Жүректің шашып жылуын
Кісі баласы қаншама жетістікке жетіп, өмірдің шыңын бағындырса да көңілінен кетпейтін бір есім – ұстаз тұлғасы ешқашан аласармақ емес. Өйткені ғалым да, дана да, көсем де, шешен де ұстаздан тәлім алады. Оның аналық мейіріміне бөленіп, бүкіл қадір-қасиетін бойына сіңіреді. Осы тұрғыдан келгенде, алғаш мектеп табалдырығын жатырқай аттағанымызда алдымыздан анамыздай болып жарқылдап қарсы алып, қолтығымыздан сүйеп, сыныбымызға әкеліп партамызға отырғызған Бейбітова Аманкүл апайымызды әркез сағына еске алып, жылылық үйіріліп тұратын аққұба келбетін іштей аңсап жүретініміз жасырын емес.
Сыныптастар әрқайсысы әр жақта, «А» әрпін алғаш үйретіп, өмірге көзімізді ашқан ұстазымызды қуантудың жолын қарастырып, биыл жетпіс жасқа толатын апайымызға тосын сый жасауды лайық деп таптық.
Өмірде барлық нәрсе өткінші. Өзгермейтін бір нәрсе – ең жақын адамыңа деген сый-құрметіңнің шынайылығын дәлелдеу деп түйдік. Ұстазымызға деген жүрек түкпірінде жатқан балалық махаббатымыздың ұшқынымен бүгінде қария жасына жеткен ардагер апайымызды жылытпаққа бәріміз бас қосып, ізет-құрметімізді білдірдік.
Бәрімізді ә дегеннен танып, балалық кездегі қылықтарымызды әңгімелеп, апайымыз шат-шадыман қуанып қалды. Өзі он жыл сынып жетекшісі болған оқушыларының мінез-құлқын, еркелігін, балалығы мен шалалығын көтере білген кең жүректі апайымызға біз де перзенттік тілегімізді білдіріп, көп қателіктеріміз үшін кешірім сұрадық. Нұрсұлтан, Алматы, Екібастұз, Шымкент, Түркістан қалаларынан, әрісі Арал, берісі Жаңақорғаннан жиналған түлектері бүгінге дейін жеткен шың-белестеріміз туралы есеп бергендей болып, арғы-бергімізге ой көзімен қарап, ақталып та, мақталып та жаттық.
1985 жылы аудан орталығындағы №163 мектепті бітірген түлектері бүгінде жарты ғасырдың желкенін бағындырып, өмірден өз орнымызды алып үлгірген екенбіз. Соның барлығында біздерді адамгершілікке, әділдікке, жан тазалығына баулыған Аманкүл апайымыздың ерен еңбегіне қарыздар екенімізді мойындап қана қоймай, ұстаз алдына келіп тағзым етіп, бас игенімізді зор мәртебе деп санадық. Мойнымыздан бір міндет түскендей үлкен қуаныш бар көңілде.
Ол – ұстаз алдындағы адалдық. Ананың ақ сүтінің өтеуі қандай болса ұстаз еңбегінің өтеуі де сондай. Аман жүріңіз, Аманкүл апай! Сіз үшін шәкіртіңіздің шыққан шыңы - марапаттың үлкені ғой. Біз сіздің адал еңбегіңізді ақтауға тырысамыз.
Шәкірттері атынан
Жанат Исаханова