» » Жаңашыл ұстаз – сапалы білім

Жаңашыл ұстаз – сапалы білім


Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдан бастап, елімізде ғылым мен білімді дамытып, білім кеңістігінің қалыптасуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты бәсекеге қабілетті маман дайындау. Бұл бағытта білім ордалары мен түрлі байқауларға шәкірттер даярлайтын оқушылар үйінің орны ерекше. Ал мұндай қасиетті мекенде өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін шексіз сүйетін адам ғана жұмыс істей алады. Сондай білікті ұстаздың бірі Аяулым Қанатқызы.


Ол жақында ғана Астанадан ақжол­тай жаңалығымен оралды. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бе­рекелі қоғам» атты Қазақстан Хал­қына жолдауын білім беру саласы мамандарының арасында өз деңгейінде насихаттап, осы тақырып аясында ашық сабақ өткізеді. Үнемі жаңаша бағытта ізденіп, оны оқушыларына ұсыну барысында тәжірибе арқылы жеткізетін кейіпкеріміздің сабағы көп­тің көңілінен шығады. Еткен еңбегі еш кетпегенін естіген ұстаз республика­лық сайыста бағын сынап көруге бел буады. Өйткені қазіргі заман мұғалімі педагогикалық құралдардың барлы­ғын меңгерген, тұрақты түрде өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған шығармашыл тұлға ретінде қалыптасуы керектігін жақсы түсінеді. Осылайша «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастыр­ған республикалық «ҮЗДIK AШЫҚ САБАҚ-2022» атты байқауына құ­жат­тары мен ережеге сай бекітілген сабақ жоспарын жолдайды. Нәтижесінде үз­діктер қатарынан көрініп, І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Қазақстан Республикасының оқу-ағарту саласының үздік педагогы төсбелгісін» кеудесіне тағады.
– Біз «Бала – болашағым» деген елміз. Сондықтан біздің алдымызда ұлы міндеттер тұр. Ел болашағы болар жас ұрпақты тәрбиелеу жолында біздер баланың жаны мен тәні таза, рухани бай, алған білімін болашақта қолдана алатын, өз ойын еркін жеткізе алатын, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуге міндеттіміз. Осы жолда ізденіп, сабақ барысын қызықты етіп жеткізу басты мақсатымыз. Француз қайраткері «Адамға оқып-үйрену өмірде болу, өмір сүру үшін қажет» демекші, оқыту процесін тех­нологияландыру, осыған сәйкес оқу бағдарламаларын жасау, ғалымдар мен жаңашыл педагогтардың еңбектерімен танысу біздің күнделікті жұмысымыз. Сондықтан жиған ілімімізді дәлелдеуде осындай байқаулар тәжірибеміздің одан әрі дамуына септігін тигізетіні айқын,– дейді Аяулым Қанатқызы.
«Қызықты география» үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істеп келе жатқан жаңашыл ұстаз жайында оқу­шылар үйінің директоры Салтанат Төлепбергенова: «Аяулымның осы са­лада 5 жылдық тәжірибесі бар. Оны аудан көлеміндегі өз саласын толық меңгерген мұғалімдер қатарына жат­қызуға әбден болады. Оған бүгінгі күні жеткен жетістігі дәлел. Бұдан бөлек қаншама байқауларда бағын сынап жүрген әріптесіміз оқушыны жаңа әдіс-тәсілмен оқытудағы негізгі модульдер­ді жақсы меңгергенімен көптен ерек­шеленеді» деді.
Бір ғана бағытта тоқтап қалғанды ұнатпайтын кейіпкеріміз өз саласына қатысты Қазақ ұлттық қыздар педа­гогикалық университетінің оқытушысы Айдана Оспанбаевамен бірігіп «Геог­рафия және табиғат» ғылыми педа­гогикалық журналына «Жайнаған жаң­ғырған жаңа өлке» тақырыбында Жаңа­қорған туралы мақаланы әзірлеп жатыр екен.
Көреген халқымыз әр кезде де ұстаз мәртебесін жоғары бағалаған. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп, бар жақсы ниет-тілекті ұстазға арнаған. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаз­дан басталады» деген. Әр уақытта ұстаз жоғарыда атап өткен жайлардың үдесінен шыға отырып, шәкірттеріне сапалы білім берсе, еліміз үшін еңбек етіп, үлкен жетістік пен оның жемісін көрер шәкірттер қатары артары анық.

Лаура БИБАСАРОВА
14 қаңтар 2023 ж. 204 0