Жаңа бекет пайдалануға берілді
Уақыт алға жылжыған сайын ауданымыздың келбеті көріктеніп келеді. Жыл сайын жаңа құрылыстар қарқын алуда. Ауылдың келбетін жақсарту, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ерекше ден қойылған.
Кентте кәсіпкерлік қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары толығып келеді. Кент келбетін көріктендіруде қалталы азаматтардың озық кәсібі ел тұрмысына да көп демеу. Сондай жанның бірі, сыр маржанын өсіруден жоғары өнім жинаған «Мырзабай» шаруа қожалығының төрағасы Әлмахан Мырзабаев кент орталығынан «QAZROSNEFT» жаңа май құю бекетін іске қосты.
– Жаңадан іске қосып отырған май құю бекеті жаңа жүйеде жабдықталған. Май сапасы мен қызмет көрсетудің ең жоғары талаптарына сәйкес автоматтандырылған. Автокөліктерге дизель АИ-92, АИ-95 маркалы бензинді құю тәулік бойы жүргізіледі. Бір мезгілде бірнеше көлікті қамти алады. Алдағы уақытта кент тұрғындарына жоғары қызмет көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шығамыз деген сенімдемін, – дейді кәсіп иесі.
Иә, стратегиялық маңызға ие жолдың бойында орын тепкен май құю бекетінде халық игілігі үшін кеңейтілген дүкен де ашылған. Бекетте жергілікті халықтан 10 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жүйткіген көліктер өтетін аумақта орналасқан бекет бір уақытта бірнеше автокөлікке қызмет көрсете алады. Бұл сөзімізді атаулы май құю бекетінің қызметін тұтынып жүрген жүргізуші Мақсат Әбдімәлік те растады. – Еліміз бойынша сапалы жанаржағармай жеткізу саласында бой көтеріп жатқан осындай нысанның ашылғанына қуаныштымыз. Бензин өте сапалы. Кейбір бекеттерден май құйсақ көлігіміз сыр беріп қалады. Ал, осы бекеттен құйған май сапасы тәуір екенін байқап жүрмін. Азаматтың жұмысына табыс тілеймін. Замандасымның кәсіпкерлік саласының қанат жаюына, бір жағы аудан тайқазанының молаюына үлесі зор деп есептеймін, – деген пікірін бүгіп қалмады.
Күре жолдың бойы кәсіпкерлікке кең өріс ашып отыр. Сондықтан, мұндай сервистік нысандар өз кезегінде экономикамызға тың серпін берудің бір тетігі. Жұмыссыздықпен күресте де, кәсіпкерлікті дамытуда да ынталыға қолдау зор. Өйткені, қай мемлекетте де алдымен экономикалық жағдай сарапқа салынады.
Күре жолдың бойында күніне мыңнан аса автокөлік өтеді. Сондықтан да, жол бойын табыс көзіне айналдырудың барлық мүмкіндігі бар. Еуропалық үлгіде салынған кешенде қоршаған ортаны ластамауға, магистральдық қауіпсіздікті сақтауға басымдық берілген. Айта кетейік, кәсіпкерлік нысан он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жанармай құятын кешенде сапалы бензин, дизельдік отыннан бөлек күнделікті сұраныстағы тауарлары бар тұтастай дүкен келушілерге ыстық және салқын сусын мен қажетті тауарларды қолжетімді етіп қойған. Кәсіпкер осындай үлгідегі жанармай құю бекеттерін алдағы уақытта тағы да ашуды жоспарлап отыр.
ва