» » Ауыз судың игілігін қашан көреміз?

Ауыз судың игілігін қашан көреміз?



Жаңақорған ауданында 35 елді мекен топтасса, оның 32-сі орталық­тандырылған ауыз су жүйесімен қам­тылған. Ауданда 2020-2021 жылдары «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы аясында «Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» құрылысы жобасы іске асырылды. Алайда, жаңақорғандықтар күткендей жұмыс жасалмады.

– Бас мердігер – «ҚАЗқұрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дәрменсіздігінен құрылыс жұмыстары басталғалы бері 194 ша­қырымның тек 164 шақырымына ауыз су құбыры жүргізілген. Осыған орай Қызылорда облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы сот отырысының қорытындысына сәйкес, аталған мердігер мекеме мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды және мердігерден тұрақсыздық айыбының сомасын өндіру туралы шешім қабылданды. Жоба аяқсыз қалғандықтан, құрылыс жұмыстарын толық аяқтауға 155 млн 338,0 мың теңге қаржы қайта бағыттау сұралуда, – деді Қ.Сапарбаев.
Шіліңгір шілдеде, жалпы жаз айларында Жаңақорған кентінің тұрғындары су тапшылығының зардабын көреді. Оның басты себебі, қазіргі таңда пайдаланып отырған «Тақыркөл» бас су алғышынан жеткілікті ауыз су қорын алмауда. Осыған орай, «Тақыркөл» бас су алғышынан №1 сорғы станциясына дейін магистральды су өткізгішінің екінші желісін салу құрылысы» ЖЖ жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаны қаржыландыруға облыстық, республикалық бюджеттік өтінім жолданған.
– Жаңақорған ауданы Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма елді мекендерін сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 2021 жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ЖСҚ әзірленді. Қазіргі таңда аталған елді мекендер сараптаманың оң қорытындысын алуға тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді бөлім басшысы.
Иә, бұл жобаны жоспарлы аяқтау талабы бірінші орында тұрғаны ақиқат. Өйткені дәл мұндай ірі бастама енді жақын арада жүргізілмесі анық. Сондықтан мүмкіндігінше тез, әрі сапалы жүзеге асырылғаны абзал. Оы орайда, әрбір үйге кіргізілген су құбырының орны шұрық-тесік болып, көліктер жүруіне кедергі келтіруде деп тұрғындар шағым айтуда. «Бұл мәселені реттейміз, барлығына кінәлі мердігер мекеме, енді бюджеттен қаржы сұратып, осы олқылықтардың орнын толтырамыз. Бәрінен бұрын, ауыз су жағдайын рет­теп алайық» – деді жауапты сала басшысы.

Әли ТЕМІРБЕК
16 сәуір 2022 ж. 248 0