» » Әскері мығым елдің Әлеуеті нық

Әскері мығым елдің Әлеуеті нық




Жаңақорған ауданы бойынша Герман-Кеңес жауынгерлері қоғамдық бірлестігінің тұңғыш отырысы болып, соған арнайы шақырылған едік. Бардық. Төрағасы Бекболат Урайраев. Алдымен бұл қандай қоғам екенін айқындап, табиғатын түйсініп алу үшін төрағасымен емен-жарқын сұхбаттасып алуды жөн көрдік.
Біздің ұққанымыз, аудан көлеміндегі Германия, Польша, Венгрия, Болгария, Монголия жерінде әскери қызметін өтеген азаматтардың басын қосқан қоғамдық бірлестіктің түп қазығының құрылғанына көп болмаған. Республикада жаңадан құрылған осы ұйым жөнінде естіп, тізім жасап, арнайы өкіл шақыртып, солардың кеңесімен өздері де құжат рәсімдеген жаңақорғандық азаматтардың ресми куәлігіне ие болғандары да кеше. Аты мен затын түгендеп, арнайы жарғысын бекітіп, жұмысқа кірісіп жатыр екен. Алдымен жаңадан құрылып жатқан қоғам төрағасының өмірдерегін білуді де артық көрмедік. Жасы алпыс сегізде, зейнеттегі бұл азамат «фронттарының» қолқасымен қоғамға басшы болып сайланып, жұмысын жүргізуге екі жеңді сыбанып кіріскен жайы бар екен.
– Онжылдықтан соң арнайы білім алып, Түгіскен кеңшарында механизатор болдым. Совхозда түрлі жұмыстар атқардым. Әскери борышымды Германия жерінде өткердім. Елге келген соң 1986 жылы техникумды бітіріп, совхозда бригадир, агроном болдым. Сельхозхимияда жұмыс істедім. 1992 жылдары Түгіскенде огород бригадирі болдым. Одан әрі екі ауданға ортақ әскери застава штабына орналасып, он жылдай осы салада қызмет атқарып, зейнетке шықтым, - дейді ол. – Әскери борышыңызды шетелде өтеп қайттыңыз. Тәртіп-талабы, өмір сүру қағидалары жөнінен нендей артықшылықтарды байқадыңыз? – деп сауал тастадық. – Ақиқатын айту керек, бірнеше жылға дамып кеткені көрініп тұр. Өркениет өрнегі, адаммен сөйлесуі өзгеше. Адалдықты орнықтырғаны сондай сатушысыз ақшасын төлеп, жейтін тамағыңды түгендеп ала бересің. Өзім әскери бөлімде наводчик оператор болдым. Сержантттарға 25 мың марка, ефрейторларға 17 маркадан төленетін. Ауылға 170 сом ақша салып тұратынмын. Әскери қимылға жаттыға жүріп, қолымыздан сөздікті тастамай, тілді де меңгердік, – дейді ол. Осы жерде бүгінгі әскердегі сырқаулы мәселенің ол жақтағы сырсипаты туралы білуге құмарттық. Анадай ұқыпты, ұсынықты, алға озып кеткен мемлекеттің әскери күштер сапында тақтайдай тәртіп болса әлімжеттікке орын қайда деген нақты жауапты естуге де дап-дайын отырмыз. Сұхбаттасымыздың пікірі ол ойымыздың күл-талқанын шығарып, жоқ жерден қырын кетті. «Ондай болмаса армия бола ма? – деді ол Мен өзім батальонда жалғыз қазақ болдым. Командиріміз де жап-жас қазақ жігіті екен. Менің аты-жөнімді айтпай «қазақ» деді және барлығына солай атауға талап қойды. Жат жерде қазақ атының шығып жүргенін қалағаны болса керек. Соған арқа сүйеп тым шектен шығып кетсем керек, ол ауысып кеткенде жіптіктей қып жөнге салып алды. Мен сізге айтайын, «әкем службаны көр деп мені армияға жіберді» деген мәскеулік генерал-майордың ұлы еден жуатын таяқтың дәмін күнде татты, болбыр, кір-қожалақ, үсті-басын алып жүре алмайды, ақырында таяқ батпайтындай шыңдалып, кейін өзі аға боп «молодойларды» тәрбиелеп кетті. Енді бұл армияның заңы. Солдатты солай шыңдайды. Төзу керек» дегенде өрекпіген көңіліміздің пәпігі басылып қалды. *** Өткенді өшірмей, өнегелі істерді насихаттау, жастарды отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеуде үлгі-өнегесі басым ардагер ағалардың орны қашанда төр. Келелі жиында әс кердегі азаматтық борышын адал атқарып, жүрген ардагерлерді құрметтеп, кеуделеріне бүгінде алдыңғы буын аға ретінде ақылман болып 2023” төсбелгі тақты. Арнайы құжат беріліп, марапат мінберіне шығарды. – Әскер – елдің айбыны, осы бір ұлы қасиетті тік ұстап кезінде елдік жолда еткен еңбегіміз еленіп, ардагер куәлігін табыстап жатыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінде аудан көлемінде ГСВГ және ГВВД ардагерлер қатары 50-ге жуықтады. Шараның мақсаты – бір-бірімізге құрмет көрсету, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге негізделеді. Бізге мемлекет тарапынан да жеңілдіктер қарастырылуда, – деді ГСВГ, ГВВД аудандық “Жаңақорған” қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары Орынқожа Әбдуқалықов. Сөзді Қызылорда облысы бойынша қоғамдық бірлестігінің бас директоры Алтынсары Шуренов жалғады. – Биыл республикалық қоғамдық бірлестіктің жұмысына бір жылға жуықтады. Өңір бойынша қордың мүшелігінде 700-ден аса ардагер бар. Біз әрбір ауданнан филиал ашып, әскерде болған замандастарымыздың басын бір арнаға біріктіруді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде облыстық білім басқармасы мен қорғаныс істері жөніндегі департаментпен меморандумға отырып, жұмысымызды бастадық. Астана, Алматы секілді қалаларда біз секілді ардагерлерге қоғамдық транспорттарда тегін жүру қамтамасыз етілген. Осы шараның өтуіне ұйытқы болған аудан басшылығына алғыс айтамыз, – деді төраға. Ардагерлерді аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов пен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жасақтау бөлімшесінің бастығы, майор Бағдат Сағатұлы арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Алдағы уақытта ауыл-ауылды аралап жастармен еркін форматта кездесу өткізуге ұсыныстарын білдірді. Жиынға арнайы шақыртылған ардагерлерге 30 төсбелгі, 11 ГСВГ ардагеріне құжат табысталып, сый-сияпат жасалды.

                                                                                                                                     Баян  ҮСЕЙІНОВА
25 ақпан 2023 ж. 195 0