Биыл әйгілі күйші Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына орай дәулескер домбырашының шығармашылығын дәріптеу бағытында жержерде мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Ән домбыра – Әлшекей» атты оқушыллар арасындағы облыстық күйшілер конкурсы. Шалқия кенттік мәдениет үйінде өткен облыстық жас күйшілер байқауына барлық аудандардан талапкерлер келіп, бағын сынады. Байқау шарты бойынша конкурсанттар бірінші Әлшекейдің күйін, екінші өз таңдауы бойынша күй орындауға тиіс болды.
Осы байқауға өз ауданымыздан қатысқан екі жас өнерпаз, бірі – Жанболат Бексұлтан 2 орынды иеленсе, екінші талапкер 9 жастағы Абдиллахан Айзере жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Аудан абыройын көтерген қос талап – Бексұлтан мен Айзеренің екеуінің бірдей ұстазы Айгүл Өтегенованы әңгімеге тарттық.
– Тәрбие атаулының ішіндегі ең құдыреттісі – өнер» деген сөздің мәні зор. Отыз жылдан астам еңбек жолымда менің түйгенім, өнерге жақын бала барлық жағынан озық, ақылпарасаты мол болып келеді. Табиғаттың тілін түсініп, сырсипатын қабылдауы да бөлек. Қос бірдей оқушымның оза шауып, бәйге алуының осындай сыры бар. Жүрекпен қабылдаған күй ырғағы саусақ шертісімен үйлескенде ғана шерлі сырды ақтарса керек. Оқушымның осындай ойлылығына сүйсінемін. Шынайы өнер иелеріне осындай қасиет тән, – деп ағынан жарылды ол.
Бексұлтанның әкесі Ерсұлтан көп жылдар аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман болып істеді. Қазірде ол Сунақата ауылдық округі әкімдігінде бас маман. Айтайын дегеніміз, Ерсұлтанның өзі де сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Кезінде сан мәрте «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысқан. Ақындығы да бар. Түрлі тақырыпта өтетін жазба ақындар мүшайрасында жүлделі орыннан көрінді.
Жақында фейсбук желісінде Қаратаудың етегіндегі кең майсада Ерсұлтанның өз ұлы Бексұлтанмен бірге қара домбыраны қолға алып, Құрманғазының күйін желдірткен бейнеклипі көкрермендерден жоғары бағасын алған еді.
Күй мектебінің атасы – қарашаңырақта құндақта жатқан кезінен құлағына сіңісті болған екен-ау деп ой түйген едік сонда. Міне, сол ойымыздың дәлелі, өнерлі жауқазын қатарластарынан дара озып шықты.
Қос бірдей жеңімпазды «Талант тұғырында» дәріптеп, оқырмандарымызбен таныстыруды мақсат тұттық. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, жасөспірімдер жеңісі желкілдеп өсіп келе жатқан балаларымызға жұғысты болсын!
Жасұлан Сейдеметов