Елдік мәртебеге ерекше көзқарас қажет
Жұма күні өткен аудан әкімдігі мәжілісінің күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе - ауданда Мемлекеттік Рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуы барысына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов хабарлама жасады. Ол осы қадағалау барысында жасалған сын-ескертпелер мен оның қорытындылары туралы тарқатты. Сонымен қатар сәуір айы аяғында қоғамдық даму басқармасы жанындағы мемлекеттік рәміздердің жай-күйін қадағалайтын инспекциялық топ өкілдері ауданда 50-ге жуық нысандарды аралағанын, соның ішінде кемшіліктер анықталған №125, №86 мектептері, мемлекеттік кірістер басқармасы мен қазынашылық бөлімі басшылығына ескерту жасалып, мерзімінде сыннан қорытынды шығарғанын айтты.
2015-2016 жылдары Жаңақорған кентімен қоса 3 елді мекенде – Аққорған, Ақүйік, Қожакент ауылдық округінде Рәміздер аллеясы бой көтерген. Бүгінде осы аллеялардың келбеті атына сай емес. Елдің тұғырын, тұтастығын білдіретін мемлекеттік атрибуттарына мән берілмей, бояуы оңып, ескірген. Күнделікті адам кіріп, пайдаға аспағандықтан қараусыз құлазып жатқан аллея ішін жабайы шөп басып кеткенін сынға алды. Бөлім басшысы одан әрі аудан көлемінде мемлекеттік рәміздерді насихаттауға байланысты өткен іс-шараларға тоқталды. Солардың ішінде ең негізгісі – Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің туған жерде болып, жұртшылықпен кездесуінің тағылымдық мазмұнын айрықша атады.
Жалпы бір орталықтан таратылатын Мемлекеттік Рәміздер үшін 2 726 800 теңге қаражат жұмсалды. Ендігі міндет осы құндылықтарды құрметтеп ұстап-тұтынуға барынша жанашырлық көзқарас қажет.
Хабарлама барысында слайдта көрсетілген Рәміздер аллеясының есігін құлып күзеткен көрінісі ауыл әкімдерінің күнделікті жұмысына көзқарасының қаншалықты деңгейде екенін танытқандай. Бұл турасында аудан әкімі жауапты тұлғаларды орнынан тұрғызып, ескерту жасады. Ауылдағы қоғамдық орынның есігіне құлып салынғанда көпшілік тәрбие жұмысына қалай тың серпін беруге болады? Әкімшілік, мектеп, ата-ана бірлесіп ұйымдасқан шаралардың кемдігінен жас буын тәрбиесі тұғырынан тайып, ел мәртебесіне мән бермеудің ақыры құндылықтарды аяқасты етіп, ауыл мәдениеті мәнісінен ажырап қалмай ма? Осы тұрғыда тиісті тараптарға әкімнің қойып отырған талабы орынды. Ауыл ажарын ашып тұрған Рәміздер алаңы ел тұрғындарының басын бір бағытқа жұмылған берекелі бастама, салмақты сабақтастық, жарқын да, жасампаз болашаққа бастайтын қасиетті орын ретінде қамқорлықтан қағажу қалмауы тиіс. Оның айналасында жүргізілуге тиісті жұмыстардың талап тұрғысында ұйымдастырылуы ұрпақ тәрбиесін тіктеп қана қоймай, халықтың тұтас тұрмыс-тіршілігіне оң нәтиже беретіндігі, бұған ауыл активі ынтымақты жұмыс жасауы қажеттігі ескертілді. Тиісті жұмысына салғырт қараған ауыл әкімдеріне көптің алдында сөгіс алып, қызаруына тура келді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Бөлшек және көтерме сауданың негізігі индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев баяндама жасады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда айналымы 6094,9 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда индекс өсімі 101,6 пайызды құрады. Ал көтерме сауда көлемі 897,6 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда индекс өсімі 492,2 пайызды құрады. 2022 жылдың 1 ақпанына бөлшек сауда айналымы 321,3 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда индекс өсімі 90,9 пайызды құрағанын айтты. 2022 жылдың 1 мамырына бөлшек сауда айналымы 1741,1 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда индекс өсімі 104,6 пайызды құраса, көтерме сауда көлемі 320,33 млн теңіге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 156,9 пайыз құрап отыр екен. Кейінгі жылдары көтерме сауда көлемінің артуы әк өнімдерін өндіретін "Премиум Класс-строй» ЖШС, «ОСТ» ЖШС-ның өндірген өнімдерін көтерме саудада сатуының есебінен болып отырғанын айтты.
Хабарлама бойынша бөлім басшысына нақтылы сауал қойып, мемлекет белгілеп берген индикатор көрсеткіші дұрыс болу керектігін ескерткен аудан әкімі басқа аймақтарға қарағанда біздің ауданда кәсіптің жақсы дамығанын алға тартып, оларда бөлшек және көтерме сауданың нақтылы санын анықтап, ай сайын есептің орындалуын қамтамасыз етуді, сондаяқ аудандық статистикалық басқармасына көтерме және бөлшек сауда бойынша статистикатық есеп тапсырмағандарды іріктеудің методикасын енгізу қажеттігін айтты.
Әкімдік мәжілісінде қаралған екі мәселе бойынша қаулы қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді.
Баян ҮСЕЙІНОВА