсақтықты, ізгілікті жақсы көреді» дейді. Алла Елшісі мұсылман еместерге өзінің өміріне бірнеше қауіп төндіргеніне қарамастан әрдайым кеңпейілділік, кішіпейілділік танытқан.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Бір-біріңе көреалмаушылық пыйғылда болмаңдар, бағаларыңды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бір-бірінің саудасының үстінен сауда жасамасын, бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман өз бауырымен үш күннен артық араз болмасын» деп анық түсіндіреді.
Қазақта «Отаны бардың тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген аталы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлт пен ұлысты біріктіріп, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында, Аллаға шүкір, мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.
Ұлан байтақ жері, көп ұлтты халқы бар, яғни 120-дан астам ұлттан тұратын қазақ елінде этносаралық толеранттылық бүгін жаңадан ғана пайда болған жоқ. Бұл ата-бабаларымыздың салып кеткен ұлы жолы. Біз сол ата-бабаларымыз салып кеткен ұлы жолына қиянат жасамауымыз керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ.С) өз үмметін ынтымаққа, ауызбіршілікке шақырып, араға іріткі салушы әрекеттерден тыяды. Тағы бір хадисінде «Сіздер бір кемеге мініп, жолға шыққан жолаушы сияқтысыздар. Араларыңда біреу қолына балта алып, кемені шаба бастаса егер сіздер оны тоқтатпасаңыздар барлығыңыз да суға батасыздар,ал тоқтатсаңыздар барлығыңыз бірдей аман қаласыздар» деген. Осы хадис біздің қоғам үшін де аса маңызды. Әрбір азаматтың тыныштық пен ынтымақта өмір сүруіне әрбіріміздің жауапты екенімізді ұғындырады. Еліміздің әрбір аззаматы өздері үшін және келешек ұрпақтың тыныштық пен ынтымақта өмір сүруі үшін үлес қосуы қажет.
Ислам адами құндылықтарға негізделген қазақы болмысымызды, дәстүріміз бен әдет-ғұрып, салт-санамызды әрқашан жоғары қояды.Өйткені ынтымақ пен бірлік – бақыттың бастауы.Бірлігі жарасқан елдің берекесі артады.Дана халқымыздың «Ынтымақсыз елді ұрысы билейді, ынтымақты елді дұрысы билейді» дейтіні осыған саяды.
Исламның игі қағидалар мен қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен біте қайнасып, үйлесімділік пен ұқсастық, сенімділік пен сыйластық сынды ізгі үрдістерді ұстанудағы қазақстандық моделі мен ұлттық формуласы елімізде өмір сүріп жатқан әртүрлі этностар мен конфессиялардың, ұлттар мен ұлыстардың бейбіт ынтымақта, ауызбіршілікте, тату-тәтті өмір сүруіне мүмкіндік береді. Діни көзқарастардың руханиятсыздануына, радикалдануына, сепаратизмге, діни экстрезимге жол бермей, конфессияаралық келісімдердің, діни диалогтардың үйлесімділігін нығайтып отыр
«Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дейді дана халқымыз.
Жалпы әлемге, оның іщшнде Мауреннаһр еліне бейбітшілікке негізделген Исламды таратуда Хусами ибн Аббас, Кутаиба, Ибн Муслим сынды тұлғалар көп еңбек сіңірді. Ал Орта Азия мен Қазақстандағы исламның дамуында Абдрахман баб, Әбдіжәлел баб, Ысқақ баб, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім бабаларымыздың орны айрықша.
751 жылғы Тараз маңындағы шайқаста жергілікті тұрғындар мен араб қолбасшысы Зихд ибн Салихтың Қытай басқыншысы Гао Сыньчжиді ойсырата жеңгені тарихтан мәлім. Бұл жеңіс Исламның еліміздегі беделін арттырып, сенімін күшейте түсті. Ислам ұғымының халықты біріктіретін факторлары ретінде қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, бүкіл түркі дүниесі пір тұтқан Қожа Ахмет Яссауидің маңында қазақтың қаншама хандары мен билері, бектері мен бекзадалары, елін жаудан қорғаған батырлары мен қолбасшылары жатыр. Бәрінде бір арман, бір сенім, бір мақсат, бір тілек.
Әбжәлел бап әулиенің жанында қаншама рудың өкілдері мәңгілік ұйқыда бірге тыныстап жатыр. Бабаға зиярат етіп барған талайлар қабірстанда жатқан мұсылман бауырларының баршасына дұға жасап, Алладан жарылқау тілейді. Исламда халықты біріктіретін, туыстастыратын жөн-жоралғы, салт-сана , дәстүр, береке-бірлік осылай жарасымды табады. . Міне, бүгінгі басқосуымызға сәйкес келіп жатқан Наурыз мейрамын алайық. Бұл мереке ауылдарды қойып үлкен қалаларда бірнеше ұлт пен ұлыстың басын біріктіреді. Ал қасиетті Қағба әлем халықтарының ой-тілегін бір арнаға тоғыстырады.
Осындай кие дарыған елде, имани руханият дамыған жерде халықты ынтымақ пен бірлікке , татулыққа шақыратын ізгі қасиеттер, осы елде өскен ұл-қыздар мен ұрпақтарына да дарыды деп айта аламын.
Міне, соның бір көрінісі, бүгінгі күні баба басында арнайы ас беріп отырған Қараша ағайындардың асыл ниеті қабыл болсын. Баба рухына құрмет көрсету арқылы елдің бірлігі мен ынтымағына жол салған қайырлы әрекеттерінің нығметіне қауыша бергей деп тілеймін. Бүгінде бұл әулеттің басында отырған Бердібек ағамыздың кесенені қайта реставрациялау қажет болғанда қажетті материалдармен қамтылуына берген жәрдемі елдің есінен кете қойған жоқ. Осындай елжанды азаматтарымыздың қамқороығының арқасында тарихи-мәдени ескерткішіміз толық деңгейде күтімге алынған. Мұражай, қонақүйі, зиярат етіп келушілерге барлық жағдай бар.Бүгінгі күндері елдегі кәсіпкер азамат, аудандық мәслихаттың депутаты Әлібек бауырымыз көптеген демеушілік көмегін аямай келе жатқанына осы атаулы күні баба ұрпақтары атынан үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Осындай бірлігімізден ажырамайық. Ел аман, жұрт тыныш болсын.-, деп ақ тілекпен аяқтаса, қазақтың талантты тұлғасы Құдияр Біләлдің өлең шумақтары көптің көкейіне барып қона қалғандай.
«Күзетіп жатырсың ата,
Қазақтың сайын даласын.
Бауырыңа басып,
Үш жүзден өрбіген баласын.
Рухыңмен жебе,
Қол жайған барша қазақты,
Қоғамды жайлаған
Бөтен ойлардан
Аршып санасын.
Наурыздың бүгін
22 жұлдызы,
Келді басыңа,
Қазақтың қанша ұл-қызы.
Ағайын, әр сөзің, бағамың,
Киелі. Тиген жер табаның.
Ас берген бүгінгі әулетті,
Қолдасын рухы бабаның!
Тарихты сан жылдық қаузасақ,
Жөңкіген бұл жерде мың жасақ.
Кесене. Тұр, міне алдыңда,
Қайда оғыз, Қайда ғұн. Қайда сақ?!
Ол-менде. Ол-сенде. Жаныңда.
Өр рух тулайды қаныңда.
Қазақ боп қалайық ендеше,
Барың да, сол сенің, бағың да!»
Ақ дастархан басында ақ тілектерін бүгіп қалмаған әр қиырдан жиналған ағайынмен қатар Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, дін өкілі Садулла Омаровтар кешегі күндердің естелігіне тоқталып, баба кесенесіне қамқорлық жасаған азаматтардың есімдерін көп алдында паш етуді көңіл төрінен шығармады.
Ия, жалпыға демалыс берілген мереке күнінің кеңшілігіне кенелген көпшілік Арафа күнінде артық-кем күнәларына кәппарат қылып, баба басына тәу етіп, одан әрі жамағатпен бірге елге ортақ тілектер жауған дастарханда қол жайып, рухани бір серпіліп қалды. Өйткені бір Алладан ғана үміткер әркім үшін Құдыреттің артық жаратқан, сүйген пенделерінің басында тұрып айтылған тілек, жасаған дұғасын Жаратқан Иеміз сөзсіз қабылдайды деген сенімі зор. Сондықтан елдің үлкен-кішісінің басын қосып, батасын алып,, «Бір-бірлеріңе сыйлық ұсыныңдар. Ол сендердің араларыңдағы сүйіспеншілікті арттырады» деген хадисті де қастерлеп, қарияларға хадия үлестірген ас иелерінің сый-құрметі жиналғандардың көңілін хош етті.
Наурыз – бірлік пен берекенің мерекесі. Оң талаптарын осы күнмен орайластырған ағайынның Алланың қалауымен әруақты разы етіп, алғы күнге ақ ниетпен бірге қадам басқанынан артық бақыт жоқ.
Баян Үсейінова.