Нурисламның жеңісі
Сәрсенбінің сәтті күні әдетімізше ауыл-елдің ішіндегі жаңалықты жазуға жолға шықтық. Ат басын Шалқия кентіне бұрып, жағымды жаңалықтардың жаршысы болу мақсатында іздегенімізді таптық. Тың ақпаратты халыққа жеткіземіз деген ниетіміздің түзулігінен болар, сұрағаның алдыңнан іздемей-ақ табылар” демекші мақсатты түрде барған кейіпкеріміздің отбасынан үлгі боларлық бірнеше ақпардың куәсі болдық.
Күнделікті күйбең тіршілікпен өмір сүріп жатқан ауыл адамдарының болмысы, жаны таза. Берекелі шаңырақтың қазыналары Болатбек пен Малика есімді қарапайым ауыл тұрғындарының шаңырағына келіп, таныса кеттік. Шаңырақта ұл мен келінді тәрбиелеп, 4 немерені әлдилеп отырған Малика апа сөзінің басын 3-сынып оқитын немересінің бас қала Астанадан жүлделі оралғанын айтып, қуанышымен бөлісті. Баланың жетістігі ата-ананың қуанышы Нұрислам мектепте үздік оқушы. А.Әділов атындағы №86 мектептің бетке ұстар, дарынды шәкірті. Біз Нұрисламның жеңісі туралы тереңірек ақпарат алу үшін ұстазы Мейрамкул Нұржанқызымен тілдестік.
Байқауға біздің сыныптан 4 оқушы қатысып, барлығы бірдей 1 дәрежелі диплом алғанын көргенде төбем көкке жеткендей қуанышты сезімде болдым, – дейді ол. Жеті ай бойы балалармен бірге математикалық сауаттылықты, логикалық жұмыстарды орындап онлайн форматта жіберіп отырдық. Бұл форумға Қазақстанның түкпіртүкпірінен 750 оқушы қатысып, бақ сынаған болатын. «Балалар жылына» байланысты ұйымдастырылған іс шарадан күтеріміз көп болды. Алайда біраз уақыт хабар болмаған соң жеңістен құр қалдық деп ойлап едім, ұстаздар күні қарсаңында құттықтау хатты көріп, әріптестеріме қуанышымды жеткіздім. Бұл мерекеде тосыннан жасалған сый болды. Қуанышымда шек жоқ. Тәуелсіздік сарайында марапаттау рәсіміне қатысуымыз мен үшін де, шәкірттерім үшін де бір серпіліс болды, – деп ағынан жарылды ұлағатты ұстаз Мейрамкүл.
Ұстаз осылайша шәкіртімен мақтанады, оның киелі шаңырақта қызмет жасап келе жатқанына биыл міне, 30 жыл.
«Дарынды оқушы – Ұлт болашығы» атты форумның 1-ші дәрежелі дипломын қанжығасына байлаған бүгінгі кейіпкеріміз Нұрислам туралы апайы: «Ол өте ашық, ақкөңіл, ойын ашық айта алатын білімгер. Болашағынан күтерім көп» дейді.
Тұла бойына асыл қасиет дарыған қазақ баласы туған жердің, өсіп-өнген мекеннің жарқыраған жұлдызы болатыны сөзсіз. Атаанасы мен ұстазының үмітін ақтаған Нұрисламның келешегі кемел болатынына біздің де сеніміміз мол.
«Дарынды оқушы – Ұлт болашығы» атты форумның 1-ші дәрежелі дипломын қанжығасына байлаған бүгінгі кейіпкеріміз Нұрислам туралы апайы: «Ол өте ашық, ақкөңіл, ойын ашық айта алатын білімгер. Болашағынан күтерім көп» дейді.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ