» » Мәдениет үйінің жаңа басшысы

Мәдениет үйінің жаңа басшысы

Кеше Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысын тағайындады.


 «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі, «Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты», «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы», айтыс ақыны Әбілқайыр Әбілпаттаұлы Сыздықов 1971 жылы 23 қазанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентінде 14 ұл-қыз тәрбиеленген үлкен отбасында дүниеге келген. Әкесі - Әбілпатта қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленген еңбек адамы, анасы Абдреймова Асма – Батыр ана. Ә.Сыздықов Жаңақорған ауданындағы №3 мектеп-интернатында білім алып, мектеп қабырғасында жүріп өнерімен, ақындық қабілетімен таныла бастайды.

1991-1992 жылдары әскер қатарында болып, әскери борышын өтеп келген.
1992-1998 жылдары Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі, 1998-2001 жылдары жылжымалы мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі болып мәдениет саласында жұмыс жасады. Осы жылдар ішінде жұмыстағы жетістіктері үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қазақстанның Халық ақыны М.Көкеновтің шығармашылық өнер мектебінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Адырбек Сопыбековтен дәріс алды және Манап мектебінің алғашқы түлегі болды.

2001-2002 жылдары Жаңақорған кентіндегі қоныстық мәдениет үйінің директоры лауазымында жұмыс жасады.
Ә.Сыздықов 1995 жылдан бастап облыстық, республикалық ақындар айтысына қатыса бастады. Қазақстанның Халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, сондай-ақ республикаға танымал Қуаныш Мақсұтов, Лена Әбдіхалықова, Серік Ыдырысов, Аманжол Әлтаев, Кенжебай Жүсіпов, Оразалы Досбосынов, Мұхамеджан Тазабеков, Бауыржан Қалиолла, Айбек Қалиев, Бегарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Карима Оралова, Айнұр Тұрсынбаева, Жібек Болтанова, Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы, Талант Арынғали, Сара Тоқтамысова, Рүстем Қайыртай, Ринат Зайытов, Мақсат Аханов, Еркебұлан Қайназаров, тағы да басқа көптеген айтыс ақындарымен айтыс сахнасында бірнеше дүркін сөз бәсекесіне түсті. Төрт дүркін республикалық ақындар айтысының Бас жүлдесін иеленіп, 3 автокөлік мінді, осылайша айтыс әлемінде Жүрсіннің жүйріктерінің қатарына ілікті.

2000-2004 жылдары Түркістан қаласындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне сырттай оқуға түсіп, филология факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды.

2002-2004 жылдары Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің әдіскері қызметін атқарды.

2003 жылы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

2004 жылдың тамыз айынан 2007 жылдың қарашасына дейін Жаңақорған аудандық мәдениет бөлімінің бастығы лауазымында жұмыс жасап, 2007-2008 жылдары Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2008-2012 жылдары Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымында жұмыс жасап, 2012 жылдың сәуір-шілде айлары аралығында Қызылорда облыстық мәдениет басқармасына ауысып, басқарманың кадр жөніндегі бас маманы қызметін атқарды.

2013 жылдың 3 қаңтарынан бастап Жаңақорған ауданының денсаулық сақтау саласында құжаттама бөлімінің басшысы, баспасөз хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, ҚР-ның Мемлекеттік Рәміздері мен Мемлекеттік тіл жөніндегі жауапты маман қызметтерін қатар атқарып келеді.

Өнер саласындағы еңбектері мен жетістіктері бағаланып, 2000 жылы «Облыс әкімінің стипендианты» атанып, «Жылдың үздік ақыны» номинациясын иеленді. 2000 жылы «Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты» төсбелгісін алды. 2004 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қызылорда облысының 70 жылдығы», «Қызылорда қаласына 190 жыл», тағы да басқа бірнеше мерекелік төсбелгілермен марапатталды. 2013 жылы Һисамиддин Сығнақидың 880 жылдығына арналған іс-шаралар желісіндегі «Дүбірлі дүрмек» атты кітабы жарық көрді. Ә.Сыздықовтың «Тәуелсіздік толғауы», «Мен қазақпын», «Ана тілім – ар-намысым, айбарым», «Күншілдік», «Досқа сыр», «Астана», «Манап ақын», «Даңқты дала батыры», тағы да басқа 200-ге тарта өлең-жырлары мен көптеген арнау-жырлары бар. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталса, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ә.Сыздықов жергілікті сазгерлермен шығармашылық байланыста жұмыс жасап «Қазақ елі», «Жаңақорған», «Туған жер», тағы да басқа бірнеше әндердің сөзін жазды. 2019 жылдан бастап «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі.


06 қаңтар 2023 ж. 240 0