№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мал азығы дайын ба

Мал азығы дайын ба


Ауылдағы ағайынның негізгі тіршілік көзі төрт түлікпен тығыз байланыста болғаннан соң малдың жайына көбірек көңіл бөледі. «Қыстың қамын жаз ойла» деген қазақ қорадағы түлігінің қыстық азығын ала жаздай еңбекпен түгендейді. Алайда, біздің нарықта жемшөптің бағасы тұрақты емес. Әсіресе, шөптің құны әр орымда құбылып, сұранысқа сай түрлене береді. Қазір Жаңақорғанда бірінші орым аяқталып, диқандар мен арадағы делдалдар базар кезіп жүр. Әрине, адал еңбектің өтеуі болғаны дұрыс, бірақ биыл бағасы былтырғыға қарағанда иман таразы болатын тәрізді.


Былтыр Сыр елі мен Маңғыстау өңірі мал азығынан қатты таршылық көрді. Батыс аймақта қаншама мал аштықтан тұяқ серпи алмады. Жылқы жануарының жантүршігерлік жағдайы әлеуметтік желіде желдей есіп, ел болып көмек қолын созды. Бірақ, соншама малды аман алып қалу мүмкін болмады. Осыны ескерген егінші қауым жемшөпке көбірек басымдық берді. Біздің шаруалардың нарығын ретке келтіретін оңтүстік өңір, оның көшінде Қарабұлақ қожалықтары биыл өздері әрекетке көшкен көрінеді. Өйткені, біздегі өнімге зәрулік кем, былтырлары өздері келіп тиеп кететін көрші аймақ ағайындары биыл мойын бұрмауда. Алдымен аудандағы ахуалды зерделеп алайық. Бұл тақырып біздің аудан үшін аса маңызды. Себебі аймақтағы төрт-түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Осыны ескеріп, бірінші болып зерделеу жұмысына кірістік. Аудандық ауылшаруашылығы бөліміне қайта бас сұқтық.

– Биыл жоңышқа өнімінің көлемі 19 000 гектарды құраса, қазір 5 000-нан аса аумақта алғашқы орым жиналды. Биыл да меже ойдағыдай орындалады деп сенеміз. Бір айта кетерлігі, жоңышқаға мемлекеттен субсидия қаралмады. Оның үстіне, судың бағасы қымбаттады, оған шөп оратын, престейтін техниканың қосымша бөлшектері 30-35 пайыз қымбаттайды. Сондықтан бұл өнімге субсидия берсілсе дұрыс болар еді, – деді бас агроном Даурен Абибуллаев.

Ал, бағаның құбылуын жоғарыда айтқандай, сұраныстан туады. Бұл жөнінде бөлімнің сектор меңгерушісі Бақыт Жексенбаев былай түсіндірді.

– Қазір далада от жақсы, яғни, мал азықтан тарықпайды. Сол үшін шаруалар алғашқы арзан орымға мойынсұнбайды. Үшінші, төртінші орымда барып қозғалады. Ол кезде сұраныс еселеніп, баға ырыққа көнбей кетеді. Мүмкіндік болса осы кезде малдың қоңын реттеп қойса дұрыс болар еді. Әзірге егіс басында 400-450 теңгеден сатылуда. Күз басында бұл баға екі, тіпті үш есе өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан осы бастан қам-қарекет керек, – дейді.

Иә, қазір аудан орталығындағы тұрақта шөп тиелген жүк көліктері жетеді. Олардың көбі саудагерлер, сондықтан сәл тиын қосып пұлдап, нәпақа табуы заңдылық. Уақыт оздырмай шөп тұрағына айналған кенттегі Құрманғазы көшесінің басына бардық. Таңертең барғанның өзінде 5 камазды көзіміз шалды. Олардың үстінде кемінде 700800 пресс шөп бар.

– Жігіттер, жоңышқаның бағасы неге төмен? – деп сауалды төтесінен қойдық.

– Өйткені, алушылар аз, оның үстіне малдың барлығы өрісте, одан жайлауда жайылуда. Сондықтан жұрт әзірге асықпайды деп ойлаймыз, – деп шөп сататындар нақтысын айтты.

– Қандай да бір кедергілер бар ма?

– Жоқ, әзірге бәрі ойдағыдай. Тек өнім сәл кешеуілдеп өтуде. Еңбек егіншілердікі, біз тек алыпсатармыз. Десе де, тасымал жасау оңай шаруа емес, арғысы Арал, бергісі Шымкент шаһарына жол жүруге мәжбүрміз. Тағы айтамыз, бағаны реттейтін біз емес. Біз диқандарға кінә артудан аулақпыз, өйткені, қымбатшылық тек малдың жем-шөбінде ғана емес, базардағы бағаны да тербелтіп тұр. Шыны керек, дәл қазір қалтаңда тиының болса престің бір данасы 400 теңгеден алуға мол мүмкіндік бар. Бірақ біз асықпаймыз. Өйткені Үкімет биыл жем-шөпке байланысты нақты шешім қабылдаған еді. Үкімет отырысында ҚР ПремьерМинистрі Әлихан Смайылов мал шаруашылығына қатысты мәлімдеме жасаған еді. «Мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін тиісті жем-шөп базасы қажет. Жыл сайын елімізде жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан 2 есе аз дайындалады. Жем жетпеген соң, оның бағасы да қымбаттай береді», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы құрғақшылық немесе жайылымдардың тозуы сияқты табиғиклиматтық жағдайларды да ескеру керектігін баса айтты. «Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын көбейтіп, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын жаңғыртуы қажет. Бұл жұмыстарды қаржыландыруға басымдық беру керек», – деді Премьер-Министр.

Қалай десек те, былтырғыдай опық жеп қалмасақ болғаны. Ол үшін бағаны реттеуді бүгіннен қолға алған жөн, әйтпесе ертең ырыққа көнбей былтырғыдай 1200-ден пұлданып жүрсе қиын болады. Тіпті қыстың күні 1500 теңгеден шөп бар дегенді де естідік. Бұл сұмдық, сондықтан ерте әрекетке көшкенге не жетсін. Қалғаны уақыттың көшінде.
08 маусым 2022 ж. 386 0