» » Субсидия: Өнімді арттырудың тетігі

Субсидия: Өнімді арттырудың тетігі


Субсидия не үшін және кімдерге беріледі? Алдымен осыны түсініп алайық. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды одан сайын күшейтуге басымдық берудегі қаржыландырудың бұл бір түрі. Бұл жүйе тоқтап немесе кеміген емес. Тек мемлекеттік қолдау тәсілінің мүлтіксіз орындалуын, яғни бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын аса ыждағаттылықпен қадағалауды талап етеді. Осы ретте аудан әкімі әрбір кәсіп иесіне талап қойып келеді. Субсидияны алуға көмектесіп, есесіне халыққа нарықтан арзан өнім беруді міндеттеді. Әсіресе, ет бағасы ырыққа бағынбай тұр. Басқа ауданмен салыстырған баға бірдей шығар, бірақ, аграрлы ауданда тұрып, еттің бұлай шарықтауы ұят жағдай.


Иә, әр істің қайтарымы болады. Мемлекеттен алғанды мемлекетке емес, қара халыққа қайтару парыз. Жалғыз жолы бағаны базардан төмен пұлдау. Мүмкін болса әлеуметтік дүкендерге демеу болу керек. Бірақ, біз субсидияны алуын аламыз, бірақ қайтарымы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, кіріс бар, шығыс жоқ. Оны уақыттың еншісіне қалдырайық. Бұл тақырып әлі талай таразыдан өткізіледі. Біз бүгін биылғы жылда­ғы субсидияға байланысты жаңалықты жүйелеп алайық.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мә­лі­метінше, қаражаттың бөлінуіне қатысты суб­сидиялаудың барлық бағыты өзгеріссіз қалады. Ал, аграрлық-өнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесінде аздаған өзгеріс бар.
Өсімдік шаруашылығынан бастайық. Бұл саладағы бағыттар мен нормативтер сақталды. Қант қызылшасын өсіруге одан сайын дем беру субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дей­ін ұлғайтылады. Бұл рет­те сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін болдырмау және әкім­шілендіруді оңайлату үшін аударым өтінімдерінің күші жой­ылады. Ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын, минералды тыңайт­қыш­тарды, пестицидтерді субсидиялау ба­ғыттары мен нормативтері бойынша әкім­діктердің қаулыларын келісу рәсімі ми­нистрлікке субсидиялаудың ұсынылатын кө­лемін электрондық форматта беру рәсімімен ауыстырылады. Сондай-ақ тұқымдардың қозға­лысын бақылаудың ақпараттық жүйесі енгізіледі.
Енді біз күткен мал шаруа­шылығы. Бұл бағытта асыл тұ­қымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспаған­да, барлық қолданыстағы субсидия­лау нормативі тағы да өзгеріссіз қа­лады. Селекциялық – асыл тұқым­дық жұмыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуына байланысты бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау жойылады.
Ал тауар-спецификалық субси­диялар өзгеріссіз қалады. Бірақ күшін жоятын бөліктері бар. Ай­талық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпай­тын­дықтан, күркетауық еті мен суда жүзетін құстарға субсидия берілмейді. Сондай-ақ меншікті аналық басы жоқ кооперативтер­ге дистрибьюторлық орталықтар көрсеткен қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтер субсидия­лан­байды және асыл тұқымды мал импорты кезінде екінші деңгейлі банктегі қаржы институтының ар­найы шотына субсидиялар аудару мүмкін болмайды.
Жұмыртқа шаруашылығы бой­­ынша норматив бір жұ­мырт­қа үшін 3 теңге болып қала­ды. Бұл ретте 1-санаттағы жұмырт­­қа­ларды сатудың шекті баға­лары әкімдіктермен жасалған меморандумдар негізінде белгі­ленеді. Бұқашықтар мен тоқты­ларды бордақылауға және ет ком­бинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзге­ріссіз қалады. Алайда малды өз­дерінің бордақылау алаңдары­на көшіретін шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойы­лады. Жем-шөп бойынша субси­дияларды алудың нормативтері мен критерийлері ғылыми ұйым­дардың ұсынымдары негізінде әкім­діктердің қаулысымен бекітіледі.
Инвестициялық субсидиялау.Бұл субсидиялаудың барлық түрі мен бағыты жүйеленген. Құ­рылыс-монтаж­дау жұмыстарын суб­сидиялау облыстық құрылыс және сәулет басқармаларының қызметкерлерін салынған объек­тілерді қарау жөніндегі мамандар тобына қосу туралы міндетті та­лаппен сақталады. Еріген суларды жинауға арналған жасанды су айдындарын салу үшін вагондар­дың құнын субсидиялау жойыла­ды. Жайылымдарды суландыру үшін ұңғымалар мен құдықтар қазу кезінде бұрғылау жөніндегі материалдар мен қызметтердің құны ғана субсидияланатын болды. Бұл ретте жабдықтың құнын суб­сидиялау жойылады. Өйткені оның нарықтық құны өндіруші елге бай­ланысты ондаған есе өзгеріп тұрады.
Міне, осы күнге дейін атал­ған жүйеге қатысты мәсе­лелер барынша ескеріліп, субсидия­лау­дың осындай жаңа қағидалары енгізілді. Түйінін айтқанда, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты мем­лекеттік қолдаудың тиімділігі мен нәтижелігін арттыру, қарсы мін­деттемелердің орындалуына ба­қылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша жою және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату болып тұр. Бұл тиісті мекемелер­дің құзырындағы шаруа. Бастысы, субсидияны өнімді өркендету үшін жұмсай білсек болғаны.

Әли ТЕМІРБЕК
04 ақпан 2023 ж. 261 0