Кент келбеті келісті көрінуі керек
Соңғы жылдары Жаңақорған кентінде жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, әлеуметтік мәселелер кезең-кезңімен шешіліп келеді. Дегенмен кем-кетік тұстарының да барын айту керек. Өркендеу бар жерде тұрғындардың талап-тілегі де көбейе беретіні заңдылық. Ауыз су, жол мен жарықтандыру және интернет мәселесі кент тұрғындарын көбірек мазалайды. Биыл ауданда қандай жұмыстар атқарылады, жыл басынан бері жүзеге асқан жобалар бар ма? Бұл жөнінде кент әкімі Сардармұхамедуәлі Садықов кезекті есеп беруінде жауап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері экономиканы өркендету, халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейін көтеру, басқару саясатын дамыту және өзге салалар бойынша біршама тапсырмалар берді. Сондай-ақ «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында халық көтерген мәселелерді шешу жолдары мен Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдары бойынша нақты міндеттер жүктеді. Ең бастысы, барлық деңгейдегі әкімдерге жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, тоқсан сайын елмен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдауды тсапырды. Бір сөзбен айтқанда, әкімдер бұқарамен тығыз байланыс орнатып, олардың әлеуетін көтеруде қызмет ету керек. Енді жауапкершілік жүгі еселене түседі.
Кент әкімінің есеп беруінде ел ағалары мен әйел аналар жеке мәселелерін де бүгіп қалмады. Қалай десек те ел тілеуі ескерусіз қалмайтынын кент басшысы жеткізді.
– Біз кент тұрғындарымен биылғы жылдың ішінде бұған дейін де бірнеше мәрте кездестік. Кездесу барысында өзекті мәселелер айтылып, шешілу жолдары да талқыланып, тиісті жұмыстар жоспарланған. Кент тұрғындарының мәселесін тыңдауға кез-келген уақытта дайынбыз және мәселелерді шешуде өздеріңізбен етене жұмыс жасайтынымызды айтқым келеді, – деп әкім есебін бастады.
Баяндама алдымен тазалық, абаттандыру жұмысымен басталды. Иә, тазалық ең өзекті тақырып, әсіресе кент келбеті тазалығынан көрінеді. Сондықтан әр апта сайын бөлімдер мен мектеп техқызметкерлері сенбілік жұмысын жасауда.
– 2022 жылдың І тоқсанында тазалық жұмыстарына 35 млн 129,0 мың теңге, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына 26 млн 253,0 мың теңге, көше жарығын күтіп ұстау жұмыстарына 10000,0 мың теңге қаралды. Аталған қаржы негізінде мемлекеттік сатып алу жүргізілді. Тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша «Жігер» ЖШС, гүл егу, күту және тал егу,күту жұмыстары бойынша «Ұшқын» ЖШС, аяқ сумен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша ДК «Кунназаров Есенбек», көше жарығын күтіп-ұстау жұмыстары бойынша «Шиелі Жарығы» ЖШС жеңімпаз болып танылып, мердігерлер тиісті жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар биыл аудандық мәслихат сессиясына 638 млн 277,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім өткіздік. Бюджеттік өтінімде 3 көшенің жарығы, 28 көшеге тас төсеу, 2 балалар ойын алаңқайын салу, 5 көшеге асфальт төсеу және абаттандыру жұмыстары қамтылған. Қаржы көлемінің жетіспеушілігіне байланысты 162 млн 789,0 мың теңге ғана мәслихат сессиясында қолдау тапты, – деді кент басшысы.
Енді тас төсеу жұмыстары бойынша қолдау тапқан көшелерге тоқталайық.Тізімде 20 көше жазылыпты, алайда енбей қалған көшелерге де жыл соңына дейін жұмыс жасайтынын естідік. Қодас Жүнісбеков, Сүлеймен Мұстафаев, Үндемес Есенбеков, Қадір Қайнекеев, А.Мұхамеджан көшесінің жанындағы темір жол жағасындағы көшеге және Досжан мен Бостандық көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Сол секілді Саяжай мөлтек ауданының қиылысы, Теміржол өткелі бұрылысынан бастап Нәрзілдә Қалилаев көшесіне дейін, Ә. Молдағұлова қиылысына, Саяжай мөлтек ауданындағы Д.Шоманов, Ә.Ержігітов, Т.Құлымбетов, Желкілдек, Қ.Жақыпов, Т.Абенов көшелері қиылысына, С.Қожанов пен Пахырдинов, А.Накипов пен О.Ахметов көшесі, А.Шонабаев, С.Молдалиев, Байдуйсен мен Үрзімат Мадиев көшелерінің қиылысына Тәуелсіздік көшесіндегі айналма жолды тегістеу жүмысы жүргізілмек. МАИ бекеті мөлтек ауданының, Б.Искаков көшесінің, Алтынсарин және Аралбаев көшесінің қиылысына және ескі №125 мектіптің алдына тас төселеді. Олардың қаржысы маңызды емес, ең бастысы сапалы жұмыс болса игі.
– Жұмыспен қамту орталығы ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізу, Саяжай мөлтек ауданы мен А.Құнанбаев көшесінің бойына бір балалар ойын алаңқайын салу, Ы.Алтынсарин көшесіне арка орнату жұмысы жүзеге асады. Ескі №125 мектептен жаңа №125 мектепке дейін тротуардың жанына көше жарығын орнату мәселесі де биыл шешімін табады. Аталған жұмыстар бойынша қаржы кент әкімдігіне берілді және қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлер анықталуына сай алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Жаңақорған кентіне кіріп шығатын айналма жолға, яғни Тәуелсіздік көшесі мен М.Абдуллаев көшелерін байланыстарын жолды орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және А. Құнанбаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары үшін облыстық бюджетке өтінім ұсынылды, деді С.Садықов.
Есеп беру соңы сауалдар жолдаумен түйінделді. Алдымен Сырғагүл Болғанбаева апайымыз ұсынысын жеткізді. 36 жыл көше комитеті болған апай Есболғанов көшесіне жарық орнатылса деген тілегін әлі айтып келеді. Әкім бұл мәселені арнайы комиссия арқылы талқылап, шешілу жолын қарастыратынын жеткізді. Құрбанай Майлыбаев ұсынысында Н.Түршеков көшесінен №125 мектепке барар жолдағы трансформатордың жиі сөнуі, Бостандық көшесінің асфальті мен сол №125 мектептке барар жолдағы темір жол тұсына тротуар орнатылу қажеттігін сөз етті.
Әр сауал қойған тұрғын өз көшесінің мәселесін айтып, қолға алуын сұрады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ